- Негізгі бет
- Ол кім? Бұл не?
- Кемпір деген кім?...
Кемпір деген кім?
Қазіргі жастардың көбі келіншегін – «кемпірім», күйеуін – «шалым» деп жиі атайды. Жастар кемпір, шал сөзінің шынай мағынасын білмейтін болар. Егер де сол сөздің мағынасын білсе, «кемпірім», «шалым» деп айтпас еді. Кемпір сөзінің былай болу керек деген нақты ережесі жоқ. Мен де ол сөздің толық мағанасын ойымнан шығарып отырған жоқпын. Тек ақсақалдардан сұрап, ортақ тұжырымға келдім.
Кемпір деп күйеуі қайтыс болған егде жасқа келген әйелді айтады. Қазақта «пірсіздің пірі – шайтан, әйелдің пірі – күйеуі» деген мақал бар. Кемпір – пірі кем әйел дегенді білдіреді. Қазақ жетімін жылатпаған, жесірін қорлатпаған халық. Күйеуі қайтыс болған келіншекті жесір деп атаған. Күйеуінің бір жылдық асын бергеннен кейін ел ақсақалдары жиылып жесірді қайнысына, не қайнағасына атастырған. Ал егде жасқа келген әйелдің, балалары ер жетіп, қыздары бой жеткен кезде күйеуі қайтыс болса кемпір деп атаған.
Қазақ оларды, құрметтеп сыйлаған. Күйеуі қайтыс болған кемпірлер үй билігін де, түз билігін де өздері алған. Қазір үлкен кісілердің «кемпіріммен ақылдасайын», біздің үйдің «кемпірі шешеді», «кемпір біледі» деп жүрген сөздер осыдан қалған. Ал күйеуі тірі адамды ешкім кемпір демеген. Кейбір әжелеріміз де кемпір деген сөзге ашуланып қалатыны сондықтан. Бірақ қазір көп сөздің шынай мағынасы ұмытылды. Қазақ халқында күйеуінен айырлысу деген болмаған. «Атың жаман болса сатып құтыларсың, қатының жаман болса, қайтып құтыласың» деген сөз содан қалған. Ал, қазіргі жастардың айырлысуы бұл қоғамның үлкен қасереті.
Қадірлі іні-келіндерім, сіздер ананы, сүйген жарды кемпірге теңемей-ақ, анашым, шешем, жарым, жұбайым, келіншегім, зайыбым десеңдер болады. Ал, келіндер, күйеулеріңді «шалым», «біздің шал», «біздің үйдің шалы» дегенше күйеуім, отағасым, жарым, балаларымның әкесі десеңіздер болады ғой. Ақсақалдардан естіп, сұрап жасаған тұжырым осы. Біз білгенімізді жастарға айтып, жазып отыруымыз қажет.
Жәнібек Қожық
@. @assel_assanova