- Негізгі бет
- Ол кім? Бұл не?
- 1988 жыл. Бірі...
1988 жыл. Бірі дүниеден кетті, екіншісі келді
Суретке қарап көбісі танымал неміс футболшысы Месут Озилді бірінші танығаны анық. Бір-біріне қатты ұқсайтын, әсіресе көздерінің ұқсастығы таңғалдыратын бұл екі азамат та – еуропалық. Бірі 1988 жылы дүниеден өтсе, екіншісі дәл сол жылы дүниеге келді. Бірі әлемге танымал футболшы ретінде белгілі болса, екіншісі де әлемге әйгілі брэнд қалыптастырды. Сонымен ол кім?
Ол көлікті жақсы көреді. Көлік жарыстарына жас кезінен бастап жиі қатынасты. Осы көлікке деген құмарлығының арқасында өзінің жаңа автокөлік маркасын жасап шығарды. Ол көлік бүгінде автордың атына берілген және машинаның таңбасында аттың бейнесі бар. 90 жасында дүниеден озған көліктің авторы – Энцо Феррари.
"Ferrari" автокөлігі өзіндік әдемілігімен, ыңғайлылығымен және ерекше жылдамдығымен әлемге танылды. Бұл ретте итальялық Энцоның атқарған жұмысы көп. Ол бұл көлікті жасау үшін, "Роллс-Ройс" көліктерінің қымбаттығы мен "Формула-1" көліктерінің жылдамдығына мән беріп, осы артықшылықты біріктіре отыра Феррариды жасап шығарды. Ол атаулы көлікті жасауды ойластырмас бұрын, көптеген кедергілерге тап болды. Бірақ, одан шығу жолын таба білді. Қажырлығының арқасында бүгінде оның өнімі – әлемнің ең қымбат брэндтерінің қатарында. Еңбегі гүлденген Энцоның жеке өмірі де қызықтарға толы екен.
Ферраридың өмірлік мақсаты елінің туын байрақты бәсекелерде желбірететін жарысқа арналған көлік ойлап табу еді. Ол мақсатына жете алды. Ол өмірінің соңғы он жылдығында, көзінен күн сәулкесінен қорғануға арналған көзілдірікті тастамады. Тіпті, жұмыс бөлмесінде де көзілдірікті шешпейтін. Энцо өмір бойы жазуды қауырсын қаламмен жазды. Бірнеше қабатты ғимараттарда лифтті қолданбаған екен.
Феррари әскер қатарында болғанда өте ауыршаң адам болған. Тіпті, ұзақ уақыт бойы төсекке таңылып, аурухана палатасында есін білмей жатқан. Оның өмірінен күдер үзген медбикелер Энцоның денсаулығына қараудан қалып, оған көңіл бөлмейтін болған. Бірақ, ол өз-өзін қамшылап, аурухана палатасында денсаулығына пайдасы бар жаттығулар жасап, орнынан тұрып, ауруынан айыға алды.
Ол көлік жарысына ең алғаш рет 1919 жылы қатысты. Осы жарыстан кейін бұл кәсіпке құштарлығы ашылып, жылдамдықты қатты жақсы көрді. 1 жыл өткеннен кейін Энцо "Alfa-Romeo" командасының ең негізгі жүргізушісіне айналды.
1929 жылы көлік жарысында жеке меншік командасын құрды. Кейін осы құрамның көмегімен Феррари компаниясының бірінші өнімдерін жасай бастады.
Оның тұңғыш ұлы туғаннан жазылмайтын бұлшықет дистрофиясымен ауырды. Соның салдарынан ол 24 жасында дүниеден өтті. Оның некесіз туған Пьер атты ұлы Энцоның заңды мұрагері атанды. Бірақ, ол әкесінің компаниясын одан әрі жандандыра алмады.
Феррари таңбасындағы аттың бейнесінде өзіндік тарих бар екен. 1923 жылы танымал ұшқыш Франческо Баракканың ата-анасы осы аттың бейнесімен бейнелеуді ұсынған. Олардың айтуынша, ат сәттіліктің символы көрінеді.
А. Қажиев