- Негізгі бет
- Ол кім? Бұл не?
- Қағаз қалай пайда...
Қағаз қалай пайда болғанын білесіз бе?
Бәріміз күнделікті өмірде қағаз өнімін пайдаланамыз, алайда қағазды қалай, қайтіп немесе кім ойлап тапқанын біле бермейміз. Қағаздың пайда болуы дүниедегі ең үлкен жаңалықтардың бірі болып есептеледі. Ол туралы толық мәлімет алғыңыз келсе, кезекті материалымызды оқыңыз.
Қағазды ойлап тапқан ел – Қытай. Бұл жай ғана сәйкестік емес. Біріншіден, Қытай мемлекеті көне заманнан бері өзінің кітап жазу шеберлігімен, басқару төрелігімен белгілі болғандықтан, ақпаратты үнемі қағаз бетіне түсіріп отыруға міндетті болған. Алайда ол уақытта адамдар жазу мен сызуға басқа материал пайдаланып, әрқашан тиімді және өте ыңғайлы жазба құралын табуға талпынған. Қытай елінде қағаз өнеркәсібі пайда болмай тұрып, олар ақпаратты бамбук таяқшасына немесе жібек матасына жазатын болған. Біріншіден, жібек мата қымбатқа түссе, бамбук таяқшасы қолайсыз әрі ауыр болған. Екіншіден, тек қытайлықтар ғана ұзақ жылдар бойы жібекті қалай өндіру керек екенін білген. Ал қағаз өнеркәсібінің өндіру техналогиясы жібек мата өндірісіне ұқсас.
Бұл өндіріспен айналысатын әйел адамдар жібек құртын (кокон) қайнатып, одан кейін оларды сабанға жайып, суға түсіру арқылы бір деңгейлі қоймалжың зат пайда болғанша қажаған. Артынша қоймалжың затты судан сүзіп алған соң, жібек матасы шыққан. Мұндай механикалық және жылу өңдеуінен кейін сабанда жіңішке бетті талшық қалып отырған. Ол талшық кепкен кезде жазуға жарамды жұқа қағаз парағына айналған. Кейінірек жұмысшылар қағаз өніміне жарамсыз жібек матасын қолдана бастайды. Қағаз жібек матасынан жасалғандықтан, оған «мақта қағазы» деген атау берілген.
Уақыт өте келе, адамдарда осы қағазды жібек матасынан басқа қандай заттан жасауға болады деген сұрақ туындайды. 105 жылы Хань империясы салтанат құрып тұрған кезде Цай Лунь атты белгілі атқамінер ескі балық аулайтын тор ауынан жаңа қағаз түрін ойлап табады. Сапасы жағынан жібек қағазынан ешқандай кемшілігі жоқ және құны әлдеқайда арзан. Бұл жаңалық тек Қытай еліне ғана емес, сонымен қатар бүкіл әлемге маңызды өзгеріс алып келді. Сондықтан Цай Лунь есімі адамзат тарихындағы ең маңызды жаңалықтың авторы ретінде белгілі.
Қағаз өнімі ғасыр бойы дамып, өнеркәсіпшілер оны жаңартып, жетілдіру енгізіп отырған. IV ғасырда қағаз өнімі бамбук таяқшасын шетке ысырады. Сан алуан тәжірибе мен сынақтар қағаз өнімін ағаш, бамбук, қамыс секілді шикізаттардан жасауға болатынын көрсетті. Әсіресе қытайларға бамбук шикізаты маңызды болған, өйткені бұл мемлекетте аталған өсімдік көп өсетін.
Бамбук ағашын жұқа шырпыға бөлшектеп, әкпен сулап, бірнеше күн бойы қайнатады. Дайын болған қоймалжың затты арнайы шұңқырда ұстап, билмен мұқият жағу арқылы кілегей тектес зат пайда болғанша су қосып отырады. Осы сияқты бірнеше өндіру сатыларынан өткен соң, аяғына таман қатпарлы, жұқа парақ пайда болады.
Ұзақ ғасыр бойы қытайлар қағаздың өндіру жолын құпия түрінде ұстап келгендіктен, өзге мемлекеттер оны кеш меңгере бастайды. Сөйтіп 751 жылы Тянь-Шань жерінде араб-қытай қақтығысында бірнеше қағаз өндіру шебері арабтардың тұтқынына түседі. Осы тұтқындар арқылы арабтар қағаз өндіру кәсібін үйреніп алады. Еуропалықтар бұл кәсіпті соңғы болып меңгерді. Алғашқыда Испанияға тарап, кейіннен 1154 жылы Италия, 1228 жылы Германия, 1309 жылы Англия еліне келіп жетеді.
Дайындаған: Нұрбол Нұрмаханұлы
Н. Нұрмаханұлы