Гитлер Эйнштейнді неге жек көрді?

Адамзат тарихына бетбұрыс алып келген Альберт Эйнштейн Германияның Ульм қаласында дүниеге келген. Мектепті бітіргенше сол елде тұрады. Кейіннен әкесінің жұмыс ауыстыруына байланысты жастық шағын Италияда, Швейцарияда өткізеді. Шетелде жүріп университетті бітіреді, алғашқы жұмысы Патенттік бюроға орналасады, тіпті отбасын құрғанда да шетелде еді.

Алайда Эйнштейн мектептегі қиын кездеріне қарамай Германияны жақсы көрді. Арманындағы жұмысты ұсынған да Германиядағы университет болатын. Альберттің арманындағы жұмыс ­– күн бойы ештеңе істемей тек ойланып отыру еді және сол үшін ақы төленсе.

1913 жылы Берлиндегі танымал университеттердің бірі бұған өзі күткеннен әлдеқайда көп жалақы ұсынады. Оның бар істеу керек жұмысы – университетке келіп ойлану. Көңілі қалаған кезде ғана дәріс оқыса жеткілікті. Альберт қиялдауға неғұрлым уақыт көп болса, соғұрлым ғылыми жаңалықтар ашуға мүмкіндігім болады деп сенді. Расында, оның шексіздікке байланған қиялы ғылым үшін орасан олжа әкелді емес пе?! Ендігі жерде ол туған жерінде өмірінің жаңа кезеңін бастап та кетті.

Эйнштейнге қарсы жүз жазушы


©pixabay

Бастапқыда азғантай адамдардан құралған нацистік партия 1930 жылдарға қарай Германиядағы ең ірі партияға айналады. Өздеріңіз білетіндей, нацистердің басшысы Адольф Гитлер еврейлерді жек көрген. Оларға мектепте оқуға, жұмыс істеуге, баспана иеленуге, өз дінін ұстануға тыйым салынады. Көп ұзамай нацистер еврейлерді жаппай өлтіре бастайды. Олардың қалауы – еврей нәсілін жер бетінен жойып жіберу. Нацистер 1945 жылы Екінші дүниежүзілік соғыста жеңілгенге дейін алты миллион еврейдің көзін жойған. 

1930 жылдары нацистер билікке келген соң, Альберттің өміріне шындап қауіп төнеді. Себебі Эйнштейннің де ұлты еврей. Ұрандаған әскерилер университет кітапханаларын қиратып, кітаптарды өртегенде көбіне Альберттің кітаптарынан бастаушы еді. Бірақ ол өміріне қауіп төніп тұрғанына қарамай, достары мен туыстары қанша үгіттесе де, Германиядан кетуден бас тартады.  

1922 жылы Нобель сыйлығын алып үлгерген Эйнштейнді себепсіз ұстап алуға Гитлердің де шамасы келмейтін. Нацистердің күшіне енген 1930 жылдары Альберттің даңқы әлемге жайылып үлгерген еді.  

Эйнштейн сол жылдары Шығыс елдеріне, Азияға, Құрама Штаттардың батыс жағалауына табан тірейді. Даңқты ғалым қайда барса да, шулаған қалың нөпір қуана қарсы алып жатады. Тіпті Жапония Альберттің келетін күнін демалыс деп жариялаған екен. Испанияда оны мыңдаған жанкүйерімен бірге корольдің өзі күтіп алады. 

Оксфорд, Кембридж, Гарвард, Сорбонна және басқа да көптеген университеттер Альбертке құрметті доктор атағын беріп жатты. Әлемнің түрлі университеттері дәріс оқуға шақырғанда Альберт үнемі еврейлерге қаражат жинауға үндеп, бүкіл халыққа Германиядағы саяси шиеленіс туралы ескертіп жүреді. Оны бүкіл әлем жақсы көргенімен, өзінің туған жері – Германиядағылар жек көретін еді. Нацистер тіпті «Эйнштейнге қарсы жүз жазушы» деген кітап шығарады. «Неліктен жүз? Менікі өтірік болса, бір жазушы да жетер еді ғой» – деп жауап берген екен бұған Альберт. 

Гитлер Эйнштейнді өлім жазасына бұйырады


©Wikipedia

Нацистік Германияда тұратын Альберттің аман қалуы, шын мәнінде оның жолы болғанының көрінісі еді. 1931 жылы Эйнштейн Калифорния университетінде дәріс оқып жүргенде Гитлер оны тыңшы деп жариялап, өлім жазасына бұйырған.

Араға екі жыл тастап Альберт пен әйелі Эльза Калифорниядан өз үйіне оралған кезде, нацистер олардың Германияда орналасқан Капуттегі үйіне басып кіреді. Асүйден әскерилер нан турайтын пышақ тауып алады, анығында нан турайтын пышақ үнемі асүйдегі шкафта тұратын. Нацистер бұл пышақты Альберттің қауіпті адам екенінің дәлелі деп таниды.

Осыны желеу еткен нацистер оның үйі мен ақшасын кәмпескелейді. Енді Альберт пен Эльза туған жерлеріне қайтып оралуды армандай да алмайтын. Шұғыл жиналған олар Бельгиядан жалға үй алады.

