Боксшы Нұрбек Оралбай Олимпиаданың финалына шықты

Қазақстандық боксшы Нұрбек Оралбай Париждегі жазғы Олимпиада ойындарының финалына шықты. Отандасымыз жартылай финалда Доминикан Республикасының өкілі Кристиан Хавьер Пиналестен айласын асырды. 

80 килоға дейінгі салмақта өткен жекпе-жекте отандасымыз шабуылда ширақ, қорғаныста мығым жұдырықтасты. Қарсыласына соққыларын дәл тигізіп, өз мүмкіндігін ұтымды пайдалана білді. Осылайша төрешілердің 3:2 шешімімен отандасымыз финалға жолдама алды. 

Қолдаған қазақ еліне алғысымды айтамын. Мұнымен тоқтамаймыз. Алда финал. Ағайлардың айтуымен, тактикасымен бәрі ойдағыдай өтті. Қарсыласым осал болған жоқ, - деді жекпе-жек соңынан Нұрбек.

Нұрбек ұлттық құрама сапында жартылай финалға шыққан жалғыз боксшы болатын. Ерлер құрамасындағы өзге боксшылар жүлделі орынға жете алмады.