Әлемнің ең ықпалды әйелдері рейтингінде Гүлжан Молдажанова АҚШ ханымы Лора Буш пен Ұлыбритания ханшайымы II Елизаветаны және бірнеше президенттерді шаң қаптырып кетті.
Әлемнің ең ықпалды әйелдер тізімін үш жыл қатарынан Германия канцлері Ангела Меркель бастап келеді. 2005 жылы бірінші орында болған АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Кондолиза Райс бүгінде 7 орынға түскен. 17 орында Украинаның премьер-министрі Юлия Тимошенко, ал 21 орынға Үнді ұлттық конгресі партиясының көшбасшысы Соня Ганди тұрақтаған.
Бұдан өзге тізімде 6 президенттің есімі де аталған. Рейтингке БАҚ-та жиі есімдері аталып жүрген қалталы әйелдер ғана кіреді.
Қазақ әйелі Гүлжан Молдажанова тізімде 37 орынды иеленген. Ол бүгінде ресейлік «Базовый элемент» холдингінің бас директоры қызметін атқарады.
Батыстың басылымдары оны «әлемдегі ең қалталы азаматтардың бірі, алюминий патшасы Олег Дерипаскидің оң қолы» деп атап жүр. Әлемдік танымалдыққа ие болғанына қарамастан, Гүлжан Молдажанованы Қазақстанда білетіндер көп емес.
Forbes Молдажанованың өз мансабын хатшылық қызметтен бастағанын жазады.
«Қазақстанда дүниеге келген Гүлжан Молдажанова Дерипаскидің көлікке қосалқы бөлшектер, құрылыс және ядролық энергетиканы қамтамасыз ететін корпоративті жоспарларына айтарлықтай әсер етеді», – деп жазады Forbes.
Гүлжан 1966 жылдың 11 маусымында Алматыда дүниеге келген. Мамандығы – физик. 27 жасында ғылым кандидаты атанған Гүлжан Мәскеуде ғылыми жұмыстармен айналыса бастайды.
Неміс басылымы Handelsblatt 1995 жылы Гүлжанға өзінің бұрынғы курстасы Олег Дерипаскеге жалданып жұмыс істеуіне тура келгендігін жазған. 200 доллар жалақыға хатшылық қызмет еткен Гүлжан екі аптадан кейін қаржы директорының көмекшісі болып көтеріледі.
1990 жылдың аяғы мен 2000 жылдың басы аралығында Молдажанова Олег Дерипаскидің компанияларында басшылық қызметтер атқарады. 2005 жылы ол Ресейдегі ең ірі қаржылық «Базовый элемент» компаниясын басқарады. Бүгінде Дерипаскидің алюминий компаниясы әлемдік нарықта екінші орында тұр.
Гүлжанды Forbes-тан бөлек америкалық Fortune журналы да екі рет әлемнің ең ықпалды 50 әйелінің тізіміне енгізген. Оның есімі Wall Street Journal-да да кездеседі.
Ал ресейлік «Известия», «Финанс» және «Карьера» басылымдары оны «алюминий ханымы» атап кеткен.
Гүлжан өз мансабын Қазақстанда жасау мүмкін еместігін жасырмайды.
“Қазақстанда мансап жасау мүмкін емес: экономика өзгешелеу дамыған, шығыс дәстүрінің әсері көп. Бізде әйелдің бизнесте болуын қабылдай бермейді. Ал ғылым қуаласа, нәзік жандыларға жол ашық”, – дейді Гүлжан.
Дереккөз: Nur.kz