- Негізгі бет
- Ол кім? Бұл не?
- Құрылысшы каскасының түсі...
Құрылысшы каскасының түсі нені білдіреді?
Каска жай «әшекей» емес, ол – алаңда құрылысшы қауіпсіздігін қамтамасыз ететін арнайы форманың ажырамас бөлігі. Егер байқаған болсаңыз, каскалар түрлі түсті болады. Құрылыс каскаларының әртүрлі түске боялуының өз себебі бар.
Құрылысшының каскасы қарапайым дүние секілді көрінгенімен, онымен байланысты қызықты нәрселер бар. Мысалы, каскалардың нақты жарамдылық мерзімі болатынын білдіңіз бе? Стандарт бойынша, каска 5 жылдан артық қолданылмауы керек. Сондай-ақ касканың әр түсі түрлі қызметтегі жұмысшыларды білдіреді.
Ақ каска
Батыста ақ касканы басқарушылар немесе ұйымның тексеруші құрамы ғана киеді. Құрылыс алаңында мұндай қорғаныс құралы, әдетте, құрылыстық оқу мекемесін бітірген немесе сәйкес инженерлік білімі бар адамдарға тиесілі. Сондай-ақ ақ касканы түрлі сатыдағы инспекторлар киеді.
Сары каска
Сары каскадағы адамдар – құрылыс алаңындағы негізгі жұмыс күші. Мұндай касканы бірінші кезекте жоспар бойынша еңбек ететін және жобаның басқарушы құрамының тапсырысын орындайтын қосалқы жұмысшылар киеді.
Көк каска
Көк түсті қорғаныс құралын үлкен биіктікте жұмыс істейтін, сонымен қатар кранда еңбек ететін адамдар киеді. Олардан басқа көк касканы ғимарат тұрғызудың бастапқы немесе ортаңғы кезеңінде электршілер киюі мүмкін.
Жасыл каска
Жасыл каска – құрылыс алаңында өте сирек кездесетін қорғаныс құралы. Себебі оны құрылысшылар еңбегін қорғаумен айналысатын адамдар киеді.
Қара каска
Қара каска да өте сирек кездеседі. Көбіне оны басқарушы құрамның мүшесінен немесе ғимарат салынып жатқан жерде архитектордан байқауға болады.
Қызыл каска
Қызыл түс айналадағыларды өзіне қарататыны белгілі. Сәйкесінше, мұндай қорғаныс құралын құрылыс алаңына келген қонақтар, жұмысқа жаңадан тұрған мамандар немесе студенттер киеді.
Қызғылт-сары каска
Батыста мұндай касканы геодезияшылар киеді. Олар құрылыс кезінде барлық мүмкін өлшемдерді жүргізеді.
А. Жапатова