Бүгінде үлкен мегаполистердің негізгі әрі ұтымды транспорттық жүйесі метро болса да, такси қызметі шетте қалар емес. Көптеген алып қалаларда жыл сайын такси саны артып келеді. Нью-Йорк — 18 миллион халқы бар осындай мегаполистердің бірі. Назарларыңызға Нью-Йорк таксилері туралы қызықты деректерді ұсынамыз.
- Нью-Йорктің басты көшелерінде бір уақытта 13 мыңға жуық такси көлігі қозғалады. Олар күніне 600 мың жолаушы тасымалдайды.
- Қаланың статистикалық агенттігі Нью-Йорк таксистері әлемнің 175 елінен келгенін айтады. Ал америкалықтар оның 6%-ын ғана еншілейді. Дегенмен америкалықтар такси бизнесін иемденушілердің басым бөлігін құрайды.
- 1907 жылы «New York Taxicab Compani» компаниясы Франциядан 600 көлік сатып алып, қаладағы алғашқы такси қызметін іске қосады.
- Такси көліктері сары түске боялған. Беделді транспорттық компанияның басшысы Джон Хирц арнайы қоғамдық сараптама жасап, сары түстің көзге қонымды екенін анықтаған.
- Ford Crown Victoria – Нью-Йорктегі ең беделді такси компаниясы.
- Жыл сайын таксистер құрамының төрттен бірі жаңартылады.
- Таксиді ең қауіпті қызмет түріне жатқызады. Айта кетелік, 1963 жылы такси жүргізушілеріне 300 шабуыл тіркелген болса, 1973 жылы бұл көрсеткіш 3000-ға жеткен. Сосын такси қызметін ұсынатын компаниялар көлік жүргізушісі мен жолаушы арасын темірмен оқшаулауды жөн көрген.
- Заң бойынша такси қызметкері бір күнде 12 сағаттан артық жұмыс істемеуі тиіс. Сондықтан бір көлікті бірнеше адам кезекпен жүргізеді.