Оқушының математикаға деген құштарлығын оятуға 5 кеңес

Оқушының математикаға деген құштарлығын оятуға 5 кеңес

Мектеп мұғалімі, Math for Love жобасының жетекшісі Дэн Финкель айтуынша, мұғалім оқушыларға математиканы оқытқанда, ата-аналар үй жұмысына көмектескенде есепті тез шығаруға мәжбүрлейді. Осылайша оқушының математикаға деген қызығушылығы жоғалуы мүмкін. Бірақ бәрін түзеуге болады. Massaget назарыңызға Дэн Финкельдің оқушының математикаға деген құштарлығын оятуға арналған 5 кеңесін ұсынады.

1. Сұрақтан бастаңыз

"Мынау көбейту. Қайталаймыз. Мынау бөлу. Қайталаймыз. Материал оқылды, келесі тақырыпқа көшеміз". Бұл үлгінің ерекшелігі неде? Ешқандай ерекшелік жоқ, тек құрғақ жаттау. Онда бірдеңені елестетуге, күмән келтіруге, яғни ойлануға мүмкіндік жоқ.

Математиканы оқыту әдетте жауап позициясынан басталады. Егер жаңа тақырыптарды сұрақтардан бастасақ, қалай болар еді? Мысалы, міне сандар және жұмбаққа толы сурет. Сандар мен түстер қалай өзгеріп жатыр?

©mathforlove.com

Сіз суретті көрсеткенде, оқушы интуитив түрде сандар мен түстер арасындағы байланысты сезінеді, бірақ оның мәні әлі белгісіз. Бұл шешімін асқан қызығушылықпен табуға тырысатын жұмбаққа айналады. Өзге есептер мен тапсырмалар сияқты, оның да оңай әрі тамаша шешімі бар. Бірақ жауабы қандай екенін айта алмаймын. Сізді ойланып, жауабын тапқандағы ләззаттан айырғым келмейді.

2. Оқушыға уақыт беріңіз

Қазіргі мектеп оқушыларының ойынша, егер есеп шешу процесі 30 секундтан асып кетсе, онда ол математика үшін жаралмаған. Бұл білім беру жүйесіндегі індет. Біз оқушыларды шешім табу жолында табанды болуға баулуымыз керек. Оның жалғыз тәсілі бар – оқушылардың ойлануына уақыт беру.

3. Дұрыс жауап қайнары болмаңыз

"Дұрыс" немесе "дұрыс емес" деп айтпауға тырысыңыз. Басқаша жауап беріп көріңіз: "Білмеймін, бәріміз бірге ойланып көрейік". Есеп осылайша бәріне ортақ тапсырмаға айналады. Ата-аналар, бұл сіздерге де қатысты. Баламен үй жұмысын орындарда бірден жауапқа ұмтылмаңыз. Одан не білетінін, не үйренгенін сұраңыз, балаңыз уақытша сіздің ұстазыңыз болсын.

Оқушы мұғалімнің немесе ата-анасының дұрыс жауап қайнары еместігіне көзі жеткенде, тапсырманы шын беріліп орындайды, күмән келтіріп, өз ойын ашық айта бастайды.

"Мен мұғаліммін және мен әрдайым дұрыс жауап пен шешімді білемін" деген позициядан бас тарта отырып, сіз оқушылардың математикалық ой жүйесін кеңейте түсесіз, ғылыми пікірталас тудырасыз.

4. Оқушылардың идеясын қолдап отырыңыз

Егер оқушы сізге келіп "2+2=12 болады" десе, бетін қайтарып, "жоқ, дұрыс емес" деуге асықпаңыз. Өйткені қатені тікелей көрсетіп, жауабын айта салу тапсырманы күшінен айырады. Мұғалім кез келген идеяны, тіпті қателерді ойландыруға себеп қылуы тиіс.

Ойлап көрейік, егер біз 2+2=12 дегенді қабылдасақ, онда 2+1=11, 2+0=10 болады, бірақ бұл жай ғана 2 деген сан. Ал егер 2=10 болса, 1=9, 0=8 болғаны ғой? Біз математиканы бүлдіріп тастаған сияқтымыз, есесіне бұл пайымның дұрыс емес екенін түсіндік.

Иә, біз балаларға 2+2=4 екенін үйретуіміз керек. Бірақ біз тәжірибелер мен ізденіске апаратын идеяларға да ашық болуымыз керек. "2+2=12 болса ше?" деп айтуға батылдық керек. Сол сияқты "Бір үшбұрыш ішіндегі бұрыштар 180 градусты құраса ше?" немесе "Кез келген санның нөл дәрежесі 1-ге тең болса қалай?" деуге де үлкен тәуекел керек. Мұндай сұрақтар ғылым тарихында үлкен жаңалықтарға әкелген. Біз тек түрлі идеяны қабылдап, онымен ойнауға дайын болсақ болғаны.

5. Ойнаңыз!

Математика белгілі бір ережелер арқылы үйретілмеуі тиіс. Математика ойын, күрес, мәселенің кілтін табуға деген ұмтылыспен меңгеріледі. Эйнштейн айтқан: "Ойын – танымның ең биік формасы". Сондықтан, ұстаз оқушыларына математиканы ойнап оқуды үйретсе, дұрыс болмақ.

Математиканы оқушыға да, өзімізге де қиындатпауымыз керек. Егер біз оқушыға математикалық ой жүйесін дарыта білсек, "Мен математиканы жақсы көремін" деген сөз біз тым оғаш көрінбес еді.

Бөлісу:
Пікір қалдыру үшін сайтқа кіріңіз
Өзгерту

Соңғы жаңалықтар

Коронавирус жұқтырғанда не істеу керек? – Профессорға сұрақ
Коронавирус жұқтырғанда не істеу керек? – Профессорға сұрақ
Chevrolet Malibu – әдемі дизайн мен қуатты қозғалтқыштың үйлесімі
Chevrolet Malibu – әдемі дизайн мен қуатты қозғалтқыштың үйлесімі
Коронапика, коронафейк – ковид кезіндегі жаңа сөздер
Коронапика, коронафейк – ковид кезіндегі жаңа сөздер
Коронавирусты "өлтіретін" тағамдар
Коронавирусты "өлтіретін" тағамдар
Асылан ТІЛЕГЕН. Жұмбақ қалалар
Асылан ТІЛЕГЕН. Жұмбақ қалалар
Өмірде жоқ жануардың суретімен өзіңізді таныңыз
Өмірде жоқ жануардың суретімен өзіңізді таныңыз