«Тортай мінер ақ боз ат» әңгімесіндегі жазушы қаламының қарымдылығы

«Тортай мінер ақ боз ат» әңгімесіндегі жазушы қаламының қарымдылығы
Фото: school4.org.ua

Бұл әңгіме соғыстан кейінгі уақытта Салықсалған етегін қоныстаған ауылдың тыныс-тіршілігі, балалардың өмірі, армандары туралы болатын. Әңгімеде «Меннің» яғни, автордың баяндауы Тортайдың бақыты жайлы, ақ боз ат жайлы, арман – қиялы, ең соңында бәрі ертегі болып, тағдыр салмағын көтеретінін, Тортай мінетін атты сол «өзінің» мініп кеткеніне жаны ауыратыны сондай аянышты  баяндалған.

Әңгіме Салықсалғанның табиғатын бейнелеуден басталып, осы өңірде тұрып, тіршілік етіп жатқан ауылдың өмірімен жалғасады. «Шілденің ортасы болса да, бұл жер қоңыр салқын, бұлтсыз күндері тамылжыған тамаша мезгіл басталушы еді. Не ыстық емес, не суық емес жайлаудың жаймашуақ сәтінде төбеңнен көкпеңбек болып төңкеріліп тұрар аспанға қарағайдың бүршігін лақтырып ойнайсың...». Бұл суреттеу арқылы автордың балалық шағында өскен даласында жүріп жадында жатталған еркеліктері мен ойындарын көруге болады. Одан әрі кешкі ауылдың тынысы суреттеледі. «Шаршау дегенді білмейтін, қыз – келіншектер соғыс жылынан кейінгі, бейбіт өмірдің шуағына жылынып, сызылта ән салатын, тау арасында жылтылдатып от жағып, ән шырқағанда, лаулаған жалын бақсыдай тілін жалаңдатып, күй шертіп тау-тасты күңірентіп тұрғандай әдемі сезілуші еді–ау. Біздер, балалар, күні бойы өгіз үйретіп, бұзау жаямыз. Үш уақыт сиыр сауғызамыз. Ымырт үйіріле алтыбақан құрған азаматтардың маңайында арпалысып, тиіп – қашып ұлардай шулап ойнап жүргеніміз».

Автор ауыл балаларының тірлігін қызықтырып айта келіп, олардың арасында ата-анасынан ерте айырылған Тортай атты досының тағдырын баян етеді. Ол зерек, алғыр, өте ақылды, білімділігінің арқасында қатарының алды бола білген, тіпті, достары оны араларындағы данышпан санаған. Бір кітапты айналдырып оқи беретін.  Бір күні Ораш пен Тортай тау басында бұзау бағып жүріп, көкжиекке қарап, таудың ар жағына көз тігеді. Тортай – арманшыл бала. Тау артындағы Моңғолияға барып, ондағы халық бұл екеуін құшақ жайып күтіп алса, тойдырып тамақтандырса, қыдырсақ деп арманға батады да сөзін көрген түсімен баяндайды. Түсінде ақ боз ат көрген ол өңінде де сондай ат мінгісі келетінін айтады. Бірақ, бұл үмітіне күдікпен қарайтын еді...

Күзде ауылдың бар баласы оқуға аттанғанда, тауда бұзауын бағып тек бір Тортай ғана қалған. Осы сәтте автордың өкініші сөз болады. Өзімен бірге ертіп алып кете ала алмайтынына налып, өкінеді. Тортай досына өзінің сүйікті кітабын сыйға тартып тұрып: « Мен үшінде оқы, бәлкім мен міне алмаған ақ боз атқа сен мінерсің», - дейді.

Достардың арасы өткен уақытпен бірге алыстай берді. Тортай да, Ораш та ер жетті. Тіпті, Тортай үйленіп, әке атанған. Екі-үш баласы бар. Кәсібі сол, әлі малын бағып жүр. Баяғыда Тортаймен бірге өскен баланың жазғы демалысында үлкен азамат болып ауылына келгені баян етіледі. Досының ауылға келгенін естіген Тортай амандаса келгенде, ол шығып сәлем бере алған жоқ. Батылы, ары жетпеді. Ұялды. «Тортай мінер ақ боз ат... менің тақымымда кеткендей еді... иесіне қайтаруға кеш еді...». Бұл әңгіме оқырманын сезім, төзім, қайырым, бауырмалдық сияқты қасиеттерге үйретеді. Автордың сезімді жеткізуі жүректі елжіретеді. Бауырлардай болған достардың болашағы, әркімге берілген тағдырдың сыйлығы әртүрлі болатыны анық көрінеді.

Ал автордың тілдік қолданыстары оқырманды елітеді. Жалпы, Оралхан Бөкей фразеологизмнің жілігін шағып, майын ішкен жазушы. Осы қысқа ғана әңгіменің өзінде «Қой аузынан шөп алмас», «Ит басына іркіт төгілу», «Ораза - намаз тоқтықта ғана», «Тоқ бала аш баламен ойнамайды», «Қыздың жиған жүгіндей», «Белі кеткендей тұра алмау», «Тақымы қотыр тайға тимеу» сынды фразеологизмдер мен «табанға кілемдей жұмсақ тию», «лаулаған жалын бақсыдай тілін жалаңдатып», «ұлардай шулап», «ұядай қылып жинау» секілді теңеулерді көресіз. Бұл – автордың оқырман жүрегіне бойлаудың бір жолы болатын. Әсерлі етіп суреттеп, көз алдыңа әдемі бейне әкеледі. «Жайма шуақ сәт», «көкпеңбек болып төңкеріліп тұрар аспан», «бейбіт күннің шуағы», «тасқа тиіп тайғанаған жаңбыр сыбдыры», «тас үңгір», «жұмақты өмір», «көк мұнар дүние», «қоңыр үн» секілді эпитеттер де шығарманың өн бойына жан беріп тұрғандай. Жазушы қаламының қарымдылының арқасында әңгімеге арқау болған ауыр мұң, қатал тағдыр салмағы, орындалмаған арман  бәрі-бәрі нанымды, шынайы суреттелген.

Е. Жұмабайұлы