- Негізгі бет
- Тұлға
- 15 мамыр -...
15 мамыр - Исраил Сапарбайдың туған күні
Бүгін, 15 мамыр - қазақтың дарынды ақыны, әрі драматургы Исраил Сапарбайдың өмірге келген күні. Осыдан жетпіс екі жыл бұрын 1941 жылдың көктемінде дүниеге келген сәби бүгінде ел ағасы атанды. Қазақ эстарадасы мен қазақ театр өнерінде және төл поэзиямызда шоқтығы биік шығармаларымен талай шыңды бағындырған Исраил Сапарбай өзбек жерінің тумасы. Ол Өзбекстан жерінің Самарқанд облысында Кушрабад ауданында туылды.
Исраил Сапарбай алғашқы жоғарғы білімін Шымкент педагогикалық институтының филология факултетінен алды. Оқуды бітірген соң бірнеше жыл облыстық «Оңтүстік Қазақстан» газетінде жұмыс істеді. Содан кейін 1975 жылы Алматы жоғары партия мектебін бітірді. 1976-1983 жылдары Қазақстан Жазушылар одағының Шымкент облысаралық бөлімшесінде әдеби кеңесші қызметін атқарып, 1983 жылдары «Жалын» баспасына аға редакторлыққа ауысты.
1984-1985 жылдары «Қазақ әдебиеті» газетінде поэзия бөлімінің меңгерушісі болып қызмет етті. 1985 – 1992 жылдары «Жазушы» баспасында поэзия бөлімін басқарса, кейінірек«Қазақфильм» телестудиясы бас редакторының орынбасары болып та жұмыс жасады.
1997 – 1998 жылдары Сыртқы істер министрлігі ТМД елдері бойынша департаментінің 1-хатшысы, 1998 – 99 жылдары Өзбекстан Республикасындағы Қазақстан елшілігінде 2-хатшы қызметтерін атқарды.
Исраил Сапарбайдың алғашқы бір топ өлеңдері 1975 жылы «Көктем тынысы» ұжымдық жинағында жарық көрді. Ақындық әлемде аты шыққан ағамыз Республикалық «Жалын» бәйгесінің жүлдегері де болды.
Осы уақытқа дейін оның қазақ музыкасы қоржынын70-ке тарта әндер мен 150-ге тарта ән мәтіндерімен байытты.
Ол тек қазақ поэзиясында ғана емес қазақ драматургиясында да елеулі еңбек етіп келеді. Осы уақытқа дейін оның «Ауылдан келген ару», «Әмір-Темір», «Абай-Тоғжан», «Сыған серенадасы», «Махаббат мейрамы», "Қыз мұңы", "Махаббат мен ғадауат" (аударған) пьесалары театр сахнасында қойылып жүр.
«Сыған серенадасы» (М. Әуезов атындағы театр)
"Қыз мұңы" (М. Әуезов атындағы театр)
"Махаббат мен ғадауат" (Ғ. Мүсірепов атындағы театр)
Ол Түркі поэзиясы Халықараралық фестивалінің, Қазақстан Жазушылар одағының І.Жансүгіров атындағы сыйлығының және Тәуелсіз «Платиналы Тарлан» сыйлығының лауреаты атанды.
Жетпіс жастың екеуіне шыққан Исраил ағамызды бүгінгі туған күнімен құттықтай отырып, отбасына амандық, деніне саулық саулық тілейміз!
Дайындаған: Ақерке Әбілхан
Суреттер: halyksozi.kz, alashainasy.kz, afisha.nur.kz
А. Әбілхан