- Негізгі бет
- Отандасыңды оқы
- Зияш Телеу: "Не...
Зияш Телеу: "Не жазсам да халқымның менталитетін ескермей кете алмаймын"
Зияш Телеу – детектив жанрына қалам тартушы, жазушы, журналист. 1970 жылы Ақтөбе облысының «Коммунизм жолы» (қазіргі «Ақтөбе») облыстық газетіне қызметке шақырылып, осы газетте 30 жылға жуық журналист болып қызмет атқарды. Сол жылдары басылымдағы ерен еңбегі үшін бірнеше дүркін Қазақстан Журналистер Одағының Құрмет грамотасымен, КСРО-ның «Баспасөз қызметінің үздігі» медалімен марапатталды. Екі мыңыншы жылдардың басында прокуратура органдарында мемлекеттік тілдің маманы, аудармашы болып қызмет жасады. Қазіргі кезде Бас Прокуратураның республикалық «Құқықтық Қазақстан» газетінің Ақтөбе облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етеді. 2013 жылы «Банкирдің өлімі», «Махаббаттың ажалы» атты романдары «Жазушы» баспасының «Жаңа заман әдебиеті. Проза» сериясымен шықты. Балаларға арналған «АБКА тобы ашқан қылмыс» детектив сериясының авторы.
— Зияш ханым, фестивальға қош келіпсіз, бізді қызықтыратын мәселе қазіргі қазақ тіліндегі детектив жанры – өте сирек жанр. Детектив авторы болайын деген ой сізге қалай келді? Білеміз, сіз прокуратурада бірнеше жыл мемлекеттік тілдің маманы, аудармашы болып қызмет істeдіңіз. Бұл қызмет сіздің қаламгерлік жұмысыңызға пайдалы мәліметтер берді ме?
— Детектив жанры тек қана қазақ әдебиетіндегі сирек жанр. Бірақ тіпті түк жоқ деп ауызды құр шөппен сүртуге болмайды. Бізде оқиғасының баяндалу шытырмандығы кез келген детективке бергісіз әдеби шығармалар бар. Жалпы біздің халқымыздың менталитеті – жәй қозғаламыз, сосын жаңалықты бірден қабылдай қоймаймыз. Детектив жанры – бірнеше ғасырдан бері әлем әдебиетінен ойып орын алған жанр, сонымен қатар қазіргі заманда шетел оқырмандарын айтпағанның өзінде, біздің оқырмандарымызды өзіне толайым қаратып алған жанр. Оның басты себебі – оның желісінде заман сарынының, өмір көріністерінің деректері басым, оның басқа әдеби жанрдан ерекшелігінің өзі сонда.
Дұрыс айтасыз, бір кезде прокуратурада аудармашылық қызметте жасадым. Бірақ мен кәсіби журналистпін. Мен қандай қызмет жасасам да, жазбай отыра алмаймын. Сондықтан аудармашылық қызметті де жазумен ұштастырып, бірталай детектив туындыларын тәржімаладым. Олардың жазылу стилін, оқиғаларының өрбуін зерттеп, көп нәрсе үйрендім. Қазіргі кезде Агата Кристидің «Тайна семи циферблатов» кітабын қазақшаға аударудамын. Бұл кітапты таңдаған себебім, жалпы жеті саны мұсылмандарға жақын, осы түйсікпен шығармаға назар аудардым. Дегенмен, кейбір кітаптардың түпнұсқасынан орыс тіліне аударылғанда көптеген өзгерістерге ұшырайтындығын ескерсек, бұл аударманың қандай дәрежеде болатынын әзірге айта алмаймын. Мақсатым – классикалық туындыны қазақ оқырмандарына ұсыну.
Мен кәсіби журналиспін. Аудандық газеттен бастап, облыстық, республикалық басылымдарда 40 жылдан астам тілші болып еңбек еттім. Қазіргі таңда менің түрлі көкейтесті мәселені көтерген мақалаларым республикалық: «Жас Алаш», «Ана тілі», «Дат», «Заман Қазақстан», «Құқықтық Қазақстан» т.б. басылымдарда жарияланып келеді. Тек уақыттың жетімсіздігінен ғана көптеген ойда жүрген мәселелерді ағымдық басылымдар бетіне жиі шығаруға үлгере алмаймын. Ал детектив жанрына қалай келгенімді айтатын болсақ, мен детектив жанрындағы шығармаларды о баста сүйіп оқитынмын. Әсіресе Ш. Абдуллаевтың, Б.Акуниннің, Джеймс Хедли Чейздің шығармаларын бір рет емес, бірнеше рет оқып шығам. Агата Кристидің кітаптарын бала кезімнен оқимын. Осылардың ішінен бүгінгі күннің өзекті мәселелерін шығармаларына арқау етіп, оны жедел жаза білетін әзірбайжан жазушысы Шыңғыс Абдуллаевтың романдары мен үшін өте құнды, мен осы жазушыға қатты еліктеймін. Ал прокуратура органында аудармашы болғаныңыз шығармашылығыңызға көмектесті ме деген сұрағыңызға, бұл кезеңдегі өмірім әдеби салада емес, адамдардың мінез-құлқын зертеуіме көмектесті десем қателеспеймін. Себебі, прокуратура қылмысты істердің мән-жайы терең жазылған құжаттарды, аудармашыға бере бермейді. Бірақ шығармашылық тұрғыда ізденуіме көптеген жеңілдіктер, мүмкіндіктер туды.
