Жыланбас балық жайлы не білеміз?

Жы­лан­бас балығы негізінен Іле - Балқаш су алабында бұрын-соңды кездеспе­ген, ихтиофауна құрамын толық­тырған жаңа түр болып табылады. Сырт келбеті, яғни тері жабыны жыланға ұқсайды, сол себепті жыланбас аталуы да ғажап емес. Мұндай балық Іле - Балқаш су ала­бында қайдан келген, қалай пайда болған деген сан қилы сұрақтар мен ойлар туындауы мүмкін. 

Деректерге сүйенсек, жыланбас балық негізінен, Қытай мен Корея су айдынында тіршілік етеді, соны­мен бірге, Уссури, Сунгари өз­дерінің бассейіндерінде және Амур өзені мен Ханка көлінде кеңінен тараған. 1960 жылдардың басында Сыр­­дария өзеніне ҚХР-дан өсім­дік­пен қоректенетін балық­тарды жерсіндіру барысында енген. Одан кейін Арал теңізі, Талас және Шу, Сарысу өзенінің төменгі ағыста­рына тарала бастаған. Ғалымдардың зерттеуі бойынша, Аралдан Алматы маңындағы тоғандардың біріне тұқы және өсімдік қоректі балық­тардың шабағын әкелу барысында жыланбас балықтың да шабағы бірге келген, кейіннен суармалы каналдар арқылы Кіші Алматы, одан кейін Қапшағай суқоймасына құятын Қаскелең өзендерінде пайда бола бастады деген тұжырым бар. 
Аздаған уақыт ішінде аталмыш балық суқойманың жоғарғы жағына (құярлық аймақтағы көлдерге), сондай-ақ, Іле өзенінің төменгі жағындағы көлдер жүйесіне дейін тарап кетті. Сөйтіп, 2008 жылдан бастап Қапшағай суқоймасы мен Іле өзенінде жыланбас балықтың бірен-сарандары балықшылардың және ғылыми тұрғыдан зерттеу ба­ры­сындағы аулауда кездесе бастады. Мысалы, 2011 жылы ғылыми-зерт­теу барысында 39 данасы ауланса, 2012 жылы - 33, 2013 ж. - 9, 2014 жылы - 34, 2015 жылы аулауда 9 дана­сы кездесті. Сандық көрсет­кіштеріне қарап жыланбас саны азайды деп айта алмаймыз, ойткені жыл сайын бұл корсеткіштер ауыт­қып тұрды, сол себепті, оның саны­ның және жалпы популя­цияның тұрақталғаны жайлы айтуға әлі ерте. Сонымен бірге, жыланбас балық­тың Іле - Балқаш су алабында пайда болуы Іле өзені арқылы ҚХР-дан да келуі мүмкін деген болжам да жоқ емес. 
Жыланбас балықтың түсі бат­пақ түстес, арқасы қара немесе қара жасыл, құрсағы бозғылт немесе ашық жасыл, денесін ірі дақтар басқан болып келеді. 
Жыланбас балық негізі­нен терең емес, шөп басқан, ағысы баяу жерлерді мекендейді. Суар­малы каналдарда, суару барысында күріш, мақта егістіктеріне де кетіп қалуы мүмкін. Ұсталған жағдайда аталмыш балықты көлеңкеге, шөпке тастаса бір тәулікке дейін шыдай алады екен. Жыланбас балық үш жасында, шамамен дене ұзындығы 30 см болғанда жынысқа жетіледі. Уылдырықтарын жағалау­лардағы жұмсақ және қатты су өсімдіктеріне, су температурасы 18-27°С шамасында шашады. Жы­ланбас балықты өсу жылдамдығы жоғары балықтың қатарына жат­қызуға болады. Жыланбас балық жыртқыш балық болып табылады. Шабақ кезінде бұл балық дафния, циклоп тәрізді, шаянтәрізділер­мен, инелік, хирономид дернәсілдері­мен қоректенеді. Өсе келе кәсіптік маңызы жоқ майда балықтармен, балық шабақтарымен қоректенуге көше бастайды, тіпті қорегінен көк-жасыл балдырларды да байқауға болады. Жыланбас балықтың еті жеуге жарамды, тіпті өте дәмді деп айтуға да болады. 
Аталмыш балық Сырдария өзенінде көп жылдардан бері тіршілік етіп келеді, Сыр өңі­рінің тұрғындары арасында «жылан балық» деген атпен танымал. Кә­сіптік тұрғыдан ауланады. Ал Іле - Балқаш су алабында бұрын соң­­ды кездеспегендіктен, осы өңірдің тұрғындарына таңсық болып көрінеді. Алғашқы кездері тіпті қорқыныш, үрей тудырғаны да жасырын емес, халық арасында жыланбас балық жайында небір алып қашпа әңгімелер де тарады. «Жыланбас балық судан шығып бірнеше метрге дейін қашқан адамды қуып бара алады, алдынан шыққан балық болсын, басқа болсын жаудай қырады, қырғидай тиеді екен» деген ертегі тәрізді мақалалар да жарық көрді. Әрине, бұл - асыра сілтеу. Өйткені, ертеректе де, қазір де ғалымдардың жүргізген зерттеулерінен бұндай деректерді байқамаймыз. Меніңше, бұл әңгі­мелер жыланбас балықтың жырт­қыш екендігіне қарап айтылса керек. Жоғарыда айтып кеткені­міз­дей, жыланбас балықтың жырт­қыш екені рас, дегенмен де ол адамға шабуылдап немесе басқа да қиянат жасамайды. Әрине, жыланбас ба­лық балық шабақтарын жеп, қандай да болмасын балық санына зиянын тигізсе, екінші жағынан, кәсіптік балықтардың уылдырықтары мен дернәсілдерін жейтін майда кәсіптік маңызы жоқ балықтармен де қоректене отырып, сол балық­тардың санының азаюына септігін де тигізеді. Басқа балықтар тәрізді аталмыш балықтың да өзіндік тіршілік ету ортасы бар. Сонымен, жыланбас балықты кәсіптік тұр­ғыдан көптеп аулап, сондай-ақ, тұтыну жолдарын тауып (етінен әртүрлі тағамдар дайындау әдіс­терін пайдаланса), тұрғындардың сұра­ны­сына ие болса, саны шектен тыс көбеймей, тұрақталып қалар еді. 

Дереккөз:Айқын