Ә. Кекілбаев. Бір шөкім бұлт

Ә. Кекілбаев. Бір шөкім бұлт
Фото: wallpapersinhq.pw

«Анау бір жылдары маңдайымыздан сипаған
мейірбан жеңгелер, бұны сіздерге еншіледім.
Әлі күнге көңілімнің бір түкпірінен сығалап
тұрған, жадау иін, жыртық өкпе болсаң да,
айрықша аяулы балалық шағым,
бұл — саған ескерткіш».

Бұл шығарма осы эпиграфпен басталады. Өткенге деген сағыныш, балалық шақтың тәтті естелігі – мейірімді жеңгелердің ескерткішіне айналды.

Аға-жеңгелерінің көз алдында өскен ұл оларға деген сағынышын, сүйіспеншілігін білдіре жазған бұл шығармасы есейген Әбіштің шын көңілін көрсетеді. Оқиға желісі бойынша сұм соғыс «сыйлаған» сайқал дерт Аққаймақтың жан дүниесін жеп, сарқып тастайды. Өмірдің еш қызығын көре алмаған, он екісінде бір гүлі ашылмаған талдырмаш арудың әкесі соғыста жан тапсырады, тағдырдың «жесір» атауын иемденген анасы құсалықтың кесірінен өмірден баз кешеді, сүйіп қосылған ері майданда қаза табады.

Бір отбасының ойранын шығарған бұл соғыс Аққайнақтың жер-жебіріне жетті. Оқып отырған оқырман шығармадан Аққаймақтың қан жылаған көзін, зар жылаған жанын түсінеді. «Тірі адам тіршілігін істер» демекші, Аққаймақ тағдырдың жазғанына берілмей, өмірден  түңілмей, өмірдің суығына еңбекпен жауап береді. Аянбай тер төгіп, адал жар атанып, сәбилі болады. Әңгіменің өрбуін тыңдап, «өлген жарын жоқтап» отырмай ма деген ой да туады. Айналасында тұқымы қалмаған, соқа басы сопиып бір өзі не бітірмек? Бұл да бір адамның өмірге қатқан жауабы шығар. Сүйінішінен айрылған кезде, қолдау көрсеткен адамдардың арқасында Аққаймақ – Аққаймақ атанады.

Повестің аясында бір ғана адамның ешкінің құйрығындай өмірі баяндалмайды, ауылдың тыныс-тіршілігі, өмірдің ащылығы, сұм соғыстың зобалаңы, әйелдің қайсарлығы, ананың жүрегі, мейірімділігі де көрініс табады. Бір емес, үш бірдей асылынан айрылған Аққаймақ өткенін есіне алса, кеуде тұсы ашымақ тұрмақ, тесіліп кете жаздайды. Қайта-қайта есіне түссе, басынан кешіп жатқандай болып, ішінен өксиді.

Айтқандай, ол мүгедекке жар болады. «Біреуге пайдам тисін» деген Аққаймақ көпті іздейді. Олардың арман-мақсаты көп болатын. «Ана әлемге өмір сепсе, соғыс өлім себеді» дейді ғой. Аққаймақ та осы соғысты қарғаумен өткен болар. Соғыстың құшағында кеткен бақытын аңсап, келер деген үмітін үзбейді. Повестің өн бойында Аққаймақтың бойына тән шыдамдылықты көрмеу мүмкін емес.

Ал автордың ойы өз алдына, оқиғаны суреттерудегі шеберлігі ерекше. Аққаймақтың ерадаммен тең қайсарлығы мен қайраты бірінші тараудан-ақ көрінеді.

«Әбден қалжырап қалыпты. Торы қасқа да зірк-зірк еткен жүрісі жаман хайуан екен. Екі күн ат соқты болған бүкіл денесі сал-сал. Аққаймақ көптен ұзақ жолға шықпаған. Ер үстінде тынышсызданып келеді. Бәрі мына жайрағыр қызыл маяның лаңы... Бәрі соның кесірі. Тайбағар тауып әкеліп бермейсің деп, осылай қарай ат ізін салған адам болса киліге береді. Арнайы жоқшы боп шықпасаң ұзын сирақ түйе хайуан жол-жөнекей жолаушының жетегіне ілесе сала ма? Қайтсін, о байғұс та өзінен қайран  болмаған соң, бұның жаны қиналады-ау деп қаймығады да. Бұрнағы күні шығарда ашу үсті абайламай күйзелтіп кетіпті. Ермекжан: «Апа, қайда барасың?» – деп жабыса берген соң, – «Түйе іздеп... Осы үйде ол жамандатқырды мен іздемегенде кім іздейді», – деп қонып еді атқа. Тайбағар байғұстың көкірегін тіліп өтті-ау... Аққаймақ ат үстінен қол созып, жарты ай бойы ел қарасын көрмей түзде жүріп семіріп кеткен маясының жардай өркешін ұстап көрді.