Сол кездері нацистер тағы бір кітап жариялаған еді, оны Бельгияда да сатып алуға болатын. Альберттің суреті кітаптың бірінші бетіне «әлі дарға асылмаған» деген жазумен жарияланады.

Енді Бельгияда жүру тым қауіпті. Эйнштейн отбасы Англияға көшуді ойлайды. Алайда бұл да өте қауіпті сапар болғалы тұр. Англиядағы нацистер Альберттің өліміне сыйақы тағайындап қойған. Мұны естіген Альберт: «Мен соншалықты қымбат тұратынымды бұрын білмеген екем», – деп әзілдейтін.

Ақыры Альберт пен Эльза Құрама Штаттар жаңа үйіміз болады деген ұйғарымға келді. Альберт Нью-Джерси штатының Принстон қаласындағы перспективті зерттеулер Институтының математика профессоры болып тағайындалады. Бір қызық жайт, Альберт 3000 доллар жалақыға келіскенімен, Эльза қайта келіссөз жүргізіп, университет басшылығын 16 000 доллар жалақы төлеуге көндіреді. 1933 жылдың соңына қарай Альберт пен Эльза студенттердің шағын қалашығына орналасты. 

Эйнштейн және атом бомбасы

Принстондағы алғашқы жылдар өте ауыр болады. Альберт 54-ке келген, жас күніндегідей қайраты да жоқ. Бұрынғыдай әлемді жаңа идеяларымен таңғалдыра алмайды. Құрама Штаттарға көшіп келген соң үш жыл өткенде әйелі өмірден озады. Бұл аздай Германияда ажал құшқан достары туралы хабарлар күнбе күн келіп жатты. 

Альберт қалған өмірінің бәрін нацистерді тоқтатуға жұмсауды ұйғарады. Ол қаражат жинау үшін скрипкада ойнап, концерттерге шығады. Бірақ Гитлерді тоқтатуға бұл жеткіліксіз болатын. 

Альберттің әйгілі E=mc2 теңдеуі – бірнеше ғана атомды энергияға айналдырғанның өзінде, бұл энергияның орасан үлкен көлеміне алып келетінін білдіреді.

1939 жылы Альберт еуропалық ғалымдар атом бомбасын дайындап жатқанын естиді. Егер Германия бомбаны бірінші болып жасап үлгерсе не болатынын ойлаудың өзі қорқынышты еді. Сондықтан Альберт АҚШ президенті Франклин Рузвельтке хат жазады. Ол Құрама Штаттар тез арада атом бомбасын жасауға кірісуі тиіс дейді. 

Альбертке мұндай хатты жазу оңайға соқпады. Өздерің білетіндей, ол соғысты жек көретін, қаруды жек көретін. Соған қарамастан, Құрама Штаттардан тез арада жойқын бомба жасауды өтінген хатқа қол қояды. Тіпті, ең қарапайым атом бомбасы бүтін бір қаланы күйретіп, бірнеше секунд ішінде мыңдаған адамды өлтіретін күшке ие. Бірақ Альберт мұндай қаруды нацистер ғана жасап шығарса, жағдай одан да жаман болады деп есептейді. 

Осы хаттың ықпалымен президент Рузвельт құпия түрде атом бомбасын дайындауға бұйрық береді.

Көп жылдар өткен соң Эйнштейн әлем тарихындағы осы бір сындарлы сәт туралы ойланып отырып: «Мен өмірімде үлкен бір қателік жібердім – атом бомбасын жасауға кеңес беріп, президент Рузвельтке хат жаздым... бірақ мұның себебі бар еді – Германия атом бомбасын бірінші жасап қоя ма деген үлкен қауіп болды».

Эйнштейннің әйгілі сөзі


©pixabay

Екінші дүниежүзілік соғыстан соң Альберт бар уақыты мен қайратын атом қаруын жасаудың алдын алуға жұмсайды. «Үшінші дүниежүзілік соғыстың қандай қарумен өтетінін білмеймін, бірақ төртіншіде адамдар таяқпен, таспен соғысады!» – деп ескертеді Эйнштейн. Ол үшінші (атомдық) дүниежүзілік соғыстан соң бүкіл әлемнің күл-талқаны шығып қирайтыны сонша, адамдар үңгірдегі өміріне қайта оралатынын меңзеп тұр. 

«Біз, ғалымдар – бұл қаруды пайдалануды болдырмау үшін қолымыздан келгеннің бәрін жасауды парыз санауымыз керек» – деген Альберт. 

Кейбір адамдар әлі күнге дейін атом бомбасының пайда болуына Эйнштейн кінәлі деп санайды, өйткені масса мен энергияның өзара байланысын ашқан сол еді. Бірақ әр құлаған ұшақ үшін, тартылыс заңын ашқан Исаак Ньютонды кінәлауға бола ма?

Сол секілді Эйнштейн де атом қаруын ойлап тапқан жоқ. Ол өз ғылыми еңбектерін адамзаттың игілігі үшін жасаған болатын.