- Негізгі бет
- Ол кім? Бұл не?
- Адамдар ғаламтор үшін...
Адамдар ғаламтор үшін қандай құрбандыққа барады?
Ғаламтор – бүгінгі біздің дамыған дәуіріміздің ең басты жетістігі. "Айшылық алыс жерлерден жылдам хабар алғызған" бұл құдіреттің расында адамзат баласының ең үлкен жетістігі деп айтпасқа шарамыз жоқ. Қазір адамдарды ғаламторсыз елестету мүмкін емес. Себебі, барлық жұмысты осы арқылы шешу үрдіске айналды. 2012 жылы ғаламтормен байланысты шамамен 17 миллиард құрылғы анықталған екен. Бұл дегеніңіз онсыз өмір сүру мүмкін еместігін көрсетеді. Мына қызықты қараңыз, 50 миллион қолданушыны жинауға радиоға 38 жыл, теледидарға 13 жыл қажет болса, ғаламторға небәрі 4-ақ жыл жеткілікті болған. Ар жағын өзіңіз бағамдай беріңіз...
Жуырда Ұлыбританияда осы тақырыпқа сәйкес сауалнама жүргізілді. Бұл сауалнамаға 2000-ға жуық адам қатысқан. Жүргізілген сауалнама нәтижесі бойынша қатысушы әрбір үшінші адам ғаламтор желісіне қосылу үшін саусақсыз қалуға дайын екен.
"Әйелдердің 75%-ы мен еркектердің 64%-ы желіден ажырамау үшін алкогольді ішімдіктерден бас тарта алады", – деп жазады The Daily Mail. Қатысушылардың 35%-ы орталық жылу жүйесін ғаламторға айырбастайтын болып шықты. Шамамен алғанда әрбір бесінші ерікті ғаламторға қосылу үшін жуынбауға дайын. Тіпті олардың басым көпшілігі отбасыларымен, достарымен жолықпай кетуге бар. Ал, 65%-ы "сүйікті ғаламтор" үшін сүйікті тағамдарын жемеуге, 64%-ы физикалық жаттығуды тастауға дайын екен.
Біз не десек те, адам баласы қазіргі сандық дәуірде өмір сүріп жатқандықтан, бос уақытының көп бөлігі ғаламтормен тікелей байланысты. Ғаламтор көзіне қосылудың өзі де қазіргі кезде еш мәселе туғызбайды. Бұл қарқын жылдан жылға өсе беретінін жоққа шығара алмаймыз.
Сіздің өміріңізде ғаламтор қаншалықты маңызға ие?
Ж. Жұмағұлов