- Негізгі бет
- Ол кім? Бұл не?
- Әлемдегі ең үлкен...
Әлемдегі ең үлкен кеміргіш
Капибара - әлемдегі ең ірі кеміргіш. Оның денесі қатты қылшықпен көмкерілген. Аяғында жүзетін жарғақтары бар. Соның көмегімен ол жақсы жүзеді әрі жақсы сүңгиді. Шөбі шүйгінді өзен жағалауларында қоныстанады. Су өсімдіктерімен қоректенеді. Әр еркегінің бірнеше жұбы болады. Аналықтары жылына үш рет екіден, төрттен бала табады. Балаларының көзі ашық, дамыған қалыпта тууы олардың қолға тез үйренуіне де көмектеседі. Олар мейрімді, момын келеді.
Денесінің ұзындығы - 107-134 см, ал бойы - 50-64 см, салмағы - 35-66 килограмды құрайды. Олар Оңтүстік және Орталық Американың су жағалауларында, тропикалық аймақтарында мекендейді. Капибара Бразилия, Аргентина, Колумбия, Уругвай, Венесуэла, Перу, Гайана, Парагвай сияқты елдерде көптеп кездеседі. Өйткені осы аталған елдердің ауасы мен суы олар үшін қолайлы.
Сурет: goodnewsanimal.ru, animalbox.ru
Ж. Исакаев