Оның өмірінде назар аударарлықтай ешқандай жаңалық болмаған, бірақ түр-тұлғасы оны данышпан әрі ғұлама етіп көрсететін. Бұл – Ньютон туралы айтылған пікірлердің біреуі ғана. Ғалымдар Ньютонды Галилейдің қатарына қойып, қазіргі ғылымның негізін салушы деп біледі.
Исаак Ньютон 1642 жылы Лондонға жақын Вулсторп атты ауылда, фермер отбасында дүниеге келген. Өз әкесін танымаған, себебі, ол дүниеге келмей жатып әкесі қайтыс болған. Ньютонның үш жасында анасы баласын әжесінің қолына тапсырып, екінші күйеуімен кетіп қалады.
Кішкентай Исаакты фермерлік өмір күтіп тұрған болатын, алайда баланың бойындағы білімге деген құштарлықты байқаған туыстары оның білім алуына қолдау көрсеткен. Мектеп жасында білімділігімен аса байқалмаса да, Кембридждегі Тринити-колледжінде кілең бестікке оқып, озат атанған. Колледжге келген бойда өзін-өзі таныта алмаған Исаак өзінен үлкен және дәулетті студенттерге қызмет ететін. Себебі, фермер отбасынан шыққаны үшін кемсіткен.
1665 жылы Англияда оба індеті тарала бастайды. Індеттен қашқан Исаак өз ауылына қайтып келеді. Үй тірлігіне араласпайтын Исаакты көрген көршілері оны жалқау деп есептеген. «Ньютондардың Исаагы тас лақтырып, әйнекпен күнді шағылыстырғаннан басқа түк білмейді» деп сөгетін. Осы әйнектен физиканың спектр тақырыбын ашатынын олар білмеген де болар.
Осы аралықта Исаак призма мен жарықтың көмегімен түрлі түс алуға болатынын тапты. Өз ауылында жүріп, «тартылыс заңы» жаңалығын ашты. Бұл заңдылық аңыз бойынша өз бағында алма ағашының көлеңкесінде отырған Исаактың басына алма түскесін дәлелденген.
Осыдан екі жылдан кейін Исаак Кембридждге қайтып оралып, магистр атағын алады. Тринити-колледжде физика-математика пәнінен сабақ береді. Тура бір жылдан соң, математика профессоры атанып, физика-математика кафедрасын басқарады. Кембриджде жүріп Вулсторпта бастау алған оптика заңдылығын зерттейді. 1671 жылы Ньютон айна телескопын жасап, тек ғалымдарды емес, корольді де таңғалдырады. Осыдан кейін патша Ньютонды ұлыбританиялық ғылым академиясының мүшесі ретінде сайлайды, яғни академик атанады. Университет жанында жүріп, заттардың қозғалысы туралы көп ізденеді.
1686 жылы 28 сәуірде Ньютон ғылым академиясына өзінің «Натурал философияның математикалық бастамалары» атты тың еңбегін ұсынады. Мұнда классикалық механиканың негізін айтып, аспан денелерінің қозғалысы туралы теориясын ұсынып, өзен-көлдердің көтерілуі мен қайту функциясын жазып, келесі жүзжылдыққа сарқылмайтын мұра қалдырады. Дифференциялық және интеграциялық теңдеу туралы да жазған. Дәл осы теорияны ғалым Готфрид Лейбниц те зерттеген екен. Екі ғалымның арасында бұл теорияны алғаш кімнің ашқаны туралы дау туады. Ашуға булыққан Ньютон Лейбницке ауыр сөздер айтты деген деректер де кездеседі.
1696 жылы Ньютонды ақша сарайының басқарушысы лауазымына тағайындайды. Сол себепті, Кембриджден Лондонға көшіп келеді. Оған ағылшын тиынын соғуды тапсырады. Ньютонның осы қажырлы еңбегінің және жауапкершілігінің арқасында Англиядағы қаржы және тиын соғу мәселесі бір реттілікке түседі. Сол үшін оған «Ақша сарайының шебері» деген атақ беріледі. Бұл кәсіп оның тұрмысына оң әсер еткенімен, ғылымнан алшақтатады.
Бес жылдан кейін парламент мүшесі атанады. Бір қызығы, мүшелікке сайланған екі жылдың ішінде мінберге шығып, бір ауыз сөз сөйлемеген екен. «Терезені жауып жіберіңізші, жел ұрып тұр!» Бұл – Ньютонның жиында отырып айтқан жалғыз сөзі екен.
1703 жылы Ньютонды Патшалық қоғамның президенті етіп сайлайды және өмірінің соңғы сәтіне дейін осы лауазымды атқарған. 1705 жылы Анна патшайым Ньютонға рыцарь атағын береді, сол сәттен бастап Исаак Ньютон есімінің жанына «сәр» атауы тіркеліп жазылатын болды.
Исаак Ньютон өмірін еңбек пен ғылымға арнағаны соншалық – тамақтануды да ұмытып жүріпті. Тек бес-ақ сағат уақытын ұйқыға бөлген. Шақырған жерге көп бармай, өзі де көп қонақ қабылдамаған. Себебі, білімге жұмсалмаған әр сәтін бос өткен уақыт деп есептеген екен. Ғылымға беті ауғалы тұрмыстық жағдайына да көп көңіл бөлмеген. Үйіндегі екі мысық есіктен өтуі үшін екі ойық жасаған екен. Ғалымның есіне «екеуіне де бір ойық жетеді ғой» деген ойдың тумағаны таңғалдырары сөзсіз.
Исаак Ньютон 1727 жылы 20 наурызда 85 жасына қараған шағында дүниеден озады. Оны Лондондағы Вестминстер аббаттығына жерлеген. Ұлы ғалымның құлыптасында «Бұл жерде математиканың қыр-сырын, аспан денелерінің қозғалысын, судың көтеріліп-қайтуын, кометалардың ізін зерттеген ғалым жатыр» деп жазылған екен.