Бақытгүл Зарқұмар: "Бүгінгі поэзияға бекзаттық пен тәкаппарлық ауадай қажет"

Бақытгүл Зарқұмар: "Бүгінгі поэзияға бекзаттық пен тәкаппарлық ауадай қажет"
Фото: Бақытгүл Зарқұмар

Осыған дейін 1-ші тамыздан 15-ші қазанға дейін Қазақстанда балалар әдеби байқауы өткізілетіндігі туралы хабарлаған болатынбыз. Байқауға қатысуға қазақстандық мектеп оқушылары мен 18-ге толмаған кәсіби оқу орындары және жалпы білім беру мекемелерінің оқушылары шақырылады. 

Екінші халықаралық «Полифония» әдеби фистивалінің шеңберінде өтетін «Балалар әдеби конкурсы - 2015» байқауында қонақ болып, төрелік етіп, мастер-класс жүргізетін қонақтарымыздың бірінен алынған сұхбатты ұсынамыз. 

Бақытгүл Зарқұмар 1974 жылы 15 қыркүйекте Монғолияның Улаанбаатар қаласында дүниеге келген. Монғолия қазақ ақындары арасында өткен "Алтын жебе" жыр мүшәйрасының (1992ж.), Ақтан Бабиұлының 100 жылдығына арналған мүшәйраның (1997ж.) бас жүлдегері. Монғолия Жастар одағының алтын медалінің иегері, ақын. 2012 жылы "Жалын" баспасынан "Жүректегі жүзік" атты кітабы жарық көрді. Өлеңді монғол тілінде де жазады.

— Бақытгүл, туып-өскен жеріңіз – Моңғолия. Бұл сізге ақын ретінде қандай ықпал етті? Моңғол поэзиясының тақырыптары, дәстүрлі бейнелері, ішкі ырғағы сіздің өлеңдеріңізде бар деп айта аласыз ба?

— Моңғолия – байырғы түркілердің атамекені. Жаһанды жаулап алған ұлы Шыңғысханның отаны. Туған жерімнің тұнық табиғаты, көк аспаны, Өр Алтайдың асқақ шыңдары менің ақын болып қалыптасуыма ықпал етті әрине. Моңғол поэзиясының жалпы бояу-бедері көшпенді тірліктің көрініс, суреттерімен көмкерілген, іргетасы мықты, ішкі қуаты құтты поэзия. Түбі бір, түркі тектес, киізтуырлықты, көшпенділер ұрпағы ретінде олардың поэзиясындағы далалық рух, тұрмыстық әуендердің біздің де поэзиямызда кездесуі заңдылық...

— Фейсбукте «Моңғолия қазақтарының поэзиясы» атты топ құрып, қандастарымыздың шығармашылығы туралы хабар бересіз. Өлеңдерді өзіңіз моңғол тілінен аударасыз. Бұл өте маңызды және көп еңбекті талап ететін іс деп ойлаймыз. Моңғолияның қазақ әдебиетіндегі басты үрдістер туралы қысқаша айтып берсеңіз...

— Моңғол тілінде оқушы кезімде өлең жаза бастадым. Моңғолшадан аударма жасауға кейін келдім. Моңғолия қазақтарының әдебиетінде жаңа даму үрдісі бар. Поэзияда Шынай Рахметұлы, Байыт Қабанұлы, Сұраған Рахметұлы... Прозада Ербақыт Нүсіпұлы, Асылбек Рахатұлы секілді ағаларымыз заманауи әдебиеттің көшін бастап келеді.

— Білеміз, сіз тағы орыс тілінен де аударасыз. Қандай ақындарды, құпия болмаса? Осы ақындардың шығармашылығы сізге несімен ұнайды?

— Орыс поэзиясы өте күрделі поэзия. Сөзбе-сөз аудармамен, жеңіл-желпі көзқараспен бара алмайсыз. Марина Цветаеваның шығармашылығына деген қызығушылықтан туындаған ой менің аударма жасауыма түрткі болды. Осыдан кейін оның өлеңдерін біртіндеп аудара бастадым. Сосын, Сергей Есенин, Ника Турбина, Константин Батюшков... Бұлардың қай-қайсысы да тағдырлы әрі талантты ақындар... Қай заманда да талантты адамдар қоғамның қорлауы мен тобырдың тосырқауын көріп өткен...

— Өлеңдеріңізде лирикалық сипаттар басым екенін байқадым. Өлеңдеріңіздің кейіпкері өзіңіз деп айта аласыз ба? Поэзияңызда суреттелген сезімдер, көңіл-күйлер сіздікі әлде сізге онша жақын емес кейіпкердікі? Жалпы айтқанда, поэзияда автор мен оның кейіпкерін ажыратуға бола ма?

— Менің өлеңім — менің өмірім... Өз болмысымнан тыс дүниені жаза алмаймын. Ақын алдымен өз жан-әлеміне жауапкершілікпен қарау керек. Ақындық — ақынның өз-өзіне адалдығы! Ал өзіне адал бола алмаған адамның басқалардан тазалық талап етуі күлкілі жағдай. Кез-келген автордың шығармашылығының дені өз өмірінен алынады десем қателеспеспін деп ойлаймын.

— Бір қалыптасқан пікір бар: еркек ақындар қоғам, заман, азаматтық борыш, тағы басқа маңызды нәрселер туралы жазады, ал әйел ақындарға ең алдымен олардың ішкі дүниедегі өзгерістер қызықты. Сіз бұл пікір жайлы не ойлайсыз?

— Бұл — заңдылық! Өйткені ер азаматтар жаратылысынан аталық аманатты арқалап өтеді. Өмірдегі ең ұлы миссия олар үшін ұрпақ қалдыру, ұрпақ үшін күрес... Десек те, сол ұлы істерге әйелсіз олардың тәуекелі жетпейді. Демек, әйел ақындар қаншама нәзік, қаншама үлбірек болса да, еркек ақындардан ерік-жігері мол, мысы басым...

— Еркектермен салыстырғанда, әйел адамның нағыз ақын атануға көбірек күш салуы керек пе? Және қазіргі қазақ поэзиясы әйел-еркекке бөліне ме?

— Керісінше, ерлерге әйел жасаған поэзияның деңгейінен асып түсу үшін жүректілік пен сауаттылық керек дер ем. Кез-келген көлденең көк атты келе бермейтін бекзаттық пен тәкаппарлық бүгінгі поэзияға ауадай қажет! Қазіргі қазақ поэзиясы әйел-еркекке шартты түрде бөлнбегенімен, ерлер мен әйелдер шығармашылығындағы айырмашылықты айқын сезінуге болады. Қара өлеңнің жүгін көтерген қазақ қыздарының қай-қайсысы да өз қолтаңбасы, өз орны бар ақындар!

«Полифония» әдебиет фестивалінің  шеңберінде (Алматыда 29 қазан – 1 қараша күндері) Алматылық Ашық Әдеби Мектеп проза, поэзия, аудармалар және балалар әдебиетінен атақты қазақстандық және шетел авторларының практикалық мастер-класстарын өткізетін болады. Бақытгүл Зарқұмар фестивальдің шеңберінде өтетін поэзия оқуларына қатысады. 

Шығармалар мен байқауға қатысуға өтініштер litshkola@gmail.com электронды поштасына қабылданады.

Қ. Бүйенбай