- Негізгі бет
- Ол кім? Бұл не?
- Массагет энциклопедиясы. Аристотель...
Массагет энциклопедиясы. Аристотель
Ол сабырлы және ойын ақылына бағындырған тұлға болған. Рационалды ойлап, өз өміріне көңілі толатын адамдарды бақытты деп санаған. Дүниежүзі оны ұлы грек философы және Әлемнің бірінші ұстазы деп танығанымен, Аристотель биология, этика, стилистика, метереология және эстетика салаларында да маңызды еңбектер жазып қалдырған. Антиканың білгірі Аристотель адам санасының мүмкіндіктерін шексіз екенін аңғарып, оның дамуына ешнарсенің кедергі болмайтынын айтады.
Аристотель б.з.б. 384 жылы Грекияның Халкидик түбегінде дүниеге келген. Оның әкесі Никомах есімді дәрігер еді. Ол македон патшасы Аминта ІІІ қол астындағы беделді тұлғалардың бірі болған. Никомах өз ұлын білімге құмар етіп тәрбиелейді. Аристотель жас кезінде әкесінің жолын қуатынына сенімді болған. Сондықтан ол хат тани бастағаннан фармокология мен анатомияға қызығушылық танытады. Жас Аристотельдің әкесінің қасында көмекші болып қызмет атқарғаны туралы да деректер бар.
Б.з.б. 367 жылы Аристотель жоғары білімін арттыру мақсатында Македониядан Афиныға жол тартады. Жол сапарында ол медициналық біліктілігінің арқасында қаланың беделді азаматын аман алып қалады екен. Осылайша 17 жасында-ақ танымал дәрігер атанып кетеді. Аристотель Афиныға келіп, белгілі философ Платон академиясында білім ала бастайды. Небары екі жылдан кейін, Платон дарынды әрі еңбекқор Аристотельге риторика бойынша лекция оқуына мүмкіндік береді. Жас Аристотель 60-қа келген Платонның сенімін ақтап, Платоншылар деп аталған элиталық қоғамның ең жас мүшесі атанады.
Әйткенмен де, әлемнің бірінші ұстазы Аристотель өзін осы дәрежеге жеткізген Платонның ой-тағылымына сыни көзқараспен қарайды. Аристотель Платонды өзінің ұстазы деп білгенімен, ол: «Платон менің досым, бірақ шындық одан да жоғары (Amicus Plato, sed magis arnica veritas)», - дей отыра, парадоксқа толы жеке пікірін толық жеткізген.
Аристотель Платонның академиясында 20 жыл ұстаздық етіп, логика, физика, риторика салаларында еңбектенеді, философиялық трактаттарын жазады. Б.з.б. 347 жылы Платон өмірден озғаннан кейін Афины қаласынан кетіп, Кіші Азия түбегіндегі көне Атарней қаласына қоныстанады. Ол кезде аталған қаланың білім ордасын Платонның өзге шәкірті Герми басқарып жатқан болатын. Аристотель Гермиге өз достығын білдіріп, шәкірт тәрбиелеуде жұмыла еңбек етуді ұсынады. Қазіргі Түркия аумағында жатқан Атарней қаласында үш жыл тұрақтаған соң, Аристотель туған елі Македонияға қайта оралады.
Жасы 40-қа таяған белгілі философты македон халқы ыстық ықыласпен қарсы алады. Македон патшасы Филипп ІІ Аристотельге төрден орын беріп, өз ұлы Александрдың тәлімімен айналысуын өтінеді. Осылай ол Ұлы Александр Македонскийге (Ескендір Зұлқарнайын) 8 жыл ұстаздық етіп, оған бар білімі мен тәжірибесін дарытады. Қазіргі тарихшылар Александрдың тарихи жорықтарының сәтті болуын оның Аристотельден алған білімінің нәтижесі деп біледі. Расында Александр Македонский Аристотель оқытқан логика, физика және риторика тағылымдарының арқасында ұтымды әскери тәсілдер мен саяси құрылымдарды құрастырады.
Б.з.б. 335 жылы Александр тақ мұрагері атанған кезде, Аристотельді өзінің бас хатшысы әрі кеңесшісі болуын сұрайды. Дегенмен Аристотель Александрдың жорық жүрістеріне қатысуды құптамай, тыныш өмірде педагогикамен айналысуды жөн көреді. Жасы елуге таяған кезде Аристотель көне дәуірдің білім ордасы болған Афины қаласына қайта келіп, өзінің философиялық мектебін ашады. Аристотель мектебі Ликей Апполоны ғибадатханасынан алыс емес жерде орналасады. Сондықтан оның мектебі «Ликей», яғни «Лицей» атанып кетеді екен. Жас білімгерлерге логика, философия және риторикадан дәріс беріп, дәстүрлі лекция оқу жүйелерін толығымен өзгертеді. Ол шәкірттерімен бау-бақшада серуендеп жүріп, оларға қарапайым сұхбат пен пікірсайыс барысында білім беруге тырысады. Аристотельдің мектебінде аталған ғылым салаларынан бөлек, физика, тарих, астрономия және география оқытылады. Ол адамның өз үстінде еңбектеніп, сүбелі нәтижеге жетуі үшін арттағыларға қарамай, алдағыларды қуып жету керек екенін айтады.
Аристотель білімді замандастарымен бірге әртүрлі ғылым салаларында зерттеулер жасап, ғылымның ары қарай дамуына үлкен үлесін қосқан. Ол табиғат философиясымен айналысып, қоршаған ортаның бейорганикалық әлемін адам, жануар және өсімдік деп бөледі. Ал саясатта Аристотель мемлекеттік құрылымның бірнеше формасын жасайды. Ең үздік форма деп монархия, ақсүйектер билігі мен шектеулі демократияны келтіреді.
Б.з.б. 323 жылы Ұлы Александр Македонский қайтыс болғаннан кейін Аристотельдің тыныш өміріне қауіп төне бастайды. Александр билігінде болған Афины қаласының тұрғындары тәуелсіздікке бағытталған көтерілістер ұйымдастырады. Оның Александрға ұстазы болғанын білетін афинылықтар 60 жасар философты қаладан қуып шығады. Аристотель өмірінің соңғы айларын Эгей теңізіндегі Эфбея аралында (Грекияның Крит аралынан кейінгі екінші үлкен аралы) өткізеді. Б.з.б. 322 жылы 62 жасында өмірден озады.
Уақыт өте көне грек полистерінде (қала-мемлекет) Аристотель еңбектері негізгі оқулық ретінде қолданыла бастайды. Ал ғасырлар өтіп, Аристотель «Әлемнің бірінші ұстазы» атанады.
Ұқсас жазбалар:
Платон – менің досым, алайда ақиқат қымбат қой. Аристотель
Ж. Өрісбай