Ғалымдар ең ұзын өзен статусына қатысты бүгінде әртүрлі пікір айтып жүр. Олардың бір тобы Африка құрлығындағы Нілді ең ұзын десе, тағы бір тобы әлемдегі ең ұзын өзен Амазонка екенін алға тартады. Риторикалық сұрақтың соңғы жауабын анықтау үшін өткен ғасырда өлшеу жұмыстары жүргізілген. Нәтижесінде ең ұзын өзен Оңтүстік Американың солтүстігімен ағып өтетін Амазонка екені белгілі болды.
Ніл өзені Бурунди елінен бастау алып, Жерорта теңізіне құяды. Оның жалпы ұзындығы – 6671 шақырым. Әлемдегі ең үлкен шөл Сахараны кесіп өтетін өзен теңізге жеткен жерінде ені 250 шақырымды қамтитын атырау қалыптастырған. Атырауда Александрия қаласы бой көтерді.
Африканың климаты құрғақ әрі ыстық болғандықтан, солтүстік-шығыс аймақтағы елдер үшін Ніл өзені негізгі су ресурсына айналған. Әлемдегі ең көне Мысыр өркениеті де осы өзеннің бойында дамыған.
Ніл атырауының ғарыштан түсірілген көрінісі
Сахара аймағында Нілдің басқа арналары болмағандықтан, өзен суы жаз айларында да мол болып ағады. Ал Ніл бойында құрылған «Асуан» су электр станциясы Египетте қолданылатын энергияның жартысын қамтамасыз етеді. Нілдің Египеттен бөлек, Судан еліне де пайдасы мол. Екі ел арасында суару кезеңі басталған кезде өзен суын тармақтау мәселесіне қатысты дау туындап та жатады.