- Негізгі бет
- Үй тапсырмасы
- Жамбыл Жабаев шығармашылығы...
Жамбыл Жабаев шығармашылығы
Жамбыл Жабаев шығармашылығы сөз болғанда әдебиет әлемінің жаңашылдығына зер саламыз. Сарай ақындарынан бастау алып, жыраулар поэзиясында көрініс тапқан, кейін иірімі өзгеше жаңа поэзияның қарқынына ілесе білген ақындар қауымы көп емес. Жамбыл сол үрдісте жаңашылдық танытқан жасампаз ақын. Ол – өз заманының ұлы ақындарының бірі. Жамбыл есімі жаңашылдықтың үрдісінде көш бастайтын, шығармашылығы әлі де зерттеуді қажет ететін бірден-бір тұлға.
Ұлы Отан соғысы кезінде Жамбыл өлеңдері қазақ даласынан бастау алып, күллі майданды шарлап, қаншама жас өрендерге рух, жалын, жігер бергені сөзсіз. Кеңестік саяси жүйені өлеңге қосып, социалистік даму жолының артықшылықтарын, жаңа құрылып жатқан қоғамның табыстарын өз жырына арқау ете білді. Бізге танысы, жатталған жырдың бірі – "Ленинградтық өренім" жыры. Өлең тарихы белгілі. Ленинградты қорғаушы бар майдангерлердің құлағында радиодан жатталып, сұрапыл соғыс жылдарындағы ауыр күндерде әр жауынгерге дем берді. Адам санасына психологиялық қолдаудың физиологиялық күштен артық қажет екенін ақын тәжірибесі бірден білсе керек. Оның рухты өлеңі тек Ленинградтық өрендерді ғана емес, майдан шебіндегі қан жұтқан қаншама сарбазға күш-қуат бере білді. Ақын интуициясы өзін де, халықты да ешқашан алдаған емес. Себебі, оның өлеңінің басты құны – шындықты жырлайтыны.
Жамбыл – шынайы шындықтың көркем суреткері. Таза шындықтың ақыны. Ұстазы Сүйінбай секілді ешкімге жалтақтамай, айтарын астарламай, ащы шындықты шымбайға батыруға дағдыланған. Ел билігіне, халық мұқтаждығына арналған өлеңдерінен бұл қасиетін оңай көре аламыз. Саяси лириканың шекпенін киген ұлы ақынның қай өлеңдерінен болмасын, халықтың ауыр тұрмысын, мұң-мұқтажын, ел басындағы ауыртпалықты, болыс-билер парақорлығының айқын көріністерін ажырата аламыз. Қандай дүниені болмасын, ақын көзімен барлап, сурет күйінде танып үйренген Жамбыл өмірден өткенше осы аңғарымпаз қалпынан танған емес. Қай заманның ақыны болса да, жай пенделер секілді өз заманына тәуелді. Өз заманының туындысы. Жамбыл шығармашылығы да өз дәуірінің шындық сәулесі. Ол халық әдебиетін, өзінен бұрынғы ақындар шығармаларын, ауызша тараған жыр-дастандарды жатқа білген. Мұхтар Әуезовтің айтуы бойынша, миллион жол өлеңді мүдірместен жатқа айтатын болған. Сол миллионның ішінде қандай әдемілік, көркемдік үлгі жоқ дейсіз?! Көненің көзімен жырланған әр дастанның жолында өзгеше сарын бар. Жүріп өткен жолдың еншісінде қаншама қайғы-мұң, соған сай қаншама қуаныш бар. Осының барлығын өлең жолына сыйғыза білу – ақынның қолынан ғана келеді.
Жамбыл – халық ақыны. О баста суырып салма айтыстан басталған отты өлеңдерінде халықтық үн, халықтық зар басым. Жеке өз басының мұңын жырға қосса да жетіп артылатын еді. Алғадайдың өлімінің өзі Жамбылға оңай тиген жоқ. Алайда, әр жыры халық тағдырынан сыр шертеді. Екі ғасырдың көшінде бір ғасыр ғұмыр кешіп, сан түрлі оқиғаға куәгер болған Жамбыл ақынның қуатты жырлары күні бүгінге дейін өз сарынын жоймаған. Жоймайды да. Өйткені, шындық жырланған, ақиқат ат үстінде айтылған өлеңдер өміршең келеді.
Халықтық жырдың негізінде немесе жыраулар поэзиясының үлгісінде бүгінгі мен өткенді сабақтастыра жырлайтын ақындар сол кезеңде жоқтың қасы болатын. Жамбыл сол үрдісті қалыптастыра білді. Қазақтың қоңыр үніне салып жыраулық дәстүрді ұстанса, енді-енді өзгеше иірім танытып жүрген поэзияны да қалыс қалдырмады. Сонысымен де қымбат.
Ә. Жутаева