- Негізгі бет
- Ол кім? Бұл не?
- Кавасаки синдромы жайлы...
Кавасаки синдромы жайлы не білу керек?
Елімізде 114 бала коронавирус жұқтырған. Оның үшеуі Кавасаки синдромына шалдыққан. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Бағдат Қожахметов айтты.
Жыл басынан бері Нұр-Сұлтан, Алматы, Петропавлда Кавасаки синдромының 3 дерегі тіркелген.
Кавасаки ауруы коронавирус пандемиясына дейін де кездескен. Алайда қазір коронавируспен ауырған балаларда Кавасаки синдромына ұқсас ауру белгілері анықталып жатыр. Коронавирустың жеңіл не симптомсыз түрімен ауырған балаларда 2-3 аптадан соң жұқпалы аурудан кейінгі асқыну байқалады. Дәрігерлер мұны алғаш Ұлыбритания, АҚШ және Италияда байқаған. Кавасаки ауруы орта тамырлардың зақымдалуымен, оның ішінде көбіне коронарлық артериялардың зақымдалуымен байланысты.
Ғалымдар Кавасаки синдромы типтес ауруға көп жүйелі қабыну синдромы деген атау берді.
Бұған дейін елімізде жылына 2-3 бала Кавасаки синдромымен ауыратын болған. Әдетте бұл ауруға 5 жасқа дейінге балалар шалдығады. Алайда коронавирус пандемиясының салдарынан Кавасаки синдромына ұқсас ауру белгілері балалармен қоса жасөспірімдерден де байқалып жатыр.
Коронавирустан жазылып, тест оның жоқ екенін көрсеткен сәттен бастап 2-3 апта өткенде Каваски синдромына ұқсас аурудың белгілері байқалуы мүмкін. Баланың дене қызуы көтеріліп, 2-3 тәулік бойы түспей қоюы мүмкін. Денеге бөртпе шығып, лимфотүйіндер үлкейе түседі. Тіл қызғылт түске боялып, еріндер бозарады.
Жалпы балалардағы мультижүйелік қабыну синдромының клиникалық белгілері – қалтырау, 1 тәулік немесе одан да көп уақыт бойы 38 градустан жоғары дене қызуы, бөртпе, конъюнктивит, склерит, лимфаденопатия, алақанның, аяқтың ісінуі, тыныс алудың қиындауы, асқазан-ішек жолдарының зақымдануы.
Балада Кавасаки синдромының белгілері байқалған кезде жергілікті дәрігерге немесе педиатрға жүгіну керек. Мұндай синдроммен балалар міндетті түрде ауруханаға жатқызылады. Бұл синдром бала коронавирус жұқтырып, екі-үш апта өткен соң, яғни жазылғаннан кейін байқалғандықтан толыққанды диагноз бен зерттеулер жасалады. Зерттеулерге биохимиялық қан талдауы, гемостазды бақылау, коагулограмма, эхокардиограмма, ЭКГ, УДЗ, кеуде рентгені немесе КТ кіруі мүмкін.