Осыған дейін 1-ші тамыздан 15-ші қазанға дейін Қазақстанда балалар әдеби байқауы өткізілетіндігі туралы хабарлаған болатынбыз. Байқауға қатысуға қазақстандық мектеп оқушылары мен 18-ге толмаған кәсіби оқу орындары және жалпы білім беру мекемелерінің оқушылары шақырылады.
Екінші халықаралық «Полифония» әдеби фистивалінің шеңберінде өтетін «Балалар әдеби конкурсы - 2015» байқауына қатысуға ниет білдірген Алишерова Айнұр Нұрланқызының әңгімесін назарларыңызға ұсынамыз.
...Кеш батты. Қазанның қарауытқан суығы маған енді білінгендей. Көшеде жел суығы ызғырып тұр. Қатты аяздан қорыққан күн де бүгін ұясына әдеттегісінен ерте батты. Жақын арада қар жауатынын білсем де, дәл бүгін жауғаны күтпеген тосын сый болды. Уақыты таяған күз менімен жылап қоштасқандай. Алдымен сібірлеп басталған жауынның аяғы нөсерге ұласты, ал оның арты ұшқыр қарға айналды. Иә, бүгін үйде болғаныммен, суық боранның тауқыметі әлі алда еді.
Шіркін, мұздаған қара жер көрінбестей мамықтай жұмсақ, аппақ ұлпа қар жауса ғой. Қалың жауған қардың үстіне өзіңді жұмсақ көрпеге тастағандай жатып алып, ойға бататын болсаң, табиғаттың осы бір титтей кереметінеде таң қаласың. Бетіңді өпкен ұлпа қардың денеңді тоңдырғаны да сезілмейді, керісінше қандай да бір тылсым жылу беретіндей. Осылай тапжылмай жата берсең, бейне бір уақыт тоқтап қалғандай, өкпеден шығып жатқан тынысың мен ақ үрпектің қозғалысынан өзге тіршілік жоқ іспетті.
Мен өзімді жеке тұлға ретінде «патриоттар» тізіміне жатқызса, қарсы болмас едім. Нағыз патриот болмасам да, туған жердің қадірін жақсы білемін. Барлық елді араламасам да, бірен-саран жерлерде болдым, олардың ұлттық мұраларын, көне жерлерін көрдім. Шет елде тұруға мүмкіндігім болғанымен, туған жердің түтіні, иісі, адамдарынан аттап кете алмадым. Жат елге мәңгіге кеткенше, олардың салт-дәстүрлерімен, адамдарымен және тіл үйірер тағамдарымен танысып, Отанға қарай асығып тұрасың, қандай да бір тылсым күш мені туған мекенге қарай тартып тұрады. Мені жібермейтіні кіндігімнен тамған бір тамшы қан ба, әлде өзімнен де артық жақсы көретін дос-бауырларым ба?! Еһ, неде болса, туған жердің орны бөлек қой. Сірә, өзім де туған елімді мәңгіге тастап кетуге құмартқан емеспін. Мен үшін жат елде мәңгі тұру деген еш мағынасы жоқ өмір сияқты, адам еш нәрсеге ұмтылмай, қызықпай қалатын жасырын торға түсіп қалған бұлбұлдай, шырқыраған дауысыңды тірі жан естімейтіндей көрінеді.
Сезім... Сезімдердің ең ұлысы махаббат та жүрекке жағымды сезім шығар... Бірақ әлі махаббат тауқыметін бастан өткізіп көрген емеспін... Әттең, біреуге өлердей ғашық болсам ғой шіркін! Тіпті онымен бірге болмасам да, ыстық сезімге күйгім келеді. Ғашық болған адам мүлдем басқа әлемге түсіп қалады дейді және ол адам ештеңе естімейді, ештеңе көрмейді, өкпеден емес, жүрекпен тыныс алады, жүрекпен көреді, жүрекпен тыңдайды екен және ол сүйген жарының бойындағы кемшіліктерді де шыбын құрлыдай көрмейді, өз көзіне ол адам ақ періште кейпіне енеді екен. Өмірден түңілгенде, қаланың қаптаған жұмысынан қажығанда, қуанғанда, жылағанда тіпті ұйқыда да сол адамды ойынан шығармайды екен.
