- Негізгі бет
- Ол кім? Бұл не?
- Тарихтағы бойы ең...
Тарихтағы бойы ең ұзын адам
Тарихтағы бойы ең ұзын адам – Роберт Уодлоу. Ол туралы естуіңіз бар ма? АҚШ-та туып-өскен ол 10 жасқа толғанда бойы 2 метрден асқан, ал салмағы 100 килоны көрсеткен.
Роберт Уодлоудың бойы өмірінің соңына дейін тоқтаусыз өскен. Оған шақ келетін киім мен аяқ-киім болмағандықтан арнайы тапсырыспен тіккізетін болған.
Гиннес рекордтар кітабында тарихтағы ең бойшаң адам – Роберт Уодлоудың бойы 272 сантимер болғаны тіркелген. Ол 1918 жылы өмірге келген. Нәресте шағында ата-анасы ешқандай ерекшелікті байқамаған. Алайда бір жасқа толар шағында салмағы 13 килоны құрап, дәрігерлер қарауына алынды.
Уодлоу 7 жасқа келгенде өзінен 10 жас үлкен жасөспірімдерге арналған киімдерді киетін болған. 8 жасында бойы 187 сантиметрге жетті.
18 жасында заң колледжіне түсіп, қатардағы құрдастары секілді өмір сүруге тырысады. Алайда бойы өте ұзын болғандықтан көп қиындықта тап болып, ыңғайсыздықты сезеді. Дегенмен көп уақыт ұзамай Робер Уодлоу ағайынды Ринглингтер циркіне қосылып, "Олтон алыбы" лақап атымен өнер көрсете бастайды.
Танымал болмай тұрып "мейірімді дәу" (мінезінің жұмсақтығынан әріптестері солай атап кеткен) көп қиындық көреді. Тапсырыспен тігілетін киімінің өзі қыруар қаржы тұрған. Оған қоса алып денесіне байланысты тамақты көп ішетін болған. Бойының ұзындығы денсаулығына да кері әсерін тигізбей қоймады. Жүрегіне салмақ түсіп, қан айналымы бұзылған, ал буындары ауыр салмақтың салдарынан ауыратын болған.
20 жасында Роберт Уодлоу өздігінен жүріп тұра алмай, балдақпен жүруге мәжбүр болды. Алайда дәл осы балдақ өліміне себепші болды. Балдақ аяғын қатты қажап, жарасына инфекция түсіп асқынады. Дәрігерлер аяғына ота жасап, оны аман сақтап қалуға тырысқанымен сол кездегі медицинаның оған шамасы келмеді.
Тарихтағы бойы ең ұзын адам 22 жасында көз жұмды. Ол кезде бойы 272 сантимерді құрап, салмағы 200 килоға жуық болған.