Кәсіпқой культурист, халықаралық біріншіліктің 8 дүркін жеңімпазы Ронни Роналд Колеман бүгінде осы атаққа бірден-бір лайық адам.
1964 жылдың мамыр айында дүниеге келген Ронни бала кезінен спортқа бейім болып өскен. Бала Ронни көп уақытын жаттығу залында өткізіп, футбол, баскетбол, волейбол ойындарын шебер меңгерген. 12 жасында бұлшық еті сыртына тепкен шымыр баланы көргендер оны ауыр атлетикамен айналысып жүр деп ойлаған. Бірақ олар қателескен екен, ол тіпті зілтемірдің жанына да бармапты. Тек турникте тартылып, еденде етбеттеп жатып, аяқ-қолдарының бұлшық еттерін шынықтырған. Арада жылдар өткенде ғана ауыр атлетикаға ден қоя бастаған.
Ронни әлемдегі ең күшті культурист. 1986 жылы АҚШ-тағы Грэнблинг университетін бітірген соң спортқа біржолата ден қойған. Оның алдында біраз есеп-қисап саласында қызмет еткен. Техас штатындағы Арлингтон қаласында полиция бөлімшесінде де жұмыс істеген. Дегенмен, жанына серік болған спортты тастамай, жаттығуларын жалғастыра берген. Нәтижесінде бірқатар спорттық турнирлерде топ жарған.
2007 жылы "Мистер Олимпия" конкурсында бұла күштің иесі бәсекелестерінің бәрін шаң қаптырып кеткен. Салмағы 150 килограмм, бойы 185 см болатын алыптың алдына ешкім де түсе алмаған.
Ронни әлі де үлкен спорттан қол үзбей келеді. Күн сайын жаттығулар жасап, дене сымбатын арттыру сергектікті серік еткен жанның басты ермегіне айналған.
Сурет: bodyfit.com.