- Негізгі бет
- Ол кім? Бұл не?
- Жол ережелерінің дұрысы...
Жол ережелерінің дұрысы мен бұрысын анықтайық
Еліміздің барлық мектептерінде жол ережесін түсіндіргенде «Жасыл түс жанғанда жолдан сенімділікпен өтсеңіз болады» немесе «Бағдаршамның жасыл түсі жанған кезде ғана жолдан өтіңдер» деп үйретеді. Осы секілді ережелердің дұрысы мен бұрысын анықтап алған соң балаларыңызға қайта түсіндіруге кеңес береміз.
1. Дұрысында жасыл түс жанған кезде жолдан өтпей, жан-жағыңызға мұқият қарап алғаныңыз дұрыс. Тротуардан түспес бұрын сол жағыңызды, оң жағыңызды, артынша қайтадан сол жағыңызды бақылаңыз. Осыдан кейін ғана жолды кесіп өтіңіз. Мұнымен қатар бағдаршамның қызыл түсі жанғанда сіз жаққа қарай бұрылатын көліктерді ескеріңіз.
2. Қате тұжырым: "Жаяулар өтпесі ("Зебра") – қауіпсіздік кепілі".
Жаяулар өтпесінен өткенде міндетті түрде жан-жағыңызға қараңыз. Жолдан өтіп бара жатып ойнаудың немесе тоқтап басқа әрекеттер жасаудың қажеті жоқ. Көліктердің тоқтағанына толықтай көз жеткізіп, жолдан жылдам өтіңіз.
3. Қате ойлау жүйесі: "Жүргізуші сізді, сіз жүргізушіні көріп тұрсаңыз...".
Көлік жүргізушісі сізге қарап тұрғанның өзінде көрмей қалуы мүмкін. Сол себепті оның сізді көріп, жол беріп тұрғанына көз жеткізіңіз.
4. Қате ереже: "Жүргізуші сізді көрсе, жол береді..."
Жүргізуші сізге екі жағдайда ғана жол береді. Бірі – жасыл түс жанғанда, екіншісі – жаяулар жүретін жолдан өткенде.
Жоғарыда айтқанымыздай жүргізуші сізді көрмей жылдам өтіп кетуге әрекеттенуі мүмкін. Сол себепті жолдан өтерде қауіпсіздігіңізді қамтамасыз етіп алыңыз.
5. Құпталады: "Балаңызға ашық түсті киімдер кигізіңіз".
Балаларыңыз немесе жақындарыңыз оқудан кеш қайтатын болса, ашық түсті киімдер кигізіп қойғаныңыз жөн. Ең дұрысы – ашық түсті киім емес, түнде жылтырау қасиеті бар құрал беріңіз.
Түнде жол шетін жағалап жүретін болсаңыз, көліктерге қарама-қарсы бағытта ғана жүріңіз.
Қай жерде жүрсеңіздер де жолда жүру ережесін сақтап, басқаларды да соған шақырыңыздар.
Дайындаған: Қарлыға Бүйенбай
сурет: adrive.by
Қ. Бүйенбай