Адамның ақылы мидың салмағына байланысты ма?

Ғалымдардың айтуынша, ми ешқашан демалмайды. Бір қызығы тіпті түнде дененің көптеген мүшелері босаңсып, қозғалмайтын күйге түссе де, ми жұмыс істеп жатады. Жүректің соғысын, дененің қызуын, ас қорыту жүйесін және ішкі үдерістерді бақылап, тыным таппайды. Содан болар мидың қызметін қызықтырмайтын ғалым жоқ. Мысалы, академик П.Анохиннің өзі ол жөнінде былайша ой толғайды: «Ми қызметінің мәнін түсіну – маған және менің көптеген әріптесіме өзге мәселелерден әлде­қайда елеулі міндет болып көрінеді. Өйткені адамның барлық қызметі, адам­дар арасындағы барлық қарым-­қатынас­тар, шығармашылықтың барлық түрлері, адамзаттың үміттері мен болашағы ми қызметіне және оның жетілуіне байла­нысты. Аса ірі бір ғалымның сөзімен айт­қанда, адамның ақыл­-ойы болмаса, дү­ниенің барлық құбылыстары аңырап бос жатқан залдың ішінде болып жатқан оқиға сияқтанар еді». Ал енді мидың ғылымға негізделген фактілер жайлы айтып көрейік, мидың орташа салмағы – 1,4 келі. Яғни бұл әр адамның салмағының жуықтап алғанда 2%­-ын құрайды. Бірақ соншалықты кішкентай дене бүкіл ағзамызды қалай қадағалайды?

Екінші қызықты жайт, ген­дерлік айырмашылыққа негізделетін еркектердің миы әйелдердің миынан көп. Оның бір себебі - ерлердің әйелдерден де­нелі, ірілігі. Алайда әйел, еркектің миын денелерінің мөлшеріне сәйкес есептегенде, әйелдің миы еркектердің миынан сәл артық. Әйелдер мен ерлер миының реакциясында да алшақтықтың көп екендігі анықталып отыр. Яғни олардың реніш сезімдері бір­дей көрінгенімен, әйелдің миына салмақ сегіз есе көп түседі. Әйелдер кез келген сөзге ерлерден гөрі ерекше мән береді, тез аңғарады. Соған сәйкес, әйелдерге сөзбен жұмыс істеу, синоним сөздерді ойлап табу әлдеқайда жеңіл көрінеді. Бұл ерек­шелік олардың миына зақым келгенде тез сауығуына көмектесетін болып шықты. Ғалымдардың анықтауынша, әйелдің жү­регі де ерлердің жүрегіне қарағанда ми­нутына 8-­10 рет артық соғады, салмағы  да 10-­15 пайызға кем әрі сон­шалықты төзімді. Оттегін 30 пайыз аз қа­былдайды, 40 жасқа дейін 20 ер адам ин­фаркт алса, 40-­қа толған бір-­ақ әйел осы ауруға шалдыққан.

Тағы бір таңданарлық ақпарат, ол – ми­дың жүз миллион жасушасын қосқанда жүз миллиард жүйке жасушасы болатындығы. Яғни дененің өз интернет желісі бар. Ол жүйке деп аталатын мыңдаған өзектер ар­қылы миллиондаған дабыл жібереді: жүздеген ағза арасындағы әрбір тарапқа, өзге ағзаларды бақылайтын ағзалардан миға дабыл жібереді. Мидың желкелік бөлігі адамның қимылын реттеп отыра­ды. Адамның миы мен оның жасушалары «Сана өлкесі» іспеттес. Ғалымдар оны  – «ақыл-ой ғарышы» деп те атайды. Археолог ғалымдардың айтуынша, адам­ның бас сүйегі мен ми көлемі көне дә­уірден бері бірқалыпты, өзгеріссіз. Яғни қанша уақыт болмасын, адамның миы сол қалыпты, бірақ интеллектуалдылық деңгейі күннен-­күнге дамуда. Кейбіреулердің пікірінше, адамның ақылдылығын шаштың ұзындығына қарап өлшеуге болады.

Қазақта «Шашы ұзын, ақылы қысқа» деген мәтел бар. Әйелге арнап айтылған. Осы мәтел тілімізге үйі­рілгенінде, ұзындық пен қысқалық теңеу ретінде айтылған шығар деп ойлайтын­быз. Алайда ақылдылық пен шаштың ара­сында байланыс бар болып шықты. Тек ақылдылық шаштың ұзындығынан емес, шаштың бай құрамынан екен. Мұны Париж университетінің ғалымдары анықтап отыр. Олар адамның ақылы мен интеллектуал­дық қабілеті шаш құрамына байланысты деп тұжырымдайды. Мұндай қорытынды­ға келмес бұрын ғалымдар 2 мыңнан ас­там адамның шашына зерттеу жүргізіпті. Сөйтіп интеллектуалдық қабілеті жоғары адамдардың шашында мырыш пен мыс құрамы жоғары болатынын біліпті. Бұл, әрине, күнделікті қабылдайтын тағамға да байланысты болса керек. Айтылған фактілерді қорытындылай ке­ле, адамның маңызды да елеулі ағзасының бөлігі ми екендігіне күмәніміз жоқ. Мидың біз білмейтін құпиясы әлі көп. Ғалымдар әлі күнге дейін жете зерттеп болған жоқ. Құпия ашылған сайын беймәлім тұстары көбейе түсуде. Сондықтан болашақта да адам миын зерттеу жұмыстары толастамақ емес.

mangystaumedia.kz