Осыдан 213 жыл бұрын «Sydney Gazette» атты аустралиялық басылым коала туралы алғашқы мәліметтерді жариялайды. Содан бері ғалымдар қалталы аюға қатысты көптеген дерек жинады. Ендеше тек Аустралияны ғана мекендейтін жануар туралы мәліметтерді біле жүрейік.
• Коала Аустралия материгінің шығысына жақын аудандарда өмір сүреді. Құрлыққа алғаш қоныстанған еуропалықтар белгісіз жануарға әртүрлі атау береді. Атап айтсақ, коала бастапқыда «еріншек», «маймыл», «аю» және «маймыл тәріздес аю» сынды атауларға ие болған. Кейіннен оның байырға аты кеңінен қолданысқа енеді. Аустралиялық аборигендер қалталы аюды «koala», яғни «су ішпейтін жануар» деп атаған.
• Коалалар адамдардан қорықпайды. Тіпті қажет кезде олардан көмек сұрайды екен. Мысалы, 2009 жылы Аустралия ормандарында ушыққан өрт кезінде коалалар адамдардан су сұрап келген.
• Үлкен ер тұқымды коалалардың бойы 80 см-ге дейін жетеді. Ал салмағы 15 келі тартады.
• Жаңа туылған коаланың салмағы небәрі 3-5 грамм айналасында болады. Кішкентай бірнеше аптаның көлемінде адамның бармағындай көлемге дейін өседі екен.
• Коаланың баласы алғашқы алты айын анасының қалтасында өткізеді. Оның Отандасы кенгуру де солай жасайтыны белгілі.
• Оның қысқа құйрығы ағашта қозғалмай отыруын қамтамасыз етеді. Ал коала аяғының құрылымы ағашта еш кедергісіз қозғалуға бейімделген.
• Шындығында коала ғылымда аюлар тобына кірмейді. «Аю» сөзі тек оның сырт көрінісіне ғана қатысты айтылып кеткен. Себебі коаланың құйрығы жоқ болса, аюдан аумай қалады.
• Жоғарыда айтып өткеніміздей, коалалар мүлде су ішпейді. Олар эвкалипт ағашының жапырағын тұтыну арқылы жеткілікті құнарлыққа ие болады.
• Коалалардың көңіл-күйді көтеріп, ойын-сауық жасауға мүлде уақыты жоқ. Себебі олар тәуліктің 20 сағатын ұйықтауға жұмсайды екен. Қалған төрт сағаты тамақтануға кетеді. Олардың бір-бірімен қарым-қатынасқа түсуге де шамалары жоқ. Еріншектер ешқандай белсенді өмір сүру салтын жүргізбейді. Дегенмен, өзінің жайбасарлығы мен икемсіздігіне қарамастан, коалалар ағаштан ағашқа тез секіріп кете алады.
• Қалталы жануар суда еркін жүзе алады. Қауіп төнген кезде немесе салқындау мақсатында көлге түседі.