Емен – ағаштардың ішінде ең берігі екен. Оның беріктігін мынадан білуге болады: өзге ағаштардың жапырақтары күзде-ақ қурап, түсіп қалады, ал еменнің жапырағы тіпті қыстың көзі қырауда қам жасыл қалпында қалады екен. Тек келесі көктемде ғана бұтақтарында жаңа, жас бүршіктер қылтиып, бас жарғанда ғана оларға орын босатып, жерге құлайды. Мықты жүректі мекендеген ескі махаббатта осыған ұқсайды – өшсе де орын бермей қоламталанып жатып алады, оны жалынды, жас махаббат қана тықсырып шығара алады. Мүмкін, ештен кеш жақсы шығар, алдағы өмірімде нағыз махаббатқа тап болатын шығармын деген ойда жүрем. Махаббат сегіз әріп, бір арман деген осы болар, бәлкім...
Қызығушылық адамды армандауға жетелейді, ал арман алға мақсаттар қоюды талап етеді. Адамдарда қызығушылық барлық кезде болады, тіпті соңғы демі қалғанша ол өмірге құштар болуы тиіс. Жас адамдар өмірдің қызығын көру үшін армандап, өмірге қызықса, ал қарттар немересінің, шөбересінің өмірден өз орнын тауып, жетістіктерге жетсе екен дейді. Жалпы адамның қызығушылығы ешқашан сөнбеуі тиіс, яғни ол секунд сайын бір нәрсеге қызығуы керек. Ал неге екенін білмеймін, менің өмірге деген құштарлығым өткен уақытпен бірге өтіп, қуаты таусылған шамдай өшіп бара жатқан сияқты. Бірақ өмірдің басқа беттері де, басқа қырлары да бар емес пе?! Мысалы, өмір есігін аша алмай кеткен пәк сәбилер, екі адамның нәпсіге ерік беріп, жіберген ағаттықтары үшін қаншама бейкүнә сәбилер жарты жолдан кері қайтып кетті. Олардың өмірге деген құштарлықтары мен құзығушылықтарын тіпті елестетуге де болмайтын шығар. Міне, солардың қасында менің өмірге қызықпауым жат қылық болмай ма?!
Таң қылаң беріп, ұялған қыздың кейпіндей күн шығып келеді. Әлі де арылып болмаған тәтті түсіме алдағы келе жатқан жайдары, жақсы қуанышты үзбей жалғастырғым келіп, тағы біраз жаттым. Адамның көңілі тоқ, төрт құбыласы түгел болса, өң мен түстің арасында сондай бір тәтті сәттері болады, оны бірден сілкіп тастап, ұшып тұруға дәтің бармайды. Шыққан күнмен жарысып, тіршілік те тыным таппауда. Күндегі сол үйреншікті құбылыс: бірі жұмысқа, бірі оқуға асығып, аптығып бара жатыр. Күндегі асығыс, күндегі бітпейтін тіршілік, «қалай нан тапсам?» - деп жүрген жыбыр-жыбыр адамдар. Соның бірі болып мен де жұмысқа беттедім...
Көтеріліп келе жатқан күн сәулесі алдымен ағаш бастарын шолып, қайыңның жапырақтары мен қарағайдың қылқанды бұтақтарын алтын жалатқандай нәзік сарғыш нұрға малып, бусандырып келеді. Төңірегім нұрланып, айналам жадырап ашылып, әсем күйге еніп келе жатыр. Үлкен жол бойындағы тар тратуармен жүріп келемін. Көше суық болғанымен, күн сәулесі көзіңе шағылысса, денеңнің тоңғаны сәл де болса жылынғандай. Тынымсыз жауып тұрған ұлпа қарға қарап, есіме бір оқиға түсіп кеткені...
