- Негізгі бет
- Ол кім? Бұл не?
- Аяқ астынан туған...
Аяқ астынан туған өнертабыстар
Талай керемет туындылардың кездойсоқтықтан туғандығын мына сіз бен біз жақсы білеміз. «Өмірдің өзі тосынсыйға толы» дейтін болсақ, ойда-жоқта өмірімізден орын алып, бүгінде ажырамас серігімізге айналып үлгерген мына өнертабыстардың қалай пайда болғанын білесіз бе?
1. Картоп чипстері
Джордж Крам Нью-Йорк кафесінің бас аспазшы болып жұмыс істеп жүреді. Бір күні әлемдегі алғашқы картоп чипсісін міншіл клиенттің қыңырлығы арқасында жасайды. Клиент бір тәрелке қуырылған картоп сұратады, бірақ балғын картоптың жұмсақтығы оның көңілінен шықпайды. Мұны байқаған Крам оған тез арада картопты жіңішкелеп турап, оны қытырлағанға дейін қуырып, әкеліп береді. Қытырлаған тағамды қытымыр клиент сүйсіне жейді. Онымен қоймай қосымша сұратады. Міне, дәл осылай қытырлақ картоп дәмді тағамдар қатарын толықтырды.
2. Қысқатолқынды пеш
Бір ғалымның шоколадты батончигі болмаса, бұл пеш те болмас па еді? Перси Спенсер Raytheon корпорациясында инженер болып жұмыс жасаған. Ол радарды жабдықтайтын құралды тексеріс өткізу кезінде, қызық жағдайды байқайды. Жиілігі аса жоғары сәулелену оның қалтасындағы шоколадты батончигін ерітіп жіберген. Өз табысыны тексеру үшін қосулы тұрған магнетронға попкорнды салса, олар жарыла бастаған. Осыдан кейін, қысқатолқынды пештің дәуірі басталған.
3. Слинки (Slinky) – қозғалғыш серіппе
Бұл ойыншықты жақсы көрмейтін адам кемде-кем. «Слинки» деген атын жатырқап, «пружина» деп атайтынбыз. Бұл зат кездейсоқ оқиғадан туындаған. Әскери-теңіз инженері Ричард Джонс қуат деңгейінің тіркеуішін жасаған. Жұмыс шеңберінде ол серіппенің созылуына тәжірибе жасайды, бірақ күтпеген жерден серіппенің біреуін жұмыс кезінде жерге түсіріп алады. Серіппе жерге түсісімен секіре жөнеледі. Біз «Серіппе» атап жүрген Слинки дүние есігін осылайша секіре ашқан екен.
4. Сынбайтын терезе
1903 жылы француз ғалымы Эдуард Бенедиктус нитрат целлюлоза толтырылған әйнек түтікті байқаусызда жерге түсіріп алады. Шыны түтікше бөлінгенімен, шыны жарықшақтары жан-жаққа шашылмаған. Бұған Эдуард қатты таңырқайды. Сөйтсе, шыны ішіндегі сұйықтық әйнектің ұсақ кесектерін біртұтас ұстап тұрған екен. Бұл алғашқы шағылмайтын шыны еді. Бүгінгі таңда бұл өнім көлік жасау, қорғаныш көзілдіріктерін жасауда, тағы сол сияқты сан түрлі қызметте қолданылып жүр.
5. Шоколад үгіндісі қосылған печенье
Бұл тәтті туынды да ойда-жоқта пайда болған. Toll House Inn қонақүйінің қожайыны Рут Уэйкфилд ойлап тапқан. Бір күні Рут шоколадты печенье пісірейін деп жүріп, какаоның жоғын байқайды да, ұн илейді. Сасқанынан қамырға кесек шоколад қосады. Шокалад қамырда ерімей, оған жабысады. Сөйтіп, шоколад үгіндісі қосылған печенье осылай ғаламның сүйікті тағамына айналды.
6. Ысытылған резеңке
Жас ғалым Чарльз Гудьир каучукты магнезия, әктас, азот қышқылымен араластырса не болатынын тексеріп көрмек болады. Өкінішке орай, ол ешқандай қорытынды бермеді. Содан соң каучукты күкіртпен араластырып және абайсыз ыстық бетке құлатып алады. Нәтижесінде біз қолданып жүрген доптан бастап, автомобиль доңғалағының тысына дейін жасалатын иілгіш резеңке пайда болды. Бұл туындысын 1844 жылы Чарльз Гудьир патенттеп, атауын ойлана келе, ежелгі Римнің от құдайының атымен атап «Вулкан» деп ат қойған. Содан соң «Вулканизация» деген терминдік атау қалыптасқан.
7. Таяқшалы балмұздақ
Әңгімеміз миллиондаған адам білетін және ұнататын таяқшасы бар жемісті немесе шырынды балмұздақ туралы болмақ. Бұл өнімді авторы 1905 жылы 11 жасында жасаған. Сусынды дайындау үшін суға тәтті ұнтақ сеуіп, қыстыгүні кесесін далаға ұмытып кетіпті. Сусынды араластырған таяқшасын да кеседе қалдырыпты. Ол қатқан соң, пайда болған тәттісі оған қатты ұнапты. Ол бұл туралы достарына айтып, кейін есінен шығып кетіпті. Өзінің туындысын тек 18 жасында есіне түсіреді. Алғашқы таяқшалы «Epsicles» балмұздағы осылай пайда болған екен. Осындай үлгідегі балмұздақты басқа да өндірушілер шығара бастады. Нәтижесі – бүгінгі біз көріп жүрген жемісті, шырынды, шоколадты балмұздақтар.
Жалғасы бар...
Сурет: themodis.ru, vitek.ru, 90is.ru,
bigpicture.ru, empirememol.blogspot.com, artleo.com
Е. Жұмабайұлы