- Негізгі бет
- Ол кім? Бұл не?
- "Құс сүті" кәмпитінің...
"Құс сүті" кәмпитінің ерекше атауы қалай пайда болған?
Бұл кәмпиттерді өмірінде бір рет болсын жеп көрмеген адам өте аз шығар. Оны көргенде неліктен "құс сүті" деп аталатынын ойланған да боларсыз. Себебі құста сүт болмайтыны белгілі.
Бірақ бұл теорияны жақында ғалымдар жоққа шығарды. Олардың мәліметтері бойынша, фламинго, көгершін, қайшыауыз және кей пингвиндерде сүт бар. Бірақ олардың сүті бізге таныс сиыр сүтіне ұқсамайды: ол сүзбеге көбірек келеді. Мұндай сүт өте сирек кездеседі.
Бірақ ертеде ол туралы ешкім нақты білмеді. Егер аңыздарға сенсек, мұндай сүтпен жұмақ құстары өз балапандарын қоректендірген. Ертеде қыздар сүйгендерінен сол өнімді әкеліп беруін сұрайтын болған делінеді. Бұл сусынды ішкен адам еш қаруға жарақаттанбайтын және еш аурумен ауырмайтын болады деп санаған. Бірақ оны іздеуге шыққан адамдар сусынды таба алмастан шөл далада қайтыс болады екен. Содан бері бұл тіркес қандай да бір кереметті, қол жетімсіз затты білдіреді. Танымал тәтті осындай ерекше терминмен аталған.
Ежелгі Грекияда "gala orniton" (құс сүті) тіркесі мәтел ретінде қолданылған. Ол барлық бағалы және өте сирек кездесетін нәрселерге қатысты айтылған. Gala (сүт) сөзімен қатысты тағы бір қызықты факт бар: галактика анықтамасы осы сөзден жасалған. Себебі жұлдыздар шоғыры төгіліп қалған сүтке қатты ұқсайды.
Бірақ бұл тіркес ежелгі грек тілінен алынған деп нақты айтуға болмайды. Себебі соған ұқсас тіркестерді әлемнің басқа да халқынан кездестіруге болады.
Алайда, сүйікті тәттімізге оралайық. Ол 1936 жылы Польшада дайындалып, нарыққа шықты. Оны Wedel деп аталатын варшавалық фабрика өндірді. Рецептіні осы отбасылық бизнестің иесі Ян Ведель ойлап тапты делінеді. Бірақ оның атауын фабриканың қарапайым қызметкерлері ойлап тапқан. Осылайша, ptacie mleczko кәмпиттері пайда болды. Бастапқыда тек ваниль дәмі бар кәмпиттер шықты. Уақыт өте шоколад және лимон дәмі бар түрлері өндіріле бастады.
Бұл кәмпиттердің рецепті зефирдің дайындалуына ұқсайды, тек "құс сүтіне" жұмыртқа қосылмайды. Өткен ғасырдың 60-жылдары оны КСРО-да "Рот-Фронт" фабрикасы өндіре бастады және ол көпшіліктің сүйікті десертіне айналды.
А. Жапатова