1996 жыл болатын... «Тауық биікте қонақтаса, жаңбыр жауады», - деген сөздің жаны барлығына сол жылы куә болдым. Жаңбырлы ауа райы көп адамдардың көңілін түсіруі мүмкін. Алайда маған бұл мүлде олай емес еді. Керісінше, көңілге, жүрекке жақын үн маған сол жаңбырдың дабырлаған даусы сияқты. Әрине, қыстың күні аппақ қар емес, сұр жаңбыр жауып тұрғаны әркімге де ұнай бермеуі мүмкін. Бірақ мен екеуінің бірін таңдауға дәрменсіз едім... Алайда сол жылғы жаңа жыл есте мәңгілік қалатындай ерекше болды.
Таң ата салысымен дүкенге аттандым. Ауа райы құбылып тұр, жерде екі күн бұрын жауған қар тастай қатып қалған. Алыстан қарасаң жерге ақ қар емес, қара лай жауған дерсін, тек әр төрт-бес адым сайын шатырдың төбесінен түскен ұшқын қар секілді, анда-санда көзін сол қарды шалып қалып, лайланған жерден қашып бара жатқандай сол кішкене адым қардың үстіне аяғыңды басқың келіп тұрады. Сол басқаннан бәтеңкеңнің лайын тазалағандай, аппақ қарды лайға бұлғап, тағы да лас жол бойымен кете береміз.
Таңертең аптыққаннан сағатқа да қарамай кетіппін. Барсам, дүкен жабық... Ауа райы құбылмалы болса, көңіл-күйің тез бұзылады екен. Осы уақытқа дейін мұндай болып көрмеген. Әр жыл сайын дүкенге жаңа жылдық отшашу сатып алуға келетін едім. Бірақ барған кезімде дүкен жабық тұрған бірнеше сәттер болды. Ол кезде мен керісінше дүкенші апайды қандай да бір ерекше қуанышпен күтетін едім. Бірақ бұл жолы олай бола қоймады. Дүкеннің қасында тұрғым келмей, орталық саябаққа кірдім (бұл жер – менің сүйікті орным). Орталық саябақ бұрынғыдай тып-тыныш емес, желдің ызғырығы ағаш жапырақтарын бір-біріне үйкестіріп, қайтып алшақтатып, әбден әбігерге салып жатыр. Суық желдің бұл әзіліне түсінбеген қарт жапырақтар әлсін-әлсін өз бұтағын қимай-қимай, еріксіз жерге құлауда. Ашулы жел мұнымен қоймай, жерге түскен жапырақтарды ары қозғап, бері қозғап, тыным таптырмауда. Аспанға мойнымды бұрсам, үйір-үйір құстардың ұшып жүргенін көріп, көңілім одан сайын түсіп кетті. Аспандағы қалықтаған құстарға біраз уақыт тапжылмай қарап тұрып, бұл жалған дүниенің бір орында тұрмай, өте жылдам қозғалып бара жатқаны көз алдыңа елестейді. Уақыт деген – қызық нәрсе. Өзіне қатты қажет болғанда жетпей, артынан аң қуғандай қаша жөнеледі. Ал қажетсіз кезде қайда жібереріңді білмей, басың қатады. Алла тағаланың елшісі, Мұхаммед пайғамбарымызға бір күні сахабалары былай деп сұрақ қояды екен: «Уақыт қай кезде өтпей, тоқтап қалады?» - депті. Сонда пайғамбарымыз: «Уақыт істеуге жұмысы жоқ, бекерші адамға өтпей тоқтап қалғандай, ал үнемі ізденіс, әрекет үстінде жүрген адам өз уақытының қалай өткенін де байқамай қалады», - депті.
Ал, менің ойымша, қамшының сабындай қысқа өмірде бақытқа жету үшін пайғамбарымыз айтқан екі жолды да ақылмен, сабырмен пайдалана білген жөн. Мен өмірде қаққан қазықтай қатып, бір жолды ұстанған талай адамды көрдім... Олардың бірі – жалқау, сабырсыз, көбісі – істің емес, сөздің адамдары. Ал екіншісі – тек жұмыс деп, өз арманына жету үшін алға үнемі мақсат қойып отыратын және соған жету үшін аянбай еңбек ететін адамдар. Ондай адамдардың көбісі бақыт, махаббат деген сезімдерге шорқақтау келеді. Оларға тек табысқа және мақсатқа жету болса, болды. Ал нағыз бақытқа жету үшін екеуін де дұрыс пайдалана білу керек.
