- Негізгі бет
- Ол кім? Бұл не?
- Бұйра тотықұс күтімі...
Бұйра тотықұс күтімі
Бүгін, 4 қазан – халықаралық жануарлар күні. Бүгінде ит, мысықпен қатар тотықұс асырайтын адамдар да аз емес. Ендеше, бүгін бұйра тотықұс туралы айтамыз.
Бұйра тотықұстың Отаны – Аустралия. Жабайы табиғатта олар топ болып өмір сүреді. Үй жағдайында торда асырауға болады.
Алдымен бұйра тотықұсты қалай таңдау керек деген сұраққа келейік. Оны дүкеннен, интернеттен, базардағы тотықұс асыраушылардан сатып алуға болады. Сатып алар кезде тордың жанында біраз уақыт тұрып, тотықұсты бақылау керек. Дені сау тотықұс көп қозғалады, шықылықтайды, тамағын жейді.
Тор кең әрі ашық болғаны дұрыс. Тамақ салғышы мен су құйғышын да бірге алыңыз.
Бұйра тотықұс үркек әрі күйзеліске көп түскіш келеді. Оған сәл қысым көрсетсеңіз, құс оны көтере алмай, өліп қалуы мүмкін. Сондықтан тотықұсқа бар мейіріміңізді төгіп, оны жақсы көретініңізді білдіріңіз. Торынан жиі шығарып, еркіндік беріңіз. Тотықұсқа ат қойып алып, оны атымен шақырып, сөйлесіңіз.
Тотықұс – ерекше жаратылыс иесі. Сұлу, нәзік, бір түйір жаратылыс көп таранады, тазалықты сүйеді. Көңілді көтеретін жаратылысқа қарап отырып сүйсінуге болады. Оның бөлмеде дүр етіп ұшқаны да, қонғаны да ерекше әсер сыйлайды.
Бұйра тотықұсты аурудан сақтау үшін:
- Жылына 2 рет ішекқұртқа қарсы дәрі беру керек;
- Торды темекі тартылатын бөлмеге қоймау керек;
- Үнемі сапалы, жаңа піскен ас беріңіз. Рационында жаңа піскен жеміс-жидектер болғанын қадағалаңыз;
- Тордың ішін жиі жуып, суын күнде ауыстырып тұрыңыз.
Айтпақшы бұйра тотықұстың бәрі сөйлей алмайтыны да есіңізде жүрсін. Бірақ кейбір дарынды тотықұстар сөйлеп, ән салып, әлемді таңғалдыруда.
Бұйра тотықұс асырағанда оған көп мән беру керек. Оны ойнатып, тордың ішіне де ойыншықтар іліп қойыңыз. Өзіңізді тотықұстың орнына қойып көріп, тым болмаса бос уақытыңызды тотықұсқа арнаңыз.
Сізге үйренген бұйра тотықұс өміріңіздің маңызды бөлігіне айналмақ.
Автор: Мейіргүл Оңғарова
Сурет: Мейіргүл Оңғарова
Р. Роза