- Негізгі бет
- Ол кім? Бұл не?
- Сиыр атауларын білесіз...
Сиыр атауларын білесіз бе?
2021 жыл – сиыр жылы. Кең өрісте шұбырта айдап бағып, кеш болған соң қотанға өзің қама дейтін, сиыр малының жалпыламалап айтқандағы атауы – мүйізді ірі қара мал.
Сиырдың жасы мен жынысына қарай өз атаулары бар. Олай болса соларды тізе кетейік.
Қашып кеткен сиырдың атауы – буаз сиыр, қашпағаны – қысыр сиыр аталады.
Бұзау – сиырдың алты айға толмаған жас төлі.
Баспақ, торпақ – алты айдан бір жасқа дейінгі бұзау.
Тайөгіз – бір жасар піштірілген еркек тана.
Тайынша – бір жастан асып, екі жасқа жетпеген торпақ.
Тана – бір мен екі жас аралығындағы торпақ, тайынша.
Бұқашық – бір жастан асқан піштірілмеген еркек ірі қара мал.
Бұқаша – екі жасар піштірілмеген жас бұқа
Өгізше – екі жастан асқан піштірілген тайыншасы, еркек тана.
Қашар – екі жасар ұрғашы мал.
Құнажын – үш жасқа аяқ басқан ұрғашы мал.
Құнан өгіз – үш жасар піштірілген еркек мал.
Дөнежін – төрт жасар ұрғашы мал.
Дөнен өгіз – төрт жасар еркек мал.
Атан өгіз – ірі денелі бес жасар піштірілген ірі қара.
Құр өгіз – піштірілсе де, күш-көлікке жекпей, семіртуге жіберілген еркек ірі қара мал.
Өгіз – бес жастан асқан, күш-көлік үшін пайдаланатын піштірілген ірі қара.
Бұқа – піштірілмеген аталық ірі қара мал.
Қусақ – тұмса бұзаулаған сиыр.
Сиыр – аналық ірі қара мал.
Мөшке – сүтті сауын сиыр.
Жылдым сиыр – жиі бұзаулап, ұзақ уақыт сауылатын сиыр.
Тынжы – сүті мол, өнімді, асылтұқымды сиыр.
Қашақ – бұқаға тоқтамайтын қысыр сиыр.
Құсақ – тұмса бұзаулаған сиыр.
Қызыл бұзау – іштегі тумаған бұзау.
Кайнек – сиыр мен сүті аз бірақ, өте майлы сарлық (қодас) бұқасының буданы.
Шаңдақы – мүйізді ірі қара малдың тұлпары.
Н. Үсенова