- Негізгі бет
- Ол кім? Бұл не?
- Бидайық тек шөптің...
Бидайық тек шөптің аты ма?
Сонау бір жылы көгалдағы хоккей саңлағын «Бидайықтың көл жайқаған жалғызына» теңейміз деп дауға қалғанымыз бар. Дау шығарған елге аты танымал журналист ағамыз: «Біз де қалам ұстап жүрміз, қазақтың сөзін бір кісідей білеміз. Мен білетін бидайық деген шөп бар. Ал, «Бидайықтың көл жайқаған жалғызындай» деген сөйлем бола ма? Егер бидайық шөп болса, ол қалай көл жайқайды? Ол қалай жалғыз болады?» деп қиғылық салды. Уәжімізге құлақ аспай қойды. Бақсақ, бидайық құсын білетіндер өте аз көрінеді. Сол себепті, оқырман назарына бидайық атты құсқа қатысты деректерді ұсындық.
Әрине, бидайық атты жабайы шөп қазақ даласының барлық өңірінде өседі. Сондықтан оны шөп деп қана ұғатындардың қатары көп. Ал, бидайық құсы өте сирек кездеседі. Бірақ, халқымыздың бидайық атты жыртқыш құсты атам заманнан білетініне дәлел аз емес. Мысалы, Ақан серінің: «Бидайыққа ылайық қарағым-ай, Бөктергіге жем болып барасың-ау» деген өлеңін алайық. Мұндағы бидайық пен бөктергінің екеуі де жыртқыш құстар. Тек бидайық лашынға ұқсас алғыр құс болса, бөктергі дегені күйкентай сияқты жасықтау, жүрексіздеу құс. Сондай-ақ, Бидайық құсының шапшаңдығына қатысты айтылған «Бидайықтай қуырды» деген сөз бар. (Кейбіреулер мұны «Бидайдай қуырды» деп мүлде бұра тартып жүр). «Жан алқымға алды, еш мүмкіндікке мұрша бермеді» деген мағынаны білдіреді. Мұның бәрі кезінде бидайық құсын қазақ баласының аса жақсы айыра білгеніне айғақ.
Сонда бұл бидайық дегеніміз қандай құс? Зерттеушілер дерегіне сүйенсек сұңқар тектес жыртқыш құс. Таулы-тасты жерлерді, жарлар мен құздарды мекен етеді. Шәулісінің (қоразының) қанатының ұзындығы 27-30 см, салмағы 330-350 грамм. Ұябасары шәулісіне қарағанда ірілеу. Арқасы көлденең жолақты сұр, ал, бауыры күрең, қызғылт күрең түсті келеді. Төсінде дөңгелек дақтары бар. Бидайықтың лашыннан ерекшелігі: төбесі жирен, көзінің астында ұзынша келген қос қара “мұртшасының” шеті күрең түсті болады. Ұясын биік, тік жартастарға салады. Бидайық оңтүстікте — отырықшы, ал шығыста — жыл құсы. Олар бір рет жұптасып, наурыздың ортасында шәулісі мен ұябасары 1-4 жұмыртқаны 30-33 күн аралығында басады. Балапандары 1,5 айда ұядан ұшады. Негізінен құстарды қорек етеді. Жемтігін ұшып жүріп ұстайды. Тіршілігі әлі толық зерттелмеген. Бидайық құсы Ақсу-Жабағылы, Алматы қорықтарында қорғалады. Өте сирек кездесетін құс болғандықтан, Қазақстанның “Қызыл кітабына” енгізілген.
Егер Алматы қаласына жолыңыз түссе хайуанаттар бағына баруға уақыт табыңыз. Бидайық құсының қос жұбы сол бақтың арнаулы күтімінде бар екен.
Дереккөз: namys.kz
О. Сансызбай