Зерттеу: Перфекционист ата-аналардың талабы тым жоғары болады

Зерттеу: Перфекционист ата-аналардың талабы тым жоғары болады
Фото: observatorio.tec.mx

Перфекционист әр ісі мінсіз болғанын қалайды. Мысалы перфекционист ата-аналар өзіне ғана емес, балаларына да тым жоғары талап қояды. Аризона университетінің ғалымдары бала тәрбиесіне қатысты зерттеуінде перфекционист ата-аналар туралы зерттеп, олардың қатаң талабының салдарын анықтапты. Зерттеу Couple and Family Psychology: Research and Practice журналында жарық көрді.

Ағылшын тілінде "helicopter parent" деген түсінік бар. Қазақ тіліне тікелей аударғанда "тікұшақ ата-аналар" деген мағынаны білдіреді. Олар балаларын ылғи бақылауда ұстап, тіпті қарапайым шаруаларына дейін араласады. Бөлме тазалағынан бастап, үй жұмысын орындағанына дейін назарда ұстайды. Бұл бір шетінен қамқорлық болса, бір шетінен баланың өздігінен шешім қабылдауына кедергі болуы мүмкін.

Shutterstock

"Бұл баланы дамыту мен тәрбиелеудегі жақсы тәсіл емес. Ата-ана талабына тым көп иек артқан балалардың кейін шешім қабылдауы қиын болады", - дейді ғалым Крис Сегрин.

Зерттеуде балаға шектен тыс қамқор болудың жайы қаралған. Тым көп талап қою да зиян. Ол жасөспірім кезінде күйзеліс, нарциссизм, өмірдегі өзгеріске кеш бейімделу мен ішімдікке әуестікті оятуы мүмкін екен.

Крис Сегрин бастаған ғалымдар зерттеуде екі сауалнама жүргізген. Бірінші 302 ата-анадан өзіне және баласына қоятын талабы жайлы сұраса, екінші сауалнамада балалар әкесі мен анасының тәрбиесіне қатысты сұрақтарға жауап берген.

Зерттеу қорытындысы бойынша перфекционист ата-аналар балаларына тым жоғары талап қоятыны анықталған. Олар өз ісі секілді балаларының тірлігі де мінсіз болғанын ұнатады. Жетістікке жетіп, тек биіктен көрінгенін қалайды (бар ата-ана солай қалайтыны анық, бірақ перфекционистердің талабы жоғары). Сондықтан да балаға көп көңіл бөліп, әр қадамын бақылауда ұстайды. Мұндай талап баланың болашағына зиян келтіруі мүмкін. Психологтар баланы бұлай емес, балама әдіс арқылы тәрбиелеу жайында кеңес береді. Мұндай талап ата-ана психологиясына да әсер етуі мүмкін. Сол үшін балаға тым көп талап қоймай, өзіне шешім қабылдатып та үйреткен жөн. Сүйікті ісімен айналысуына мүмкіндік берген абзал.

Н. Үсенова