Адамдар неге оңқай?

Адамдар неге оңқай?
Фото: itsokaytobesmart.com

Бала дүниеге келгенде оның оңқай болуы неге байланысты болуы мүмкін? Бұл сұрақтың жауабын табу да қиын. Кейбірі адамзаттың басым көпшілігі оңқай болғандықтан, оңқайлар көп деп жауап береді. Қай кезде, қай жерде болмасын адамдардың 90% оңқай болған.

Оңқайлардың саны туралы әңгіме болған жерде, солақайлардың аздығы жайында да сөз қозғалады. Олар әлемде саусақпен санарлықтай өте аз. Кезінде зерттеушілер солақай және оңқайлардың айырмашылығы тұқыммен беріледі деп ойлаған. Шындығында солай ма?

Асимметрия

Адам – асимметриялы жаратылыс. Оның дене мүшесі белгілі бір реттілікпен, асимметриялық жүйемен орналасқан. Асимметриядан бөлек олардың арасында тікелей емес байланыс бар. Оң жақтың жұмысы үшін мидың сол жақ жарты шары, ал сол жақтың жұмыс үшін мидың оң жақ жарты шары қызмет атқарады.

Мұны 1950 жылы жапон дәрігері Чон Вада (Juhn Atsushi Wada) жасаған арнайы тәсілмен білуге болады. Дәрігердің атымен аталып кеткен тест дене мүшелерінің қызметі кезіндегі мидың әрекетін тексереді. Тест кезінде адамның ұйқы күретамырына анестетик (адамның қоршаған ортамен байланысын үзетін қоспа) егеді. Соның әсерінен мидың жарты шары біраз минутқа жұмысын тоқтата тұрады. Тесттің нәтижесі тым қызық.

Оңқайлардың 90 пайызы миының сол жақ жарты шарының қызметі тоқтаған соң, оң қолын басқара алмай, сөйлеу қабілетінен айрылған. Бірақ, солақайлардың 70 пайызы миының сол жақ жарты шарының қызметі тоқтағаннан кейін тек сөйлеу қабілетінен айрылған. Таңғаларлығы жоғарыда аталған адам дене мүшесінің асимметриялық қасиеті оңқайларда көп, ал солақайларды жоқ.

Тұқым

Адамның қимылға икемділігі құрсақтан бастап білінеді. Оң қолмен не сол қолмен жұмыс жасауы тұқым қуалайды. Бұл пікір 1985 жылы психолог Крис Макманус талдаған зерттеу кезінде шындыққа жанасқандай болып еді. Оның зерттеуінде адамның оңқай не солақай болуы белгілі бір генге байланысты: dextral (D) және сhance (С). Алғашқысы оңқайға, екіншісі солақайлыққа жауап береді. Ата-ана генінің комбинациясы баланың оңқай не солақай болуына әсер етеді: DD – оңқай, СС – 50 пайыз солақай, CD – 25 пайыз солақай деген есеппен болжамдалады.

Алайда 2013 жылы Heredity журналында оңқайлық тек ген арқылы берілмейтіні туралы зертеу жарияланған. 3940 егіздің геніне жүргізген анализ бойынша зерттеушілер мынадай түйін түйген: біржұмыртқалы егіздердің генінің екі жұмыртқалы егіздерден айырмашылығы жоқ екен. Бауырлардың гендері ұқсас болғанымен, бірі оңқай, бірі солақай болатынына да көпшілік куә.

Бұл қарапайым генетикалық үлгінің бүгінгі таңда біраз өзгергенін көрсетеді. Бірақ зерттеушілер оңқайлық не солақайлық қасиет тұқым қуаламайды дегенді құптамайды. Оңқайлық тұқым арқылы беріледі, бірақ толығымен емес.

Г. Берік