Қиялға беріліп, біраз уақытымды өткізіп алыппын. Көңіл-күйім түсіп, саябақтан шығып, дүкенге қарай беттедім. Барсам, кезек қаптап тұр. Амал жоқ, барып кезекке тұрдым. Көп ұзамай кезегім де таяды. Алайда бір қызығы баяғыдай күйіп-пісіп, таласып, таңдап алуға қолым тартпаған сияқты. Жай ғана қолыма түскен екі-үш отшашуды алдым да, үнсіз кете бардым. Ішімде бір күдік бардай... Әлденені сезіп тұрғандаймын...
Міне, көптен күткен сәт те таяды. Барлығы шауып-ұшып жүр, сағат сызығы он екіге жетуіне де бірнеше минуттар ғана қалды. Үй іші абыр-дабыр, жартысы сыртта отшашуларды атуға дайындалып жүр. Әдеттегі әдетіміз бойынша бәріміз үлкен дастархан басына жиналдық. Міне, еліміздің Көшбасшысы Нұрсұлтан ағамыздың бізді құттықтау сәті де келіп жетті. Бізді ғана емес, бүкіл қазақстандықтарды осынау жаңа жылдық мерекемен өз аузынан шыққан жылы құттықтау тілектерін есту – біз үшін үлкен қуаныш. Бәріміз сусын толы ыстақандарды бір-біріне соғыстырып, бір-бірімізді ыстық лебіздермен құттықтап жатырмыз. Тілектеріміз аяқталмай жатып, сырттан тарсылдап-күрсілдеген дыбыстар жаңғырықтап барады. Үлкен ақ қайнарды ашып, бір-бір ұрттадық та, бәріміз сыртқа қарай бет ала жөнелдік. Сыртта ауа құбылып, жел соғып тұр. Бізде отшашуларымызды тұтандырып, енді ата бергенде, аяқ астынан нөсер жаңбыр шелектеп жауа бастады. Барлығы аң-таң... Жұрттар отшашуларын тастап, үйлеріне қарай қаша жөнелді. Жан-жақтан жаңғырған отшашулардың құлақ жарар дауыстары, адамдардың сылқылдаған күлкілері, жым-жырас құрған айқай-шулар су сепкендей басылды.
Абырой болғанда, жұрттың көңіл-күйі мұнымен түскен жоқ, әсіресе, менікі. Рас, бірер минут бұрынғы көңіл-күймен салыстырғанда аса жақсы емес, бірақ жаңбырдың дауысын жүрекпен тыңдасаң, сыбдыр-сыбдыр еткен дыбыстар жаныңа ләззат сыйлайды. Иә, жұртты таңғалдырған 96 жылдың жаңбырлы жаңа жылы да осылай аяқталған еді.
Осыны ойлап жүріп, жұмысыма да жетіп қалыппын. Баспалдақтан көтеріліп, кабинетіме жайлап кірдім де, орындығыма жайғастым. Отыра қалып, монитор бетіне қыл қаламмен салынған суретке қадала ұзақ қарадым. Айналасына шуағын шашып тұрған күн, тоқтаусыз ағып жатқан су, көкте тұрған қара бұлт, ортада жалындап жанып тұрған үлкен жүрек. Іштей мұның сырын ұққаныммен, еш сыр білдірмеймін.
Сол салған еді... Әттең, осы күнге дейін қалай байқамағам, қалайша ұқпағам?!
Жүрген жерін жайнатып, айналасына үнемі күн сияқты шуағын шашып, тоқтаусыз ағып жатқан судай еш таусылмайтын іштегі сезімі, қара бұлттай үйірілген, іште бүккен қайғы-мұңы, ғашықтықтан жанған жас жүрегі болар... Әттең... Мен оған лайықпын ба?! Кім екенін баяндап жазсам, қалған өмірімде жетпес. Өмірдің бел ортасына да келіп қалыппын... Бірақ мен мұны еш сезінген емеспін, жүрегім жас, әліде махаббатты қалайды. Бірақ, әттең, алға қарай бір қадам адымдасам, алдағы қиыншылықтардан өте алмай, тағы да өмірден соққы алам ба деп қорқам. Өткен өмірімдегі жіберген ағаттықтарымның көлеңкесі болашағыма қараңғылық түсірмесе екен деймін. Әлі алда талай жаңбырлы күндер мен жаңбырлы түндер күтуде. Оған шыдай аламын ба?! Жаңбыр жауған сайын ол ойыма еріксіз оралады... Махаббат нұрын шашып тұрған мөлдір көздерінсіз, қараңғы түндерді қалай өткіземін?...
