- Негізгі бет
- Ол кім? Бұл не?
- Жыланбас балық жайлы...
Жыланбас балық жайлы не білеміз?
Жыланбас балығы негізінен Іле - Балқаш су алабында бұрын-соңды кездеспеген, ихтиофауна құрамын толықтырған жаңа түр болып табылады. Сырт келбеті, яғни тері жабыны жыланға ұқсайды, сол себепті жыланбас аталуы да ғажап емес. Мұндай балық Іле - Балқаш су алабында қайдан келген, қалай пайда болған деген сан қилы сұрақтар мен ойлар туындауы мүмкін.
Деректерге сүйенсек, жыланбас балық негізінен, Қытай мен Корея су айдынында тіршілік етеді, сонымен бірге, Уссури, Сунгари өздерінің бассейіндерінде және Амур өзені мен Ханка көлінде кеңінен тараған. 1960 жылдардың басында Сырдария өзеніне ҚХР-дан өсімдікпен қоректенетін балықтарды жерсіндіру барысында енген. Одан кейін Арал теңізі, Талас және Шу, Сарысу өзенінің төменгі ағыстарына тарала бастаған. Ғалымдардың зерттеуі бойынша, Аралдан Алматы маңындағы тоғандардың біріне тұқы және өсімдік қоректі балықтардың шабағын әкелу барысында жыланбас балықтың да шабағы бірге келген, кейіннен суармалы каналдар арқылы Кіші Алматы, одан кейін Қапшағай суқоймасына құятын Қаскелең өзендерінде пайда бола бастады деген тұжырым бар.
Аздаған уақыт ішінде аталмыш балық суқойманың жоғарғы жағына (құярлық аймақтағы көлдерге), сондай-ақ, Іле өзенінің төменгі жағындағы көлдер жүйесіне дейін тарап кетті. Сөйтіп, 2008 жылдан бастап Қапшағай суқоймасы мен Іле өзенінде жыланбас балықтың бірен-сарандары балықшылардың және ғылыми тұрғыдан зерттеу барысындағы аулауда кездесе бастады. Мысалы, 2011 жылы ғылыми-зерттеу барысында 39 данасы ауланса, 2012 жылы - 33, 2013 ж. - 9, 2014 жылы - 34, 2015 жылы аулауда 9 данасы кездесті. Сандық көрсеткіштеріне қарап жыланбас саны азайды деп айта алмаймыз, ойткені жыл сайын бұл корсеткіштер ауытқып тұрды, сол себепті, оның санының және жалпы популяцияның тұрақталғаны жайлы айтуға әлі ерте. Сонымен бірге, жыланбас балықтың Іле - Балқаш су алабында пайда болуы Іле өзені арқылы ҚХР-дан да келуі мүмкін деген болжам да жоқ емес.
Жыланбас балықтың түсі батпақ түстес, арқасы қара немесе қара жасыл, құрсағы бозғылт немесе ашық жасыл, денесін ірі дақтар басқан болып келеді.
Жыланбас балық негізінен терең емес, шөп басқан, ағысы баяу жерлерді мекендейді. Суармалы каналдарда, суару барысында күріш, мақта егістіктеріне де кетіп қалуы мүмкін. Ұсталған жағдайда аталмыш балықты көлеңкеге, шөпке тастаса бір тәулікке дейін шыдай алады екен. Жыланбас балық үш жасында, шамамен дене ұзындығы 30 см болғанда жынысқа жетіледі. Уылдырықтарын жағалаулардағы жұмсақ және қатты су өсімдіктеріне, су температурасы 18-27°С шамасында шашады. Жыланбас балықты өсу жылдамдығы жоғары балықтың қатарына жатқызуға болады. Жыланбас балық жыртқыш балық болып табылады. Шабақ кезінде бұл балық дафния, циклоп тәрізді, шаянтәрізділермен, инелік, хирономид дернәсілдерімен қоректенеді. Өсе келе кәсіптік маңызы жоқ майда балықтармен, балық шабақтарымен қоректенуге көше бастайды, тіпті қорегінен көк-жасыл балдырларды да байқауға болады. Жыланбас балықтың еті жеуге жарамды, тіпті өте дәмді деп айтуға да болады.
Аталмыш балық Сырдария өзенінде көп жылдардан бері тіршілік етіп келеді, Сыр өңірінің тұрғындары арасында «жылан балық» деген атпен танымал. Кәсіптік тұрғыдан ауланады. Ал Іле - Балқаш су алабында бұрын соңды кездеспегендіктен, осы өңірдің тұрғындарына таңсық болып көрінеді. Алғашқы кездері тіпті қорқыныш, үрей тудырғаны да жасырын емес, халық арасында жыланбас балық жайында небір алып қашпа әңгімелер де тарады. «Жыланбас балық судан шығып бірнеше метрге дейін қашқан адамды қуып бара алады, алдынан шыққан балық болсын, басқа болсын жаудай қырады, қырғидай тиеді екен» деген ертегі тәрізді мақалалар да жарық көрді. Әрине, бұл - асыра сілтеу. Өйткені, ертеректе де, қазір де ғалымдардың жүргізген зерттеулерінен бұндай деректерді байқамаймыз. Меніңше, бұл әңгімелер жыланбас балықтың жыртқыш екендігіне қарап айтылса керек. Жоғарыда айтып кеткеніміздей, жыланбас балықтың жыртқыш екені рас, дегенмен де ол адамға шабуылдап немесе басқа да қиянат жасамайды. Әрине, жыланбас балық балық шабақтарын жеп, қандай да болмасын балық санына зиянын тигізсе, екінші жағынан, кәсіптік балықтардың уылдырықтары мен дернәсілдерін жейтін майда кәсіптік маңызы жоқ балықтармен де қоректене отырып, сол балықтардың санының азаюына септігін де тигізеді. Басқа балықтар тәрізді аталмыш балықтың да өзіндік тіршілік ету ортасы бар. Сонымен, жыланбас балықты кәсіптік тұрғыдан көптеп аулап, сондай-ақ, тұтыну жолдарын тауып (етінен әртүрлі тағамдар дайындау әдістерін пайдаланса), тұрғындардың сұранысына ие болса, саны шектен тыс көбеймей, тұрақталып қалар еді.
Дереккөз:Айқын
Н. Нұрмаханұлы