- Негізгі бет
- Ол кім? Бұл не?
- Белгілі тұлғалардың белгісіз...
Белгілі тұлғалардың белгісіз жетістіктері
Аты әлемге әйгілі адамдар туралы мәліметтерге әркімнің-ақ құлағы қанық. Олар жайында біліп, қабілеттеріне сүйсінген жастар ұлыларды үлгі тұтады. Алайда, “білмейтінің тоқсан тоғыз” дегендей, бұл тұлғалардың өмірінде ақ дақ қалмағандай көрінгенмен, біз білмейтін қасиеттері де жетіп артылады екен. Ендеше, біле жүрейік, ойға түйе жүрейік!
Уолт Дисней Оскар сыйлығына 59 рет ұсынылған
Тарихта Уолт Дисней басқа адамдарға қарағанда, ең көп марапатқа ие болып, Academy Awards сыйлығы бойынша көптеген номинация алу арқылы рекорд жасады. Дисней өз мансабында Оскар сыйлығына 59 рет ұсынылып, оны 22 рет жеңіп алған. Ол, сонымен қатар, төрт рет құрмет Оскар сыйлығын иеленді. Солардың бірі, қиялы арқылы кинофильмдерде дыбыс пайдалануды жақсартқаны үшін,ал басқасы Микки Маусты ойлап тапқаны үшін берілген еді. Сонымен қатар, ол Emmy Awards сыйлығымен 7 рет марапатталды.
Альберт Эйнштейн Израиль елінің президенттігіне ұсынылған
Эйнштейн бала кезінде еркін сөйлей алмаған екен. Сол себепті, ата-анасы оның ақыл-есі кем болуы мүмкін деген ойға келеді. Алайда, Альберт Эйнштейн терең білімінің арқасында Израиль елінің президенттігіне ұсынылады. 1952 жылы Хаима Вейзманн есімді президент қайтыс болғаннан кейін, премьер-министр Давид Бен-Гурионнан осындай ұсыныс түседі. «Мен аздап ғылымды ғана білемін, ал адамдар туралы мүлдем ештеңе білмеймін» деп, Эйнштейн президенттіктен бас тартады. Ата-анасы үміт күтпеген бала тек ғылымда жетістікке жетіп қана қоймай, сонымен қатар скрипка аспабында ойнай білген.
Джордж Бернард Шоу — Нобель және Оскар сыйлықтарын бірдей алған жалғыз адам
Ирланд отбасында дүниеге келген ағылшын жазушысы Джордж Бернард Шоу қос марапатты бірдей алған жалғыз адам – ол Нобель сыйлығын 1925 жылы әдебиетке орасан зор үлес қосқаны үшін және 1938 жылы Оскар сыйлығын «Пигмалион» фильмі бойынша жасаған жұмысы үшін иеленді.
Леонардо да Винчи бір қолымен жазып жатқан кезде,
екінші қолымен сурет сала алатын болған
Леонардо да Винчи керемет суретшілімен қатар, өнертапқыш, ғалым, математик, инженер, жазушы, музыкант және тағы басқа қасиеттерге ие болған. Леонардо да Винчи бір қолымен жазып жатқан кезде, екінші қолымен сурет сала алатын болған. Тарихи тұлға керісінше жазу арқылы өз ойларын басқалардан жасырын ұстаған. Оның шығармаларын оқу үшін айна пайдалануға тура келеді.
Леонардо да Винчи Мона Лиза кескіндемесін жасауға 15 жыл жұмыс істеді. Ол 1519 жылы қайтыс болған кезде, туындының бетінде күні жазылып, қолы қойылмаған болатын. Бұл суретшінің ойынша Мона Лиза кекіндемесі аяқталмаған болса керек.
Наполеон Бонапарт суретші әрі жазушы болған
Францияның мемлекеттік қайраткері, қолбасшы, император Наполеон Бонапарттың аты өз кезінде күллі ғаламды дүр сілкіндірген. Оның мықты әскери қабілеттерінен өзге, біз білмейін қырлары да бар болып шықты. Мысалы, Италия ұлттық туының суретін Наполеон Бонапарттың өзі дайындаған. Наполеон, сонымен бірге «Клиссон және Евгения» атты романтикалық туынды жазған. Бұл оқиғада жауынгер мен оның сүйіктісі арасындағы сезім сипатталады. Бұдан өзі мен Дезирэнің арасындағы қарым-қатынастан айқын параллель көруге болады.
А. Оралқызы