– Әйел басыңмен осынша жерден түйе іздеп шыққан өзің де ер екенсің, шырағым, – деген түнде үйіне қонып шыққан Сәубеттегі жалғыз үй  жылқышы шал». Міне, осы мәтіннен-ақ оның жігерлілігін байқауға болады. Автор бұл ойларды жылқышы шалдың тілімен жеткізіп отыр.

«Қайбір ерлік қысып атқа қонды дейсің. Түйе іздемек түгілі қарға адым жер мұң болып Тайбағардың отырысы анау. Өңгесі өңшең шиеттей бала. Итжегірдің ашуы-ай. Түйеден түскендей қып қойып қалған екен де. Сырты бүтін, іші түтін боп қала берді-ау. Өзге еркектер күл басында қарқылдаған қораздай күнде қиқу көтеріп жатқаны. Ол байғұс мелшиіп қала берді. Балалардан ұялды ма, мұртының бір шалғайын ширатумен болды»... Бұл Аққаймақтың мүгедек жары Тайбағардың кейпі. Өзінің қауқарсыздығына налып, әйел баласын жұмысқа салып отыратыны өзіне де ұнамасы анық. Тайбағарды «өңгесі өңшең шиеттей балаға», өзге еркектерді «күл басында қарқылдаған қоразға» теңейтіні автордың сөз өрнектеудегі дәлдігі десек болады.

Әбіш Кекілбаевтың бір образды бейнелеудегі, оның қимылын сипаттаудағы сөз саптауы – бір төбе. Мысалы, Аққаймақтардің үйіне келген қонақтың образы немесе портреті шығарманың екінші бөлігінде былай бейнеленеді:

«Қақ ортадан көсілте жайған кең дастарханның арғы басыңда, шаршы төрде, шиедей қызыл мықыр білекті қайта-қайта созып, ши барқыт қара шалбарының кең балағының ауызынан шымшып ұстап, желпіп-желпіп қойып бір қасқа бас сары кісі жатыр. Ересен қарнының бір бүйірі астына төсеген күрең көрпешені мыж-мыж қып тастапты. Тығыншықтай құс жастықтан да ес кеткен. Жүк үстінде құлағын қайшылап едірейіп тұрушы еді. Қазір солып қалыпты. Семіз сары кісінің қысыңқы күлгін көздерінің астында екі білем ет көлбепті. Сол екі айғыр жалдың ортасынан сызаттана басталған мұрынның сұлбасы сұлқ басын шарадай беттің орта тұсына келгенде сәл еріне көтеріп, тұмсықтың ырымын жасапты. Көлдей-көлдей екі тесікке кептеле шуылдаған дем дыбысына жайын ауыздан жанталасып шыққан ырсыл қосылып, бір шылапшын тобыршықтың қызыл күрең шоғына бөксесін тығып көңілдене әндеткен көбеже бүйір қара шәйнектің үнін әрең естіртеді. Қонақтың тұмсығы мен қара шәйнектің шүмегінен басқаның бәрі тыйылып қалған. Шекелігі шығыңқы айна басын орамалмен анда-санда бір сүртіп қойып, сызданып отырған қара сұр Ожан қазандық жақтағы мырс-мырс жылаған Жаңылсынға айбары мол ала көзін төндіріп-төндіріп қояды».

«Шиедей қызыл мықыр білек», «ши барқыт қара шалбар», «бір қасқа бас сары кісі», «тығыншықтай құс жастық», «қысыңқы күлгін көздер», «жайын ауыз» деген секілді эпитеттермен өрілген образдың жасалу жолы Әуезовтің Құнанбай портретін жасауын еске салады. Көзінің астындағы төмпешікті – «көздерінің астында екі білем ет», танауын – «көлдей-көлдей екі тесік», таздылығын «айна бас» деп суреттеуі автордың ерекшілігі деп білеміз. 

Г. Берік