Ол... Оны айтып, сипаттауға тіл байлығым жетер ме екен?! Әлемнің бүкіл әдемі сөздері тек соған арналғандай. Менен жасы әлдеқайда кіші болса да, өзімді оның алдында жас бала сияқты сезінемін. Маған демеу беріп, дұрыс жол көрсетіп, жүзіме күлкі ұялатып, бақытқа бөлейтін...
Біз көп уақыт дос болдық. Онымен сырымды бөлісіп, қаншама қызыққа толы күндерді бірге өткіздік. Бірақ оның шынайы достығының ішінде қайғыдан қан жұтып жүрген ғашықтық сезімін білгенде, бәрі бітті...
Одан өзімді қанша алшақтатсам да, жаным, жүрегім оны қалайтын... Бірақ онымды сыртқа шығармай, ештеңе білмегендей оған әділетсіздік таныттым, еш сыр білдірмедім... Осылай мәнсіз жылдар, мағынасыз күндер өте берді... Ол болса, ол қандай күйде болар О, құдайым, қайғыдан құса болып, қанатынан айырылған аққудай жабырқап жүрген болар.
Бірақ біз тағы да кездеспекке бел байладық... Алайда дос ретінде емес, бұл жолы шын ғашықтар ретінде алғашқы және, бәлкім, соңғы кездесуіміз еді...
Сол бір күн... Жиырма сегізінші тамыз... Мен үшін аяқ асты кездесу болды... Ал ол үшін...
Орталық саябақ.... Ойда жоқта жұмысымда аяғымды байлады... Ал ол мені күтті... Ұзақ күтті... Сірә, бұл өмірде ол сияқты мені ешкім де күтпес... Ал ол күтті. Мен – ақымақ, оны бағаламадым... Барсам, жаздың соңғы күндері айнала өте мұңды еді... Бара сала ұзақ уақыт бойы үнсіз күйде тұрды... Маған қарайды, ал мен қарасам, көзімнен көздерін алып қашып, қатты қобалжыды, маған бір нәрсені айта алмай тұрғандай еді... Көздері... Көздері өте мұңды еді... Бір жерге тоқтадық. Одан құтыла алмай тұрғандай өзімше асығыс көріндім. Бір уақытта маған сезімге толы көздерімен ұзақ уақыт бойы қарап тұрды да, шап беріп, қатты құшақтады. Құшағы сондай ыстық еді! Денесі дірілдеп, мәжнүннің күйін кешкендей, әлсіз көрінді. Мен де жайлап қолымды көтеріп, арқасына қолымды әрең қойдым... Еһ, еш жібермесем ғой... Осылай біраз қос ғашықтай құшақтасып тұрдық. Сосын ол бірден жібере салып, маған ыстық жаңарымен қайта қарады. Бұл жолы мүлде басқа көзқарас, жасқа толы, қанша шығармауға тырысса да, еріксіз ағып жатты. Көз жасын сүртіп, артқа қарай шегінді де: «Қош бол!»- деп қаша жөнелді. Артынан енді жүгіре бергенде орындықта жатқан қойын дәптерді көзім шалып, кідіре қалдым... Күнделік... Сезімге толы күнделігі... Жерге отыра қалдым да, оқи жөнелдім...
