- Негізгі бет
- Отандасыңды оқы
- Арманның шығам биік...
Арманның шығам биік асқарына...
Осыған дейін 1-ші тамыздан 15-ші қазанға дейін Қазақстанда балалар әдеби байқауы өткізілетіндігі туралы хабарлаған болатынбыз. Байқауға қатысуға қазақстандық мектеп оқушылары мен 18-ге толмаған кәсіби оқу орындары және жалпы білім беру мекемелерінің оқушылары шақырылады.
Екінші халықаралық «Полифония» әдеби фистивалінің шеңберінде өтетін «Балалар әдеби конкурсы - 2015» байқауына қатысуға ниет білдірген Сиратоллина Ақерке Қамбарқызының өлеңдерін назарларыңызға ұсынамыз.
Арманның шығам биік асқарына...
Ұйқыға жатқан мезгіл, көз ілініп,
Түсімде бір бөлме тұр, шамы сөніп.
Байқап қарап жүрсем мен, өз үйімнің
Бөлмесі екен..
Бұлқындым кіргім келіп..
Бұл жолы сол бір есік ашылмады,
Неге керек, сол есік ашылғаны?!
Білмеймін, сол жерден тек кете алмадым
Күтіп жүрмін, деуменен ашылады...
Иә, рас, ашылды есік, бір мезгілде,
Сенбедім, сене алмадым өзім мүлде.
Өлең жазып, Фариза апам отыр
Біздің үйдің бөлмесі...
Анау төрде!
Бөлме бірақ, қараңғы, сонда да ақын,
Өлең жазып отырды, өлең жазып.
Терезеде шуақ жоқ, аларған түн
Бірақ, оны көрдім мен білем, анық!
Таңданумен тұрдым дымға түсінбей,
Фариза апам – аппақ, әсем мүсіндей...
Тұрды-дағы, келді менің жаныма
Маңдайымнан сүйді, қарап күлімдей.
Кетті сосын, қараңғыға жоғалып,
Кеткендердің бағытына жөн алып.
Қала бердім мен артында қимаспен
Кете барды, тұңғиыққа кетті Алып.
Мақсат еткем, алдыңа барамын деп,
Қайтем, қарсы ажалға амалым жоқ.
Армандаушы ем, қуанып, шаттанумен -
Ақ батаңды әлі-ақ мен аламын деп.
Бүл түстің жалғаны жоқ, сенбе мейлің,
Өзіме аян, өзгеге сен демеймін.
Ақ батасын қабылдап нұрлы ақынның
Алып кетем өзіммен өрге дейін!
Өлімге кім билігін жүргізіпті,
Фәни орын емес қой тұрғылықты.
Әйтеуір, жыр өлмейді, өлтірмейді! –
Тұрғанында Қазағым рухы мықты!
Көрінетін көңілі жазира тым,
Көздеріңнен көрінер табиғатың.
Сен өмірден мәңгілік кеткеніңмен
Ел сақтайды сені есте, Фариза ақын!
Тарихтарға алтынмен жазылды атың..
Ізгі ұрпағың, артыңда ұландарың,
Жалғар қазақ ақынның Ұлы арманын!
Әр көкейде жырларың тұрғанында
Әсте, хақтық дәл сенің жоғалмауың!
Жалғар сенің әніңді Ұландарың...
Ел біледі, атыңды атырабың,
Әр таңды мақтанышпен атырамын.
Сенің нәзік жырыңды ұғынатын
Мен де тумасымын сол Атыраудың!
Жырыңмен оқырман таң атыратын,
Өшпейді, ел мақтаған асыл атың!
Өлеңнің биігінен орын тепкен –
Қазақтың падишасы – Фариза ақын!
Тәуелсіздік!
Күн ойнап аспанымда..
Тербелді, сендік жырлар жас жанымда.
..Ақынның жолын қуам Алла қалап
Арманның шығам мен де асқарына!..
Мен разымын, ризамын Аналарға!
Мен разымын, ризамын Аналарға,
Риза ғой бұл жандарға даналар да!
Жүрегімен барлығын түсінетін
Ренжімейтін біздерге Ана ғана!
Жомарт жаны, кеңпейіл, ашық-жарқын,
Мінездері жұмсақ қой Аналардың.
Күліп жүрсін, Аналар, күліп жүрсін
Жас жумасын ешқашан жанарларын.
Қамын жеген баласының күнбе-күн,
Амандығын ылғи тілеп жүремін.
Ана күлсе, бүкіл әлем нұрланып,
Шат-шадыман болатынын білемін.
Бесігінде тербетіп, әлемді де тербеткен,
Ана, Ана шебер едің сен неткен!
Мына әлемді алақанға сыйдырып,
Жайландырып, айналаны гүл еткен.
Әкем – панам, Анам менің мекенім,
Жан бар ма екен өздеріңе жететін?!
Қаламымның таусылғанша сиясы
Жырларыма арқау етіп өтемін!
