Команың қандай түрлері бар?

Команың қандай түрлері бар?
Фото: freepik.com

Кома дегеніміз – ми діңгегі қызметінің бұзылуынан адам ес-түссіз күйге түсетін, өмірге қатер төндіретін күй. Адам өмірінде маңызды рөл атқаратын қызметтердің бұзылуына қарай команың бірнеше түрі бар.

Апоплексия комасы қан айналымының бұзылуынан туындайды. Қан тамырлары жарылып, миға қан кетеді. Бұл көбіне геморрагиялық инсульт кезінде байқалады. Бет және мойын терісі қызылға боялып, қарашық үлкейеді. Мойын бұлшықеттері құрысып, ауыз толық ашылмайды.

Бауыр комасы. Бауыр ауруының ұзаққа созылуынан немесе уланудан болады. Тері сарғаяды, көздің ағы сары түсті. Науқастың психикасы өзгереді, сандырақтайды, күндіз ұйқышыл, түнде ұйқы қашқан, дене қызуы төмен болады. Содан кейін есінен біртіндеп тана бастайды. Аузынан бауырдың иісі немесе тәттілеу иіс шығады.

Бүйрек комасы. Бүйрек жеткіліксіздігімен қатар ұзақ уақыт бойы бүйрек ауруымен ауырғанда болады. Мұндайда ағза несеп қышқылымен уланып, комаға баяу енеді.

Геморрагия комасы. Ми жарақаттанғанда не көп қан жоғалтқанда болады. 

Гипоксия комасы. Миокард инфаркті кезінде жүрек не кардиогенді шок салдарынан болады. Жүрек қанды нашар айдағандықтан оттегі мен қоректік заттар миға жетпейді. Салдарынан ми гипоксиялық жағдайға түседі.

Сусамыр комасы. Қан құрамында қант мөлшерінің жетіспеушілігенен немесе шамадан тыс артқандықтан болады. Команың бұл түрі көбіне сусамыры бар науқастарда болады. Науқас мүлде есінен танады. Терісі құрғайды, жылылық сезіледі, ауыздан ацетонның немесе алманың иісі шығады.

Уремия комасы. Орталық жүйке жүйесінің жұмысы бұзылғаннан болады. Шамадан тыс әлсіреу не ұйқышылдыққа салыну секілді белгілері бар. 

Эпилепсия комасы. Эпилепсиямен ауыратын науқастарда аурудың асқынуы салдарынан болады.

Қан айналымының бұзылуынан не орталық жүйке жүйесіндегі жасушылардың зақымдануынан адам комаға түсуі мүмкін. Сондай-ақ, инсульт, қауіпті жұқпалар, ми ісігі, бас сүйегі мен ми жарақаттанғанда, сусамыр, гипогликемия, эклампсия және алкоголь, дәрі-дәрмек не есірткіден уланғанда адам комаға түседі. 

Кома дәрежесіне қарай үшке бөлінеді: жеңіл, орташа және терең. Жеңіл комаға түскен науқас реакция бере алады. Мұндайда қол мен аяқты тарту не қарашықтың жарыққа рефлексін сақтау секілді қарапайым реакция түрлері сақталады. Орташа кома кезінде салдану, ентікпе байқалады. Ал науқастың реакциясы нашар болады. Ең ауыр саналатын терең комада науқастың бұлшықеттері босаңсып, тыныс алу мен жүрек-қантамыр жүйесінің жұмысы қиындайды, бұған қоса қарашық сәулеге реакция бермейді. 

А. Рысдәулет