Осыған дейін 1-ші тамыздан 15-ші қазанға дейін Қазақстанда балалар әдеби байқауы өткізілетіндігі туралы хабарлаған болатынбыз. Байқауға қатысуға қазақстандық мектеп оқушылары мен 18-ге толмаған кәсіби оқу орындары және жалпы білім беру мекемелерінің оқушылары шақырылады.
Екінші халықаралық «Полифония» әдеби фистивалінің шеңберінде өтетін «Балалар әдеби конкурсы - 2015» байқауына қатысуға ниет білдірген Сиратоллина Ақерке Қамбарқызының әңгімесін назарларыңызға ұсынамыз.
... Мен оны бүгін көрдім... Көзінде бұрынғыдай сәуле жоқ. Көзіне қарап бәрінен айырылғандай баз кешіп жүргенін сезуге болады, бірден байқалады... Оның әкесі жоқ, дұрысында бар да шығар, оны ол да білмейді, өзге де білмейді. Ол бүгінгі күнге дейін әке махаббатынсыз өскен, иә, әлі де солай...
Көзіндегі мұң, әкесіне деген сағыныш, бәлкім реніш шығар. Айналасындағылар оның жанарындағы мұңын байқамайтын да шығар, бірақ оның көздеріне дұрыс үңілген адам, оның мұңын, азабын түсіне аларына сенемін. Тек сондай адам табылмай жүр ғой. Онымен мен-ақ мұңын бөліскім келеді. Бірақ, ол менің қасымда өзінің әкесіз екенін ескеріп, төмендетіп, көңілі түсіп кететін сияқты. Өйткені, бір сөзінде солай деген болатын. Ал, мен. Мен шүкірмін! Аллама алғысым шексіз. Әкем де, Анам да қасымда. Мен екеуінің де жылуына, махаббатына бөленіп жүрмін. Алда да солай боларына сенемін, Алла қаласа!
Ал, оның ше? Оның да Анасы бар, туған-туысы бар, ода бәрі де бар, бірақ бір-ақ нәрсе бәрінің қадірін ұқтыра алмай жүр, амал қанша?! Оған ӘКЕСІНІҢ махаббаты жетпейді. Әкесіне ренжімейді. Бірақ, неге тастап кеткенін білгісі келеді. Шарқ ұрып, айналасынан іздейтіні сол әкесі. Әкесі ше? Әкесі де солай баласының күйін кешіп жүрген шығар, мүмкін аспаннан қарап, демеу болып та жүрген шығар, оны ешкім де, ешқайсымыз да білмейміз. Әкесі жайында қойылған сұрақтарға жауап бергісі келмейді, ондай сұрақтардан айналып қашады. Бірақ онысын ешкімге сездіртпейді, сездіртпесе де жанарынан байқалады. Онымен сөйлесуге бар күшімді жинап, оқталып көрдім. Бірақ батпадым. Бірақ, көздерінен бәрін оқыдым..
Мен де бәрі бар. Мен бақыттымын. Мені түсінетін, мені қорғайтын, мені жақсы көретін адамдар бар. Менің өмірім өзгелерге қарағанда әлдеқайда шүкір. Бұл жұрттың ойы. Ал солар менің ішіме кіріп, жан-дүниемді түсінуге ұмтылды ма?! Ешкім, жайымды ойламады. Иә, менде бәрі бар шығар, бірақ әке жоқ. Бақыттымын, иә! Бірақ, әкесіз өткен күндерімнің бақытты күндерімнен көптігі, ішімді қынжылтады. Мені түсінетін де, қорғайтын да, жақсы көретін де адамдар бар шығар, бірақ мені жігітше түсінетін, сырласатын әкем жоқ, өзгелерден ерек қорғайтын да әкем жоқ, ерекше ұлым деп жақсы көретін де әкем жоқ. Иә, анасы мен әкесі қатар жоқ балалардан әлдеқайда шүкірмін, мен де Ана бар. Бірақ, әкесі жоқ балалардан бір кем тұсым, олар әкесінің тастап кеткенін, не өмірден өткенін біледі. Ал, мен ше? Мен не білемін?! Мен ештеңе білмеймін. Ес білгенімнен әкемнің бейнесін көрген емеспін. Сонда мына жұрт маған не дейді?
Көзімді тайдырмай қарап тұрған мен ұялдым. Көзімнен тамшылап жас ақты. Шыдамай, теріс айналып жүгіре жөнелдім. Жүгіріп бара жатып, оның бақытты болуын, әкесінің келуін Алладан тіледім...
... Бүгінде сол оқиғаға көп жыл өтті. Көшеден тағы да оны көрдім. Бірақ, оның көзінде бұрынғыдай мұңның табы да жоқ. Көзінен ұшқынды байқадым. Қуанышты. Оның жүзіне қарап мен де еріксіз жымидым. Бұл жолы өзінен сұрадым.
— Қуаныштысың ғой. Жүзіңнен осындай қуанышты көргеніме мен де қуанып тұрмын! Оңынан болғай...
— Иә, рахмет! Білесің бе? Менің әкем өзіме оралды. Ол маған бәрін де түсіндірді. Мен де оны кешірдім. Бірақ, кешіретіндей ренжіген де жоқпын ғой. (жымиып) Өміріме разымын. – деді де, қоштасып кете барды. Кетіп бара жатқан оның көзінен сондай бір толғанысты, қуанышты жүрегіммен сездім де, қуанышы ұзақ болғай деп мен де өз жөніммен кете бардым...
Шығармалар мен байқауға қатысуға өтініштер litshkola@gmail.com электронды поштасына қабылданады.