- Негізгі бет
- Үй тапсырмасы
- "Қоңыр күз" повесіндегі...
"Қоңыр күз" повесіндегі Қалихан Ысқақовтың шеберлігі
Қалихан Ысқақовтың шығармасын оқып отырып талғамының биік екенін бірден аңғарамыз. Әр сөзінен сыпайы мінезі мен нәзік сезімін көреміз. «Қоңыр күз» – Қалихан Ысқақовтың ерекше табиғаты мен қабілет-күшін танытқан тағылымды туынды.
Майда тілмен жазылған шығарма әрқашан оқушыны эстетикалық сұлулыққа баулиды. Осынау шағын шығарма бізге қаламгердің өнер өрісіндегі көрікті көктемді танытып, оның қоңыр күзінен емес, жайдарлы жазынан үміт күттіреді. Жазушының әдебиеттегі жолы "Қоңыр күз" шығармасымен басталған. Оның "Қоңыр күз" повесіндегі кейіпкерлерінің барлығы жастар: Қасым, Алтын, Қомшабай. Шығармаға арқау болған шындық – жас адамдардың бірі болмаса, бірінің сыр сезіміндегі түрліше ояну, мұндағы махаббат та лаулап үлгермеген, тек жаңа тұтана бастаған тұңғыш құштарлық, дәлірек айтсақ, махаббат таңы. Бас кейіпкер Қасымға назар аударсақ, Қасымның Алтынға деген уыз ілтипаты – оның күллі болмыс бітіміндегі тұңғыш оянуы. Алтын салған ән – "Қос етек, бұраң бел". Қасым сынып ішінде Алтын қасында қаудырлаған жарғаққа қарап, тұңғыш рет ұят дегеннің не екенін білді. Алтын Қасымның төбесінде ойнаған завхоз қамшысын тартып алды. Осылайша, Қасым тұңғыш рет намыс дегеннің не екенін ұқты. Алматай Алтынға көңіл білдірген кезде, Қасым тұңғыш рет қызғаныш отын бастан кешіреді. Қасымның жан-дүниесі осылай сілкініп келеді. Мінез-құлқы да осылай қалыптаса бастады.
"Қоңыр күз" арқылы біз әдебиетімізде тіршілік тәжірбиесі онша үлкен болмаса да, талғамы зор дара жазушының қалыптаса бастағанын көреміз. Сөз саралауда Қалихан Ысқақов қанатын кеңге жаяды десек те болады. Л. Толстойдың жазушыға қояр басты талабы – оның "өз геройын көре білуге үйрену керектігі". Қаламгер өз қаһарманын суреттеп қана қоймай, онымен сырласып отырады. Кейіпкерімен сөйлесіп отырып, тек соның айтқанын ғана қағазға түсіреді. Бұл – суретшіге тән қылық. Мектеп директоры Қалматай ғана емес, ауылдан келген ақ көңіл, мылжың шал Ыбырай да, жатақ үйдегі жылпос, пысық Қадырхан да, сырты бүтін, іші түтін жұмбақ мұғалім Алматай да сырттай момын болғанымен, іштей ұшқындап, жанып жүретін аңғарымды Қомшабай да – бәрі өз ерекшеліктерімен көзге түсіп, өздеріне тән тілмен сөйлеп, өздерінше әрекет жасайды. Автор бұлардың әрқайсысын өзіндік көркемдік тәсілмен айқындайды.
Әркімнің түрін, тілін әлгідей даралай білген Қалихан Ысқақов адам психологиясын сипаттайтын кезде келесі қырын көрсетеді. Ол адамның ішкі сезім иірімдерін сыртқы құбылыстармен әсем астастырып, нәзік суреттей біледі. Сонымен, "Қоңыр күз" арқылы бізге Қалихан Ысқақов ерекше қырынан көрінді. Осының нәтижесінде "Қоңыр күз" адам басында болатын жастық шақтың біраз сырын суреттеген тартымды көркем шығарма деңгейіне көтерілді.
Ұқсас жазбалар:
«Қоңыр күз еді» повесі: Әңгімеде бейнеленген күз суреті
«Қоңыр күз еді» повесі: ауыл баласы Қасымның мектеп-интернатқа келіп оқуы
Ж. Исакаев