Жан-жануарға құйрық не үшін керек?

Жан-жануарға құйрық не үшін керек?
Фото: portal.azertag.az

Мысық не итті құйрықсыз елестету мүмкін емес. Жан-жануарға құйрық не үшін керек? Ойланып көрдіңіз бе? 

Кейбір жануар үшін құйрық шыбын өлтіргіштің қызметін атқарады. Сиыр мен жылқы жазда құйрығын оңды-солды лақтырып, денесіне қонған шыбын-шіркейден қорғанып тұрады. 

Ит болса, құйрығы арқылы сөйлеседі екен. Қожайынын көргенде кез келген ит құйрығын бұлғаңдатып, еркелейді. Ал әлденеден қорқып тұрған ит құйрығын екі аяғының ортасына қысып алады. 

Қасқыр мен түлкі құйрығын көрпе ретінде қолданады. Олар қыстың суығында қарды қазып, құйрығымен денесін орап жатады. Жүгірген кезде қасқыр мен түлкінің құйрығы рөл қызметін атқарып, тез бұрылуға көмектеседі. Құйрықты рөл ретінде тиін де қолданады. 

Маймылға құйрық азық тапқанда ауадай қажет. Ол құйрығымен талға ілініп, азығын алып жейді. 

Р. Роза