25.06.2014 жыл
О, Құдайым, неге екенін білмеймін, соңғы кездері сезіміме ие бола алмай жатырмын. Қайтейін, өмірге тым сырт көзіммен қарайтын сияқтымын. Шын мәнінде, оны қатты жақсы көремін. Бірақ болашағы жоқ сезім бе деп қорқам. Ал егер болашағы жоқ махаббат болса, оның кіршіксіз таза жүрегіне жара салғым келмейді. Ал, егер, егер шын мәнінде махаббат бар болса, онда бұл кең дүниеде менен бақытты адам болмас... Мен өмірімде махаббат сезімін бастан өткерсем деймін. Болашақта бәрібір бір адамға тұрмысқа шығып, бала тәрбиелейтін шығармын. Бұл болашақта болатын әрбір адамның арманы болар. Бірақ менің жан дүнием, жүрегім мүлде басқа нәрсені, мүлде басқа өмірді қалайды. Махаббатқа, шапағатқа толы өмірді қалайды. Адамның жүрегі, шіркін, не қаламайды десеңші? Бірақ менің өмірім оны кездестірген соң мүлдем басқа бағытқа бұрылды. Ол маған бақыт пен күлкі сыйлады.
12.12.2014 жыл
Любовь моя... Душа моей души... Биение моего сердца... Нет покоя моей израненной душе... Не обрести моей душе покоя пока ты нет со мной... Кровавыми слезами облевается сердца, тоска съедает меня... Я мертва. Мертва без тебя. Как ты там, мой остроглазый Сокол? Томишься и от скуки по мне? Эй, ветер, унеси мою тоску к любимому... Пусть знает он как тяжело мне без моего любимого. Эй, солнце, ты не в радость мне без тепла моего... Властелин моей любви... Единоличный владелец моей души, сердца...
01.01.2015 жыл
Бүгін... бүгін ол маған өмірімдегі ең ауыр сұрақты қойды. Неге? Неге ол мені өтірік айтуға мәжбүрлейді? Оған шындықты айтуға қорқам, қатты қорқам. Себебі, одан айырылып қаламын ба деген ой ешқашан оған шындықты айтуға мұрша бермейді. Оның сұрағы: «Мен сен үшін кім?» Бұл сұрақ, бұл сұрақ жүрегімді тілгілеп жіберді... Не деп айтарымды, не деп жауап берерімді білмедім. Өз-өзімді ұмытып, сен мен үшін өмірімнің мәнісің, бұл өмірдің мен үшін мәні де, сәні де сенсің. Сенсің деп айта алсам ғой шіркін!... Әттең... Өз қолымды күштеп тұрып, амалсыз оған: «дос» деп жауап қайырдым. Бұл сөзді жазу мен үшін қандай ауыр еді, қандай ауыр... Дәл жаңа жыл күні, сағат сызығы он екіден аса бергенде жаңа жылдың алғашқы секундтары, алғашқы минуттары. Оған бар шындықты айтып, оны жанымнан артық сүйетінімді айтып, жаңа жылды жаңадан бастай алсам ғой шіркін... Жоқ, олай болмады. Тағы да ескі жылдың өкініштері мен мұңға толы сәттері мені алға қарай жібермеді... Әттең... Сол сәт...
07.02.2015 жыл
Кеше бір түс көріппін... Әттең, сол түс, түс емес, өңім болса ғой. Шіркін... Біреу сені ойласа, сені ойлаған адам түсіңе кіреді деуші еді. Рас па? Шынымен, ол мені ойлайды ма екен? Түсімде баспалдақтан жоғарыға қарай көтеріліп келемін. Жол бойында оны көрдім. Тура алдымнан шап беріп, шыға қалды да, өзінің ыстық жанарымен мені күйдірердей болып тұр... Сол баяғы көзқарас, ал мен... мен болсам, сенің көзіңе тік қарауға батылым жетпей, көздерімді сенің көзіңнен алшақтаттым... Нақ сәт келіп, жанарларымыз түйіскенде, әлдеқандай сезім ішімізді түртіп, бізді соққылай жөнелді. Ішіміздегі сезімді жүрегімізде тұншықтырып, жай ғана... қанша ауыр тисе де, жай ғана... күлімсірейміз...
Осылай, осылай толып тұрған күндер және әрқайсысында махаббат жалыны ұшқын шашып тұр...
Енді ол жоқ... Кетті... Мәңгіге кетті... Мен одан айырылдым... Басыма қонған бақ құсын бағалай алмадым... Әттең... Енді бәрі кеш... Кеш...
Шығармалар мен байқауға қатысуға өтініштер litshkola@gmail.com электронды поштасына қабылданады.