- Негізгі бет
- Отандасыңды оқы
- Жүректе қалған шер...
Жүректе қалған шер (әңгіме)
Осыған дейін 1-ші тамыздан 15-ші қазанға дейін Қазақстанда балалар әдеби байқауы өткізілетіндігі туралы хабарлаған болатынбыз. Байқауға қатысуға қазақстандық мектеп оқушылары мен 18-ге толмаған кәсіби оқу орындары және жалпы білім беру мекемелерінің оқушылары шақырылады.
Екінші халықаралық «Полифония» әдеби фистивалінің шеңберінде өтетін «Балалар әдеби конкурсы - 2015» байқауына қатысуға ниет білдірген Сиратоллина Ақерке Қамбарқызының әңгімесін назарларыңызға ұсынамыз.
– Мен ол кезде ойын қуған бала едім, шырағым... – деп бастады атам әңгімесін. – Бірақ, сол кездегі ауыр жағдай мені ерте есейтті. Мені емес-ау, тіпті, ауылдың жоқ, бүкіл қазақ баласының барлығын дерлік бұл жағдай тез есейтті. Бір сәтте «соғыс» деген сұм сөз бәріміздің жүрегімізге кәрін төгіп, қайратымызды қайыстырып кетті. Бала болсақ та бұл сөздің мәнін үлкендердің жанарынан жазбай ұқтық.
Әкеміз соғысқа шақырту алды. Аттанарда анам да, біз де әкемді жібергіміз келмей жыладық. Бірақ, бұл әкемнің Отаны алдындағы борышы еді, жібермеске амал болмады. Артынан тілеуін тілеп, аман оралсыншы деп сәби жүрегіміз егіліп қоя берген. Бәлкім, сол кезде жүрек шіркін, бір нәрсені сезген шығар. Әкем, байғұс, сол күйі оралмады, қара қағаз да келмеді ғой, дерексіз жоқ болып кетті. Жә, ол артынан. Ал қазір, саған зұлмат соғыстың кесапаттарын айтайын, айналайыным! Сен тыңда...
Жас едік, бала едік деп айттым жаңа. Әкемізді, барлық ауыл жігіттерін, әр шаңырақ отағасын соғысқа аттандырған соң, бүкіл ауыл қаңырап қалды. Қорғансыз қалғандай күй кештік. Жүрегіміз қарс айырылды. Айналайын, қарғам-ау, біз көрмеген қиындық бар ма?... Бірақ сол қиындықты сендер көрмеңдер, сендер бақытты болсаңдар, біз де бұл жақта тынышпыз ғой.
Доп қуған бақытты сәтіміз көзден бұлбұлдай ұшты. Үлкені үлкенмін, жасы жаспын деп бос отырмадық. Қолымыздан не келді соның бәрін жасадық, аянбадық.. Ғайып болып бара жатырған балалық шағымызды да ойлайтын мұршамыз болмады, қайтейік бізге берілген тағдыр сол да.
Үлкен-кіші болып, бәріміз жұмыла жұмыс жасадық. Барлығы да «Жеңіс үшін, бәрі де әкелеріміз, ағаларымыз үшін» болды. Солар аман келсін деп, жанымызды, жүрегімізді аямадық. Анам шіркін, бізді жетілдіру үшін, балшықты да кешті, маңдайынан сорғалап тер аққанша қалжырап, құлағанша жұмыс жасады. Ана деген сол ғой, баласы үшін жаны керек болса да ойланбай бере салады. Біз Анамызды қатты қадірледік.
Бізде ауылда менімен шамалас 10 шақты ғана бала болатын. Соның бірін өзіме жақын дос көрдім, ол өзіме көрші де болатын, арамызда үй жоқ еді. Таңмен таласа тұрған екеуміз Аналарымыздың жұмысын жеңілдетпекке, олардың жүзінен бір күлкі көру үшін тынбай еңбек еттік. Қалай шаршағанымызды да сезбейтін едік. Өзімізше оқығымыз да келді, өйткені соғысқа кеткен әкелерімізге өзіміздің аман екенімізді, уайымдамауларын сұрап хат жазғымыз келетін. Ол арманымыз да көп ұзамай орындалды. Тырмыса, тыраштана жүріп, өзімізше әріп танып алдық. Бірде досымыз екеуміз, әріпті толықтай таныған күні, қуана, асығып-аптығып соғыстағы әкелерімізге хат жаздық. Сол кездегі біздің қуанышымыз, соғыс бітіп, әкеміз оралғандай аспанға секіргенбіз. Бұл хаттан соң, өте көп хат жаздық. Жіберетін хатты бір оқып, келген хатты бір оқып, Аналарымызды қуанттық. Соғыста жүрген әкем де хат жазыпты. Балам, енді есейдің, Анаңа сен қамқоршысың дегені менің де жанымды жігерлендіріп одан әрі де досым екеуміз Аналарымыздың қолғанаты болып, пайдаға жарадық. Сол кездегі Аналарымыздың жүзіндегі бар қайғыны бір сәтке ысыра сала, сәл жымиғанының өзі біз үшін анау-мынау алтыннан қымбат болды.
