Қырғыз халқының ауыз әдебиеті

Қырғыз халқының ауыз әдебиеті
Фото: cbeyman.oboi.fartit.com

Түркі тектес өзге халықтар сияқты, қырғыз халқы ауыз әдебиетінің де әр алуан жанрдағы үлгілері көп. Қырғыз халық фольклорында аңыз, ертегі, мақал-мәтел, тұрмыс-салт жырлары, мысалдар кең орын алады. Қырғыз ауыз әдебиетінде, әсіресе, батырлық дастандар халық арасында көп тараған. Мәселен, «Құрманбек», «Ер Төстік», «Жаңыл-Мырза» атты батырлық дастандар көпшілікке мәлім. Сондай-ақ «Олжабай мен Кішімжан», «Кедей», «Қожаш» деп аталатын лиро-эпикалық дастандар бар.

Қырғыз әдебиеті ХІХ ғасырдың орта кезінен бастап белгілі бір дәрежеде дамыды. Дәл осы кезеңде өмір сүрген Қалығұл ақын мен Арыстанбек ақынның «Тар заман», «Ақыр заман» атты ұзақ толғаулары сақталған. Мұнда жергілікті ел билеушілер мен орыс әкімдерінің қыспағына түскен қарапайым халықтың ауыр өмірі тарихи шындық тұрғысынан бейнеленген.

Әрине, қырғыз фольклорының шырқау биігі – «Манас» эпосы. Бұл жыр дүниежүзілік әдебиет пен мәдениеттің алтын қорына қырғыз халқының қосқан үлесі деуге болады. Бұл жырда батыр Манас басқарған жеңімпаз, ақылды, ер жүрек қырғыз батырларының сыртқы жауға қарсы жорықтары баяндалады.

«Манас» эпосы негізінен үш үлкен бөлімнен тұрады. Бірінші бөлімде халық қаһарманы Манас, екінші бөлімде Манастың баласы Семетей, ал үшінші бөлімде Рейтекенің өмірі, басынан кешкен қызықты оқиғалары, адамгершілік қасиеттері, ерлік істері суреттеледі. «Манас» эпосының сюжеті аса күрделі, шым-шытырман оқиғаларға бай болып келеді. Бұл эпос өз ішінде көптеген дастандарды қамтиды. Оларда достық, отансүйгіштік, ерлік, ел қорғау идеялары көтерілген.

Қазақтың белгілі ғалымы Шоқан Уәлиханов ХІХ ғасырдың екінші жартысында «Манас» жырының жекеленген үзінділерін («Көкетай ханның өлімі және оған берілген ас») жазып алып, оны орыс тіліне аудару арқылы қырғыз елінің ғажайып әдеби мұрасын басқа елдерге, Еуропа ғалымдарына тұңғыш рет таныстырды.

«Манас» жырының Шоқан Уәлиханов жазып алған нұсқасы соңғы кезге дейін ғылымға белгісіз болып келген еді. Академик Ә.Марғұлан ұзақ жылдар бойы сарыла іздеп, архив қазыналарынан «Манас» жырының Шоқан жазып алған нұсқасын тауып, ол туралы ғылыми еңбек жазды.

«Манас» эпосы көптеген тілдерге аударылған. Ол қазақ тіліне де аударылып, төрт кітап болып жарық көрді.

Қырғыз халқының әдебиет тарихында халық ақыны Тоқтағұл Сатылғановтың алатын орны ерекше зор деуге болады. Тоқтағұл өзі өмір сүрген дәуірдегі ( ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың бас кезі) қырғыз елінің қоғамдық, әлеуметтік, саяси өміріндегі көптеген мәселелерді өз жырларына өзек етті.

Төбесінен төнген ажалдан да тайсалмай, қашанда әділдікке жүгінетін Тоқтағұл ақынды кезінде Сібірге айдатып жібереді. Ерлік пен өрлікті, қайсарлық пен өжеттікті өз толғауларына өзек еткен қырғыз ақыны Тоқтағұл жырлары қазақтың жалынды ақыны Махамбет өлеңдерімен үндес, сарындас болып келеді. Тоқтағұл ақын қырғыз бен қазақ халықтарының сан ғасырлар бойы үзілмей келе жатқан достығын нақтылы түрде, тарихи деректерге сүйеніп, мейлінше шеберлікпен жырлайды. 

Ж. Исакаев