Цеце шыбыны (латынша атауы «Glossina») қосқанаттылар тұқымдасына жататын және белгілі бір мекенде ғана өмір сүре алатын жәндіктердің түріне кіреді. Олардың 20-ға жуық түрі бар. Көбіне, Африканың тропиктік және субтропиктік ормандарында тіршілік етеді. Ал денесінің ұзындығы 9-14 мм шамасын қамтиды.
Цеце өзге еуразиялық туыстарына қарағанда ерекшелікке ие. Айта кетсек, оның қанаты теріс қарай жиналады (қанаттары бір-бірін тегіс жабуын айтып отыр). Жәндіктердің көбінің дәрнәсілдері жұмыртқа арқылы көбейетін болса, цеце шыбынының дәрнәсілі тірідей туылады екен. Ал олардың барлық дерлік түрі трипаносома секілді жұқпалы ауруларды таратумен айналысады. Осы аурудан Африкада жылына бірнеше мың адам қайтыс болады. Соңғы жылдары Африка қоғамының пестицидтермен цеце шыбынын жою үдерісі өз нәтижесін беріп жатқан жоқ. Оған қоса, шашылып жатқан химиялық қоспалар Африканың флорасы мен фаунасына да кері әсерін тигізуде.
Олардың негізгі асы үлкен сүтқоректі жабайы аңдардың қаны болып табылады. Көбею кезеңі бір немесе екі аптаны қамтиды. Олар өз өмірінің барысында 8-10 рет дүниеге дәрнәсілдерді алып келуге үлгереді екен.
Цеце тұқымдастары ылғалды жерлерде мекен етеді. Егіншілікке оңтайлы сулы аймақтарда тіршілік еткендіктен, африкалықтар егіншілікпен айналыса алмайды. Амалдың жоқтығынан өзге мекендерге көш басын тартып, бас сауғалауларына тура келіп жатыр.
Африкада жазық орманды саванналардың аумағы үлкейген сайын цеце шыбындарының саны артып, жаңа түрлері де көбейіп жатыр. Соның кесірінен, Сьерра-Леоне де ат бағу мүмкін емес болып қалған.
Glossina тұқымына жататын шыбындардың ең қауіптісі трипаносома жұқпалы ауруын таратушы түрлері болып табылады. Олар адам мен жануарларды шағып, қанына жұқпалы індет таратады. Соның нәтижесінде, қазіргі кездегі «Нагана» деп аталатын ұйқы ауруы Африка халықтары ішінде кеңінен етек жайған.
Ал оның ең басты алдын алу шараларына қоныс айналасында тіршілік ететін барлық хайуанды өлтіру екен. Амалсыздан, бейкүнә жануарларды қыруға тура келеді.
Соңғы он жыл көлемінде БҰҰ мамандары мен Танзания елінің басшылығы Занзибардағы өрбіген цеце шыбындарын жоюға атсалысып келген. Әдісі былай болыпты. Миллиондаған шыбын қолда өсіріліп, сосын жабайы цеце өкілдерімен араласып, оларды тазалау мақсатында бостандыққа жіберілген. Бірақ ешбір нәтиже берген емес.
Қызықты фактілер:
Ұлыбританиялық этимолог Брейди цеце шыбындарының тұрмыс-тіршілігін зерттеп шыққаннан кейін мынадай шешімге келеді. Цеце шыбыны кез келген қозғалыста болатын жылы заттарға қона береді. Тіпті жүріп бара жатқан көліктерге де. Ол тек зебраға ғана шабуылдамайтын көрінеді. Себебі зебраның ақ пен қара түстері оның көзін шатастырады екен.
Цеценің шабуылынан кейін адамның аман қалу мүмкіндігі Африкада 45 пайызды көрсеткішке ие болады. Егер африкалықтардың медициналық қолдауды толығымен жасайтын мүмкіндіктері болғанда көрсеткіш одан да жоғары болар еді. Өкінішке орай, Африка елдерінің әлеуметтік жағдайы өте төмен. Тым ыстық температурадан және судың тапшылығынан жеке гигиенаның да сақталмайтыны белгілі. Жұқпалы аурулардың белсенді болуы да осының нәтижесі болса керек.
Дайындаған: Жолдас Өрісбаев
Сурет: kubanphoto.ru