... Бұл қуаныш та көпке созылмады. «Әке сені қатты сағындық. Фашистерді жеңуге қанша қалды? Қашан ораласың? Қашан оралсаң да, аман орал!» деген хатымды жазғанда Анамның көзінен мөлтілдеп жас ақты. Сол кезде Ана жүрегі, Әйел жүрегі бір нәрсені сезсе керек, шамасы... Сол хатыма жауап келмеді. Жазған хатыма жауапты көп күттім. Досымның әкесі отбасына хат жазыпты. Онда әкемнің басқа жаққа жіберілгенін, қасында емес екенін жазыпты. Анам екеуміз аман екен деп сонда бір қуандық бірақ, әлі хат келмеді. Отанын қорғауда қолы тимей жатырған шығар деп өзімді-өзім үміттендірдім. Қанша күткенімді білмеймін, әйтеуір, бір күні ауыл іші азан-қазан, жоғарыда ұшып жүрген ақ жаулық, қалпақтарды көрдім. Не болғанын білмекке жиналған халық жанына бардым. Жақындай бере, әйелдердің: «Жеңдік! Сұм фашистерді, өмірімізді тозаққа айналдырған немістерді жеңдік. Балалар әкелерің оралатын болады әлі», - деп балаларын қапсыра құшақтап жатқандарын көріп, менің де әкем оралады екен деп аспанға секірдім. Соғыстан қайтар солдаттарды күттік... Олардың да келетін уақыты таяды. Жолдарын тосып ауыл халқымен Анаммен біз де жүрміз. Поезд жүйткіп келіп тоқтағанда жүрегім аузыма симай атқақтап тұрды. Солдаттар шығып келеді. Әне, арғы көшедегі тәтейдің күйеуі түсіп келеді, ал оның артынан досымның әкесі түсті. Кезек менің әкемде ме? Жоқ... Жиырмаға жетер-жетпес солдаттар біреуі жарақатымен, біреу бір аяғымен тізбектеліп келе жатыр. Бірақ!.. Бірақ, менің әкем қайда? Әкем қайда? Мен сандырақтап, солдаттарды айнала жүгірдім. Досымның әкесінің жолын кесіп: «Неге әкем сізбен бірге келмеді? Әкем қайда?!» - деп жыладым. Ана жерде аңырап әйелдер де күйеулерін жоқтап жатты. Оларға да оңай емес, өзі жесір, балалары жетім атанды. Мен ше? Мен де, байғұс Анам да солардың күйін кештік пе деп қорықтым. Есеңгіреп тұрған маған келіп, бір сарбаз әкемнің міндетті түрде оралатынын айтып, басымды сипап, көзінен мөлт-мөлт жас ағып кетіп бара жатты. Мен сол сарбаздың сөзіне сендім. Сөйтіп, күнде таңертеңнен кешкісін әкемді тосумен жол жиегінде отырдым да қойдым. Мүлде арып-ашығанымды, Анам шыдай алмады білем, ашына жылады: «Әкең енді келмейді. Ол жоқ. Енді оны күтпе», - деп мені құшақтап, екеуміз қосыла еңіреп жыладық. Анамның алдында ұйықтап қалыппын. Түсіме әкем кірді, аппақ киіммен басымнан сипап, маңдайымнан сүйіп: «Балам Анаңның қолғанаты бол!» - деп алыстап бара жатты. Артынан әкелеп жүгіргенмен жете алмадым. Әкемнің енді оралмасын түсінсем де, бала жүрегімде титтей үміт оты жүрді. Өлгенше сол отты өшірмей, ұстап келдім. Соғыс біткесін, ауылымыз бейбіт өмірді, қым-қуыт тіршілікпен, күн сайын өрлей берді. Біреудің жүзінде қуаныш, біреудің жүзінде мұң, әйтеуір, бәріміз солай өмірімізді күйбең тіршілікпен жалғастыра бердік. Біздің қуанышымызға әкем ғана жетіспеді. Оқу оқыдық. Оқудан балалар әкесімен кетіп бара жатырғанда мен оларға қызыға қарайтынмын. Кейде мен секілді балалар шеттетіліп қалатынбыз. Ондайда мен ешқашан жасымадым. Ішімнен, сендердің әкелерің секілді менің де әкем соғысқа қатысты. Бірақ, менің әкем сендердің әклереіңнен де күштірек. Өйткені ол, Отанына шынайы беріліп, өз өмірін Отанға арнады деп, іштей ғана егіліп, сырттай күліп жүре бердім. Мен өмірімнің соңына шейін, әкемді іздедім, мүмкін тірі шығар, жан тапсырса да қайда деп іздеумен болдым. Бірақ таппадым. Менің өмірлік өкінішім сол болды, қызым! Енді сол жұмысты саған тапсырамын. Өз мойнымдағы жүкті саған арттым. Үлкен атаңды тап!.. Және атаңды мәңгі мақтаныш етіп өт. Өйткені сен де, өзге де осындай батыр аталарың арқасында өмір сүріп жатырсыңдар...
Шыыың... құлағыма дыбыс естілді. Сөйтсем, үйде отырмын. Қолымда атамның суреті. (үстіне көз жасым ағыпты) Сонда мен жаңадан бері суретпен тілдескенім бе деп ойладым... Суретке қарадым да, атамның жанарындағы мұңды көрдім. Сөйттім де, «Ата, міндетті түрде, Аллам жазса, әкеңізді, атамды табамын», - дедім де, жанарын жайнату үшін көздерін сүйіп алдым...
Шығармалар мен байқауға қатысуға өтініштер litshkola@gmail.com электронды поштасына қабылданады.
Қ. Бүйенбай