— Сіз балаларға және ересектерге арналған детектив кітаптар жаздыңыз. Мен өзім «АБКА тобы ашқан қылмыс» деп аталатын жеті хикаядан тұратын кітабыңызды рахаттанып оқып шықтым. Сіздің ойыңызша, үлкендер мен балаларға арналған детективтің арасында айырмашылық болу міндетті ме? Қандай құбылыстар балалар детективтерінде болмауы керек?
— Әрине, балаларға арналған шығарма басқа деңгейде, басқаша ой-өлшеммен жазылуы керек. Мен бірінші қадамымды балаларға арналған шытырман оқиғалы кітап жазудан бастадым. Себебі, бізде балаларға арналған оқиғасы қызықты, қазіргі заманның көріністерін суреттейтін кітаптар кездеспейді. Әсіресе, қала балалары үшін, қала өмірін суреттейтін шығармалар жоқтың қасы. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін, қазақ балаларына арнап шытырман оқиғалы кітап жазуды ұйғарғанмын. Өкінішке орай, кітаптың толық нұсқасын мемлекеттік бағдарламамен баспадан шығаруға ешкім көңіл бөлмегендіктен, кітап өз оқырмандарына жетпей қалды. Интернеттік желіден орын алғандығы ғана мен үшін зор қуаныш. Әрине, балаларға арнап кітап жазу, үлкендерге арнап кітап жазудан әлдеқайда қиын нәрсе. Сондықтан ол тақырыпқа қайта айналып соғам деп айта алмаймын. Бірақ менің кітабымның жарыққа шыққан бірінші хикаясы («Жеті Жарғы» баспасынан 2009 ж.) балалардың үлкен сұранысына ие болғанымен, қалған толық нұсқасы оқушылардың қолына жеткізу мүмкіндігін таба алмаудамын.
Балалар детективтерінде балалар психологиясына әсер ететін өте қорқынышты жағдайлар, зорлық-зомбылық көріністері болмауы керек деп ойлаймын. Өзім балаларға арнаған кітап жазуда алдыма осындай мақсат қоямын. Сол мақсаттан шықтым деп ойлаймын. Мен балаларды сергектікке, адамгершілікке, достыққа баулуды көздедім. Оны жаңаша баяндаулармен, суреттеулермен балалар санасына жеткізуге күш салдым.
— Жалпы оқырманға арнаған детективіңіздің бас кейіпкері – елуден асқан көрнекті және көрікті полковник Райс Сапарұлы екен. Неге ол отыз жасар жас жігіт емес? Борис Акуниннің Фандорині сияқты жас әрі кітапта жаңа махаббат таба алатын кейіпкерді оқырмандар көбірек ұната алатын шығар? Әлде әйелжандылық қазақ мінезіне жат, кейіпкердің жақсы жағы бола алмайтын нәрсе ме?
— «Махаббат жас талғамайды» дегенді ескерсек, осы елудің үстіне шыққан полковник «Соңғы махаббат» деп аталған үшінші сериалды кітапта өзіне арызданып келуші Аймаралға өлердей ғашық болады (бұл кітапты мемлекеттік бағдарламаға келер жылға ұсынамын. Бұйырса, оқырмандар қолына тиіп қалар деп үміттенем). Мен өзімнің осы кейіпкеріме ердің жасы елуді беруімнің себебі, қоғамдағы көптеген толғауы тоқсан мәселелер соның көзқарасымен таразыланды, кейде саяси оқиғаларға да сараптама беріп жіберетін сәттері бар. Демек, жас жігіттер осындай ой толғамға, жас тергеушілерге ақыл-кеңес беруге дайын еместігінен, бас кейіпкер бола алмағанын айта кеткім келеді. Меніңше, ер адамның кез келген жасында өзіне ұнаған әйелге ғашық болуы әйелжандылыққа жатпайды. Әйелдің сұлулығын бағалай біліп, өз сезіміне бас июіне жатады. Сондықтан бұл арада бас кейіпкердің жасында тұрған ешнәрсе жоқ деп ойлаймын. Сосын жастардың сезімі туралы, жастар жазса үйлесімді. Ондай детектив жазатын жас қаламгерлердің соңымыздан еріп келе жатқанына ешбір күмәнім жоқ.
