Пазл – басқатырғыш, адамды ұшқыр ойлауға үйрететін һәм логикасын дамытатын ойын түрі. Ойын үлкен көлемдегі біртұтас суреттің жеке-жеке бөлшектерін жинап құрастыру арқылы жүргізіледі. Пазлдың өзіндік ерекшелігі – арнайы жалғастырушы «кілттері» құралған суреттің бөлініп кетуіне жол бермейтіндігінде. Бәріміздің пазлды уақытылы тез жинап, құрастырғанымызда Алатаудың шыңын бағындырғандай керемет сезімге бөленетініміз сөзсіз. Бүгінгі таңда бұл басқатырғыштың керек десеңіз, 32 мың элементтен асатын түрлері бар. Үлкен үшөлшемді және голограммалық түрлері де кездеседі. Бірақ, бөлшек бейнелердің қайда және қалай пайда болғанын, оны кім ойлап тапқанын көп ешкім біле бермейді. Осы тұрғыда massaget.kz оқырмандарына азды-көпті мағлұмат беруді жөн көрдік.
Пазлды алғаш өндіруші фабрика 1909 жылы ашылған, оған дейін тек қана ауқатты ата-аналардың балалары ойнай алатын болған. Пазлдың алғаш ойлап табылған күні нақты белгісіз. Кейбір деректерге сүйенсек, 1760-1764 жылдар арасында пайда болған екен. Оқытушы-әдіскер Джон Спилсбери оқушыларға арнап географиялық карта жасайды, одан соң Жағрафия пәнін қызықты өткізу үшін түрлі әдістерді іздейді. Ізденімпаз Джон картаны ағаш тақтайшаға желімдеп, патшалықтардың шекаралары бойынша қияды. Содан кейін шәкірттеріне орындарын дәл тауып қоюды тапсырады. Дәл осылай ең алғаш пазл дүниеге келген. Аталмыш ойын түрінің білім жүйесінде айтарлықтай нәтиже беріп, оқушылардың ойлау қабілетінің дамуына үлкен үлес қосқандықтан, Спилсбери өмірінде басқатырғыштың географиялық негізде отыз түрін жасап кеткен. Өзі дүниеден өткеннен кейін әйелі Сара Мэй пазлды жасап сатып, оның ісін жалғастырған.
Кейін оқушылар үшін пазл – дидактикалық материал да, бас қатыратын, ойды ұштайтын ойын да болды. Сол кездерде пазлды аса құштарлықпен қолданған екен. Тек жиырмасыншы ғасырда ағаш тақтайшаны картонмен алмастырғаннан кейін, көптеп шығарылып, құны қолжетімді болды. Бүгінгі таңда пазлдар балалардың сүйікті ойыншығына айналды. Алайда, ойлау қабілетін дамыту үшін ересектердің де ойнап тұратыны жасырын емес. Сондықтан да, бұл бөлшек бейнелер қазір де үлкен сұранысқа ие.
Сурет: igor-grek.com, referat.ru, femilia.ru, lenagold.ru.