Зұлпықар (поэзия)

Осыған дейін 1-ші тамыздан 15-ші қазанға дейін Қазақстанда балалар әдеби байқауы өткізілетіндігі туралы хабарлаған болатынбыз. Байқауға қатысуға қазақстандық мектеп оқушылары мен 18-ге толмаған кәсіби оқу орындары және жалпы білім беру мекемелерінің оқушылары шақырылады. 

Екінші халықаралық «Полифония» әдеби фистивалінің шеңберінде өтетін «Балалар әдеби конкурсы - 2015» байқауына қатысуға ниет білдірген  Марат Амандықұлы Қанидың туындыларын назарларыңызға ұсынамыз.

Марат Амандықұлы Қани - 1997 жылы қыркүйек айының 23 жұлдызында Маңғыстау облысы, Түпқараған ауданы, Ақшұқыр ауылында дүние келген. Қазіргі таңда Оңтүстік Қазақстан облысы, Түркістан қаласы Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті, филлология фокультетінің 1-ші курс студенті. Облыстық, республикалық жазба ақындар мүшайрасының жеңімпазы. Өлеңдері түрлі деңгейдегі басылымдарға енген. Түпқараған ауданы жастарының арасында өткен «Жас Сұңқар - 2014» жастар премиясының «Үздік жас ақын» номинациясының иегері.

Зұлпықар

Құлдырасам бағым тайып қиядан,

Қалай ғана көр ішіне сыя алам?!

Тағдырымның табытында жатамда,

Өмірімнен ерекше бір сый алам.

 

Жүрегімді кернеп өтсе Ата-мұң,

Ащы дәмін ақиқаттың татамын.

Құлағымды жер бетінде қоямда

Қабірімде санамалап жатамын.


Қаратаудың көші кетіп басынан,

Боз інгенді бара жатыр басып ән.

Қаралы жыр қасқайып тұр көгінде

Азалы әуен арылмаған қасынан.

 

Аңыраған бота-құлын қармаулы,

Ғұмырына орап алған торлы ауды.

Торғауытты тағынатын ерлер аз

Бес қаруы белдігінде сайлаулы.

 

Қырандарды қағып түскен қиядан,

Қалай көкті қарғаларға қия алам?!

Қара ниет қонған шақта төбеңе

Балапаның ұша алмайды ұядан!

 

Бөрі мінез сынға түссе егесті,

Арлан болған көкмойнақтар емес-ті.

Көкжалмыз деп айтамыз-ау бұл күнде

Шибөрілер бастап тұрған кеңесті.

 

Алты алаштың орнар болса аты нық,

Ұрпақ шығар орынынан атылып.

Келешегін кемел елдің «бұзбауда»

Шараналар шүберектей сатылып.

 

Жанарыңнан жаутаңдаған кетер мұң,

Жалтақтаған жарыбайлы өтер күн.

Жаңбыр жауса тығыларсың астына

Қолшатыры пана болып бөтеннің!


Біздің құста өзгесімен тең ұшты,

Қолдан оңай жібермейік жеңісті.

Жарамызды бізде жазар едік-ау,

Тірлігіміз түзу болса келісті!

 

Еркіндікпен жүрміз солай тыныстап,

«Тағдыр» дейміз жолыққанда таныс бақ.

Күншілдіктің дәуірінен өтейік

Көзсіздердің арасынан алыстап.

 

Сергелдеңге қилы кезең салды елді,

Бақыт өлді, қуаныш та, қайғы өлді.

Тек білімге сену деген заманда

Зұлпықардай қиып түсу қалды енді.

 

Жаңа жылдағы жарық шамдар

Жылатып тағы жанымды менің,

Жарқылдап тұрған жарықтар мынау.

Тар жалғандар да таланған едім,

Ұғынар мұңды ұғымпаз жоқ-ау.

 

Көшенің бәрін әшекей орап,

Келбетін ашқан шыршаларменен.

Адамның бәрі аспанға қарап,

Сақалды шалды құшады екен.

 

Сәндікпенен бақтарын байлап,

Көкелер біздің ақымақ сынды.

Басынан соңғы ақылын айдап,

Ұмытар істі ұлтына құнды.

 

Осылай жүрген жайымыз біздің,

Қадірін білмей тәуелсіз елдің!

Санасыз билік түбіне құздың,

Қазақты қалай құлатпақ едің?!

 

Желтоқсан десе жаңа жыл емес,

Естілу керек жастардың үні.

Алматы жақты кезеді елес,

Сүйекті сырып Өзеннің мұңы!

 

Бұл сәт біздер қуанамыз неге,

«Еркіндік» дейміз ұранға салып.

Қан төгілген қаралы күнде,

Еңіреу керек егіліп алып.

 

Желтоқсан болып ұлыған желді,

Әумесер жандар ұрлады тағы.

Биледі және пақырлық елді,

Аяқта қалып алаштың ары!

 

Өткеннен қалған бір елес немесе атам жайлы үзік сыр

Өткен күндер сағым болып кешегі

Жайлау жақтың салқын желі еседі.

Торы атпен мал қайырып кешқұрым

Келе жатқан атам еске түседі.

 

Балалық ғой аңғармаппын саналап,

Деуші еді «Шаңыраққа – бала бақ!»

Ат үстіне мінгізіп ап жетекте

Деп шығамын алдынан мен «Аталап!»

 

Тіршіліктің жаппаса да түндігін,

Кішкентайдың танытардай ерлігін.

Ер-тоқымға жайғастырар ақырын

Тізгін қолда құтқарады енді кім?

 

Жерден биік тұрғаныма мақтанып,

Жібердей болад қамшы сап қалып.

Жортақтаса шапқанымдай әкеме

Өрбітемін әңгімені ақтарып!

 

Немереден айналғандай мауқы бір,

Жүген ұстап жүруінің алды бұл.

Марабайым, қане кеттік жүр енді

Алдымызда жатыр, әне, алты қыр.

 

Еркелеткен сөздеріне тоймастан,

Шала-шарпы шайды ішіп болмастан.

Ертелі-кеш атам кеткен жол жақты

Күтіп жүрем бір сәткеде тынбастан.

 

Бала көңіл алаңдайды кей уақта,

Күтіп тұрам... Келмесе де бірақта!

Кейде түстен оятады бір бейне

«Шарабайым, бермен келші, мін атқа!»

Шығармалар мен байқауға қатысуға өтініштер litshkola@gmail.com электронды поштасына қабылданады.