— Детектив саласындағы әдеби жанрды зерттеуші Джеймс Фрей детектив жазу үшін автор алдымен қылмысты ойлап табуы керек, содан кейін тергеушінің оны қалай ашатыны туралы ойлауға болатынын айтады. Ал сіз детективтерді жазғанда неден бастайсыз? Жас детектив жазушыларына қандай кәсіби кеңес бере аласыз?
— Өкінішке орай, қазір қандай қылмыс қалай жасалды деп ойлап табудың қажеті жоқ. Біздің қалада жеті сайын шығатын «Диапазон» және «Эврика» деген екі коммерциялық басылым бар. Мұндай басылымдар әр жерде бар. Олар криминалдық беттер берді. Оқысаңыз, жаныңыз түршігеді. Олардың бәрі болып жатқан оқиға. Шынын айтқанда, тіпті сондай жауыздықтарды жазуға қаламың бара бермейді. Біріншіден, детектив жазушысына ой-өріс кеңдігі, ізденіс керек. Екіншіден, жазушылық талант керек. Бұл қасиет Алла Тағаланың сүйген құлына ғана беретін, жоғарыдан құйған нұры деген сөз бар. Сол дұрыс. Оны біреу бағалайды. Біреу бағаламайды. Меніңше, осы қасиетті бағаламау күнәнің үлкені. Мұндай дарын сенің тұла бойыңнан нәр алып, халқыңа жетуі керек. Оның пайдасына жарау керек.
Мен қаталдығы шеннен шыққан қылмыстарды суреттеп шығарма жазуды ойлаған емеспін. Мен өзімнің оқырмандарымның деңгейіне орай, қоғамның шындығын, қылмысты ашушылардың еңбегін, тәсілдерін көрсетуге барынша тырысамын. Жастарға айтарым, жазатын шығармаңның желісін әбден толғағына жеткізіп, оның жазылу әдістерін ойланып – толғанып болып барып, компьютерге отыруға дағдыланған жөн.
— Қызықты оқиға желісін құру үшін шытырман оқиғалы хикаяттардың авторлары түрлі айла-тәсіл қолданады. Адам өлтірудің жаңа әдістерін ойлап табады. Кейде оқыған детективтерден ешқандай адамгершілік мән таба алмаймыз, атыс-шабыстан басқа ештеңе жоқ сияқты. Сіздің хикаяттарыңыз адам психологиясына негізделген, жақсылыққа сенуге үйрететін туындылар. Бірақ бір күні баспадағы мырзалар: сіз шығармаларыңызда заманның талабына сай қоғамда етек алған қатыгездікті көрсетіңіз, кейіпкерлерді де, оқырмандарды да аямаңыз десе, солардың талабына сай жазу стиліңізді өзгертесіз бе?
— Жоқ. Мен бүгінгі заман әдебиетінің дамуына бір тамшы болса да үлес қосушымын. Оны өзіме бақыт санаймын. Себебі менің оқырмандарым көп. Және олар менің шығармаларымның тап осы бағытта, осы мазмұнда жазылғанын қалайды. Мен қазақы детективтің нұсқасын жасаушымын, не жазсам да халқымның менталитетін ескермей кете алмаймын. Ал, егер заман қазіргіден бетер өзгеріске ұшырап, қатыгездік бұдан әрмен етек алатын болса, соған сәйкес детектив жазатын жазушылар шығатын болар. Тек мен ондай талаппен жұмыс жасай алмас едім.
Жалпы, қазіргі кезде уақыт талабынан әдеби шығармаларымыз көш бойы кейіндеп қалғаны байқалған кезде, баспалар, сараптамашылар, тіпті мәдениет министрлігі кітап шығаруда оқырмандардың талап-тілегін ескеру, кітап саудасын жандандыру, жазушылардың беделін көтеру тұрғысында ұлан-ғайыр шараларды кешіктірмей қолға алуы тиіс. Біздің қаламгерлеріміз көп нәрседен оқшау қалды, тіпті мен айтар едім қоғамның ахуалынан, биліктің пұшпағынан, көпшілік шаралардан оларды аулақтату әрекеттері әдейі жасалатын тәрізді. Біз жазушыларымызды елемеуге, таланттарымызды көрмеуге дағдыланған қоғамда өмір сүріп жатқандай әсер аламыз. Егер келешекте де осындай хал-ахуал сақталып қалатын болса, әдебиетіміз бұрынғы тапталған, жауыр болған жолдан тез арада шығып кете алады деп ойламаймын.
«Полифония» әдебиет фестивалінің шеңберінде (Алматыда 29 қазан – 1 қараша күндері) Алматылық Ашық Әдеби Мектеп проза, поэзия, аудармалар және балалар әдебиетінен атақты қазақстандық және шетел авторларының практикалық мастер-класстарын өткізетін болады. Фестивальде Зияш Телеу апайымыздың "Банкирдің өлімі", "Махаббаттың ажалы" атты романдарының тұсаукесері болады. Фестивальге қатысушы оқырмандар өз туындыларын massagetkz@gmail.com поштасына жолдай алады.
Қ. Бүйенбай