Шәкәрім салған сүрлеу

Шәкәрім салған сүрлеу

Осыған дейін 1-ші тамыздан 15-ші қазанға дейін Қазақстанда балалар әдеби байқауы өткізілетіндігі туралы хабарлаған болатынбыз. Байқауға қатысуға қазақстандық мектеп оқушылары мен 18-ге толмаған кәсіби оқу орындары және жалпы білім беру мекемелерінің оқушылары шақырылады. 

Екінші халықаралық «Полифония» әдеби фистивалінің шеңберінде өтетін «Балалар әдеби конкурсы - 2015» байқауына қатысуға ниет білдірген  Ербол Нұрмәдидің туындысын ұсынамыз.

Абайдың ердің соңынан,

Бата алдың аға қолынан.

Өз сүрлеуің салдырдың,

Ақындықтың жолында.


Меккеге бардың қажы боп,

Бар қазақтың азы боп.

Париж бенен Стамбұлдан

Өмірлік қайттың азық ап.

 

Адамдықты жырластың,

Абайменен сырластың.

Тар заманға кезігіп,

Уақытпенен мұңдастың.

 

«Анық» пенен «танықты»

Іздедің де шарқ ұрдың.

«Ашу» менен «ынсапты»

Ақылға әкеп жеңдірдің.

 

- Білім ізде, еңбек ет,

Тура жолдан айныма.

Тек қана бізге сол медет, -

Дегің келді-ау халқыма.

 

Арсыздың күйдің отына,

Қапыда ұштың оғына.

Құр құдықта қалдың-ау,

Замананың сорына.

 

Ел болдық бүтін етегі,

Тарихы түгел кешегі.

Шәкәрім ата аңсаған,

Тәуелсіздік желі еседі.

 

Тарихым, тілім, бар жалпым,

Қастерлеп бүгін әр салтын.

Татулықпен ел болған,

«Адамның бәрі өз халқың»!

Шығармалар мен байқауға қатысуға өтініштер litshkola@gmail.com электронды поштасына қабылданады.

Қ. Бүйенбай