- Негізгі бет
- Үй тапсырмасы
- Абай - қазақтағы...
Абай - қазақтағы сұлу сөздің атасы
Абайдың кемеңгер өнерпаздығы өзінің зерттелуі, насихаттауы жағынан қазақ әдебиетінде теңдесі жоқ сала. Абайтану ілімінің негізін қалаған М.Әуезовтің, Абайдың қазақ әдебиетіндегі орны мен ақындық шеберлігін айқындайтын С.Мұқановтың, кемеңгер ақынның поэзиясын зерттеген Х.Жұмалиевтің, Е.Ысмайыловтың, З.Қабдоловтың, өнерпаздық өмірбаянына барлау жасаған М.Сильченконың, Абайдың орыс әдебиетімен творчестволық байланысын зерттеген З.Ахметовтың, Абайдың дүниетанымы мен эстетикалық ойына көңіл бөлген Б.Ғабдулиннің, педагогикалық көзқарасын пайымдаған Т.Тәжібаевтың, сондай-ақ Абай творчествосы туралы құнды пікірлер, сүбелі ойлар айтқан Құдайберген Жұбановтың еңбектері қазақ әдебиеттану ғылымы мен сынының қарқынды өркендеу арнасындағы ең мәнді зерттеулер. 1909 жылы шыққан жинақ Абай өнерінің бүкіл Қазақстан көлемінде жайылуына ықпал жасаса, 1933 жылы М.Әуезов құрастырған бір томдық Абайдың өнерпаздық өсу жолын ғылыми жүйемен зерттеуге негіз болды.
Тұңғыш жинақты құрастырушылар Абай өлеңін 17 топқа бөледі. Ең алдымен Абайдың творчестволық бетін айқын танытатын "Халық туралы", "Өлең туралы", "Замандастар туралы", "Өзі туралы" деген тақырыптарды айрықша бөліп, ой, насихат, ғашықтық, аңшылық туралы өлеңдерін даралай топтастырған. Абай өлеңдерін ең алғаш тақырыпқа бөліп орналастыруда Кәкітайдың еңбегі зор. Бұған Кәкітай Ысқақовтың "Абай (Ибраһим) Құнанбайұлының өмірі" деген мәні жағынан да, көлемі жағынан да төңкеріске дейін шыққан кітаптардан әлдеқайда ауқымды мақаласы айғақ. Кәкітай Ысқақов өзінің осы мақаласында негізінен үш мәселені баяндауды мақсат еткен. Бірінші - Абайдың ата-тегі және оның Абайдың ақындық өнеріне тигізген әсері, екінші - Абайдың әлеуметтік өмірі, үшінші - кемеңгер ақын творчествосының негізгі идеялық-эстетикалық арнасы.
Кәкітай Абайдың ата-тегін баяндаған уақытта Ырғызбайдың да, Өскенбайдың да, Құнанбайдың да әлеуметтік өмірге белсене араласып, билік жүргізгендеріне ерекше тоқталады. Кәкітайдың осы еңбегін С.Мұқанов та зор ілтипатпен атайды.
М.Әуезов Абай шығармаларының 1909 жылдан кейінгі баспаларының қате-кемшілігін сынай келіп, "соңғы баспалар Абайдың өмірбаянына да Кәкітай жазған сөз, деректерден басқа ешбір тың жаңалықтар қосқан жоқ-ты. Сондықтан Абайдың, Абай шығармаларының баспаға шығуында тарихтық, бірінші зор еңбек етуші Кәкітай" деп баға берген болатын. Абай мұрасын жинау, оның шығармашылығының мәнін түсіну жайынан болсын, Абайдың қазақ әдебиеті тарихындағы орнын айқындауда болсын, көп еңбек сіңірген М.Әуезов ғылыми қомақты пікірлер айтқан болатын. Өйткені ол Абай ұлылығының сырын жыға түсініп, өзгелердің ойын тәрбиелеген. "Қазақ әдебиетінің қазіргі дәуірі" деген мақаласында: " Абай - қазақтағы суретті сұлу сөздің атасы, терең сырлы, кең мағыналы кестелі өлеңнің атасы. Қазақ өлеңіне үлгі, өрнек берген, түрін көбейтіп, қалпын молайтқан Абай. Ол қазақтың ішінен оқушы тапқан. Әдебиетке, өлең-жырға бұрыннан орнаған теріс пікір, теріс ұғымның бәрін жоғалтып, жұрттың ойын тәрбиелеген", - деп Абай тұлғасының толық көрінбеген сырын одан әрі аша түседі.
Ж. Исакаев