Аюдың барлық түрі адам айтқысыз ақылды болады. Есте сақтау қабілеті де өте жақсы дамыған әрі әр нәрсеге әуес. Үнемі жаңа да айрықша нысандарды бақылап жүреді. Аңшылар олардың қақпанға тас не таяқ лақтырып, тамағын зиян келтірмей алатынын анықтады. Аюды ізі арқылы тауып алу қиын. Жүрген кезде кейін шегініп, айналып жүріп, ізінен адастырып кетеді.
Аюлар тұқымдасының сегіз түрі бар. Оның төртеуі Оңтүстік, төртеуі солтүстік жартышарды мекендейді.
Бәріміз аюды маймақ, қисық аяқ санаймыз. Бұл мүлдем олай емес. Аю бір басқанда бірден оң аяқпен екі адым, содан кейін сол аяқпен екі адым басады. Сондықтан екі жаққа теңселіп жүретіндей көрінеді. (Білеміз, сіз қазір дәл солай жүріп көргіңіз келді).
Аю баяулығы мен ебедейсіздігіне қарамастан, өте жылдам жүгіреді. «Маймақ» аю қысқа шақырымда жылдамдығын 55 км/с арттыра алады. Бұл үнемі жаттығып жүрген жігіт жылдамдығынан 20 км/с артық.
Әлемдегі ең алып аю – полярлық түрі. Ересек еркегінің салмағы 500 кг дейін жетеді. Ал 30 000 жыл бұрын Солтүстік Америка аумағын мекен еткен қысқа тұмсықты аю одан екі есе үлкен болса керек.
Ал аю тұқымдастары ішінде ең кішкене түрі малай аюының тырнағы бәрінен ұзын – 10 см екен. Оның тілі де ұзын – 25 см.
Жер бетіндегі бүкіл аюдың түгі екі қабатты. Бірінші қабаты қысқа да қатты, ол жылу беру қызметін атқарады. Ал екінші қабаты ұзын әрі сирек, оның қызметі – судан қорғау.
Ақ аю мен пандадан басқалары түгелімен қысқы ұйқыға кетеді. Ұйқы кезінде жалпы салмағының 30-50 пайызын жоғалтады.
Аю сүтінің құнарлылығы сиыр сүтіне қарағанда 4 есе жоғары.
Полярлық аю ғана еттен өзге ештеңе жемейді. Ол бір жегенде 70 кг етті тауысып тастай алады.. Ал басқа аюдың барлығы кез келген нәрсе жей береді. Панда бір сәтте 22 кг бамбук тауысады.
Аюлардың көру қабілеті адамдардан қалыспайды. Ал есту және иіс сезу қабілеті бізге қарағанда әлдеқайда жақсы дамыған. Қоңыр аю бал иісін 8-9 км қашықтықтан сезеді, араның ызыңын 5 км жерден естиді. Олар айналасында қай жерде қандай жеміс-жидек, саңырауқұлақ өсетінін және қашан пісіп-жетілетінін жатқа біледі.
Пандада 6 саусақ болады. Анығырақ айтсақ, бес толық саусағы және ағашқа өрмелегенде көмекке келетін бір қосымша саусағы бар.