Бар құрмет те өзіңе жарасады,
Сен – данасың! Бұған кім таласады?
Ағармасын, ешқашан, ағармасын
Аналардың әдемі қара шашы.
Ана-ерек құрметтің иесісің,
Сен біз үшін қымбатсың білемісің?
Жерге басым тигенше әз, Аналар
Тағзым етіп, басымды иемін шын!
Алақаның жұмсақ, тәтті сүтің де,
Сен арқылы бойға сіңді тілім де.
Бар әлемді айырбастай аламын
«Айналайын, қызым!» - деген үніңе.
Жомарт жаны, кеңпейіл ашық-жарқын,
Жүректері жұмсақ қой аналардың!
Күліп жүрсін, әрдайым, күліп жүрсін
Жас жуамын ешқашан жанарларын!
Мен разымын, ризамын Аналарға!
Риза ғой бұл жандарға даналар да!
Жүрегімен барлығын түсінетін –
Ренжімейтін біздерге Ана ғана.
Мен разымын, ризамын Аналарға...
Мұң берме тағы жүрекке...
Ұқпады ешкім жанымның жарасын,
Ұққысы келмеді расында.
Мұңым-ау мені қайда алып барасың?!
Айтсаңшы енді, жасырма!
Еріксіз бәрі жасағанымның,
Өтірік күлу, шаттану.
Бақыттан сені жасап алдым мұң
Қиын-ау қайта бақ табу...
Күлсем мен бәрі бірге күледі,
Қуанышыма қуанып.
Ішімде жатқан мұңнан не біледі
Жанымда жүрген бұ халық?..
Қиналған кезде жырым бар жазар,
Сырымды айтар ақтарып.
Онсызда бұлай жүргенде азар
Кетер ме ем әсте жынданып...
Аллама шүкір, жырым бар менің,
Жырым бар менің жүректе!
Мұңымды шертер жырым бар болса
Азаппен жүрем күліп те...
Тек Аллам мені айырма жырдан,
Мұң берме тағы жүрекке...
Біз ҚАЗАҚТЫҢ ұлымыз!
Өмір деген сансыз сауал торабы,
Жауап іздеп, шапқылаумен жүреміз.
Біреу төмен, біреу жақсы жоғары –
Деп кемсітіп, әр тарапқа бөлеміз.
Заман сол деп ақшалыны қараймыз,
Сол жан бізге бір нәрсесін берердей.
Жеңіл жолмен жүруді тек қалаймыз
Қиындықсыз жұмысымыз өнердей.
Сәл бір шаруа келіспесе еңіреп,
Не жаздым мен Аллаһқа деп жылаймыз.
Болды қайғы басымызға төнді деп
Жамандықты шақыруды қоймаймыз.
Кіндік қаным тамып өскен жерімде,
Жүре тұрып, тіл бұрмалап сөйлейміз.
Тұрағымыз ҚАЗАҚСТАН жерінде
Өзге тілде сайрау үшін жүрмейміз!
Дұшпан болмай, бауыр болып бәріміз,
Татулықты ту қып ілсек аспанға.
Сөзіміз де жарасымды, әніміз
Шырқалсын тек әуеніміз аспанда!
Жұмыс, атақ-абыройды көздейміз,
Әріден соң өзімізді ұмытып.
Бірімізге екіншіміз сенбейміз
Қалатындай бір бәлеге ұрынып.
Бір аспанның астында біз тұрамыз,
Туымыз бір, дініміз де ұлтымыз.
Ажырамас, мәңгі-бақи арамыз
Біз Қазақтың «қазақ» деген жұртымыз!
Исатай Тайманұлына арнау
Елі үшін қан берген, жанын берген,
Рухқа толы жүрегім елім деген.
Исатайдай батырлар арқасында
Мен тәуелсіз елімде өмір сүрем.
Исатайды қаһарман деп білеміз,
Атағына лайықты өмір сүреміз.
Біз тұратын бұл ауданға атағы
Берілгенін мақтан тұтып жүреміз.
Шабыт келіп шамырқанса бұл қызың,
Саған талай арнайды ғой жүз жырын.
Сенен қалған біздің мынау жүректе
Лаулап жанған шамшырақтар сөнбегін.
Жол да түсті, бүгін Қобда жеріне,
Қуаныш тұр керемет бір көңілде.
Жеткен күні-ақ сенің жатқан жеріңе
Тағзым етем, мен басыммен иіле.
Азаттықты қалаған рух жаныңыз,
Болдың батыр, мына біздің бағымыз.
Аман болсақ сенің жатқан жеріңе
Келіп кетер ойымыз бар әлі жүз.
Батыр баба есімдерің сақталды,
Тәуелсізбіз, сенімдерің ақталды.
Махамбет пен Исатайдың атағы
Әрбір жастың жүрегінде жаттаулы.
Шығармалар мен байқауға қатысуға өтініштер litshkola@gmail.com электронды поштасына қабылданады.
Қ. Бүйенбай